Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
ESTHER
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 2
Esth Kaz 2:1  Кейінірек ашуы басылғанда Ахасуер патша Астинді, оның не істегенін және оған қарсы шығарылған жарлықты есіне алды.
Esth Kaz 2:2  Сонда патшаның жеке қызметкерлері мынадай ұсыныс жасады: «Патша ағзамға арнап сұлу да пәк қыздарға іздеу салынсын.
Esth Kaz 2:3  Патша ағзам барлық аймақтарда арнаулы басқарушыларын тағайындап, бекіте көрсін. Олар сол сұлу да пәк қыздарды Сузы қорғанына әкелсін. Қыздар патшаның әйелдердің үстінен қарайтын сарай қызметкері Хегайдың қарамағындағы харемге жиналсын. Қыздар әрленуге арналған заттардың барлығымен қамтамасыз етілсін.
Esth Kaz 2:4  Сосын арулардың ішінен патшаға ұнаған қыз Астиннің орнына патшайым болсын!»Патша бұл ұсынысты мақұл көріп, жүзеге асыртты.
Esth Kaz 2:5  Сузы қорғанында Мардохай есімді яһуди ер адам тұратын. Мардохай Бунямин руынан шыққан Жайырдың ұлы, Шимейдің әрі Қиштың ұрпағы болатын.
Esth Kaz 2:6  Кезінде Бабыл патшасы Набуходоносор Иерусалимді жаулап алып, Яһуда патшасы Ехонияхпен бірге жер аударып әкеткен халықтың арасында Мардохайдың отбасы да бар болған еді.
Esth Kaz 2:7  Мардохайдың қолында оның бір ағасының Хадаса есімді қызы болды. Хадаса Естер («Жұлдыз») деп те аталатын. Қыздың дене бітімі сымбатты, бет-әлпеті өте сұлу еді. Әке-шешесі қайтыс болғаннан кейін, Мардохай оны өз қызындай тәрбиелеп өсірді.
Esth Kaz 2:8  Патшаның әмірі жарияланғанда, Естер де көптеген басқа қыздармен бірге Сузы қорғанындағы патша сарайына әкелініп, харемнің бастығы Хегайдың қарамағына тапсырылды.
Esth Kaz 2:9  Естер Хегайға ұнап, оның мейіріміне бөленді. Хегай қызды әрленуге арналған иісмайлармен және арнайы тағамдармен дереу қамтамасыз етті. Ол, сондай-ақ, Естерге патша сарайынан таңдалған жеті қызметші қызды қосып беріп, оларды патшаның хареміндегі ең жақсы орынға көшіріп орналастырды.
Esth Kaz 2:10  Естер өз ұлты мен ата-тегі жайлы ешкімге тіс жармады. Себебі Мардохай оған солай істеуге тыйым салған еді.
Esth Kaz 2:11  Мардохай Естердің хал-жағдайын және оған не болып жатқанын білу үшін күн сайын харемнің ауласының маңайында әрлі-берлі жүретін.
Esth Kaz 2:12  Әрбір қыз Ахасуер патшаның алдына бару кезегі келмес бұрын әйелдерге арналған он екі айлық әрлену мерзімінен өтетін. Сол мерзім алты ай бойы мүр майымен сылану, келесі алты ай бойы иіссулар мен әрлендіретін иісмайларды жағу кезеңдерінен тұратын.
Esth Kaz 2:13  Қыздың патшаның алдына баратын уақыты келгенде, харемнен патша сарайына алып кеткісі келген нәрселерінің бәрі де оған берілетін.
Esth Kaz 2:14  Қыз патшаға кешке келетін де, таңертең екінші харемге апарылатын. Сол жерде ол патшаның кәнизактарының үстінен қарайтын сарай қызметкері Шағашқаздың қарамағында болатын. Патша оны ұнатып, атын атап өзіне қайта шақырмаса, ол бұдан былай патшаға қайтып әкелінбейтін.
Esth Kaz 2:15  Естер Мардохайдың ағасы Әбихаилдің қызы еді. Мардохай оны асырап алған болатын. Енді Естердің патшаның алдына баратын кезегі келгенде, ол патша харемінің үстінен қарайтын сарай қызметкері Хегайдың ақыл-кеңесіне мойынсұнды. Осылай Естер өзімен бірге алып кетуге оның ұсынған нәрселерінен басқа ештеңені сұраған жоқ. Ал Естерді көргеннің бәрі оған риза болды.
Esth Kaz 2:16  Естер Ахасуер патша билік құрған жетінші жылдың оныншы (яғни тебет) айында патша сарайына апарылды.
Esth Kaz 2:17  Патша басқа барлық қыздардан гөрі Естерді қатты ұнатты. Оған өзгелерге қарағанда көбірек риза болып, сүйсінгені сонша, басына патшалық тәж кигізіп, оны Астиннің орнына патшайым етті.
Esth Kaz 2:18  Содан патша барлық әміршілері мен қызметкерлеріне арнап үлкен қонақасы беріп, Естердің тойын жасады. Ол, сондай-ақ, аймақтарға демалыс күнін жариялатып, патшалық жомарттықпен сыйлықтар үлестірді.
Esth Kaz 2:19  Қыздар екінші харемге әкелініп жиналған кезде, Мардохай патша сарайының қақпасында қызмет ететін болды.
Esth Kaz 2:20  Естер өзінің ата-тегі мен ұлтын Мардохайдың ескертуімен бұдан былай да ешкімге ашпады. Ол бұрын Мардохайдың қолында тұрған кезінде де оның айтқанын екі етпейтін.
Esth Kaz 2:21  Мардохай патша қақпасында қызмет етіп жүрген сол күндердің бірінде кіреберісті күзететін екі сарай қызметкері бірдеңеге патшаға өкпелеп ашуланып қалды. Олардың есімдері Бигтана және Тәреш болатын. Содан екеуі Ахасуер патшаның көзін құртуды ойластырды.
Esth Kaz 2:22  Осы туралы Мардохай біліп қойып, оны Естер патшайымға хабарлады. Ал Естер бұл жайтты Мардохайдың атынан патшаның өзіне жеткізді.
Esth Kaz 2:23  Істің мән-жайы тексерілгенде расталып, екі қылмыскер дарға асылды. Бүкіл оқиға туралы баяндама патшаның көз алдында ресми жылнама кітабына жазылып енгізілді.