Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
ESTHER
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 5
Esth Kaz 5:1  Үшінші күні Естер патшалық киімін киіп, патша сарайының ішкі ауласына, патша отыратын кең бөлменің алдына келіп тұрды. Патша сондағы өз тағында, кіреберіске қарама-қарсы төрде отырған еді. Аулада тұрған Естер патшайымды көре салысымен, патша оның келгеніне риза болып,
Esth Kaz 5:2  қолындағы алтын асатаяғын оған қарай созды. Естер патшаға жақындап келді де, асатаяқтың ұшына қолын тигізді.
Esth Kaz 5:3  Патша оған тіл қатып былай деді:— Саған не керек, Естер патшайым? Қандай өтінішің бар? Патшалықтың жартысы болса да, саған беріледі! —
Esth Kaz 5:4  Естер:— Егер патша ағзам мақұл көрсе, бүгін Хаманды ертіп өзіне арналып дайындалған қонақасына келсе екен, — деп жауап берді.
Esth Kaz 5:5  Патша:— Естердің өтінішін орындау үшін, Хаманды дереу осында жеткізіңдер! — деп бұйырды. Содан патша мен Хаман Естердің дайындаған қонақасына барды.
Esth Kaz 5:6  Олар шарап ішіп отырғанда, патша Естерге сауал қойып:— Тілегің қандай? Ол орындалады. Қандай өтінішің бар? Патшалықтың жартысы болса да, саған беріледі! — деді.
Esth Kaz 5:7  Естер былай деп жауап берді:— Менің тілегім мен өтінішім мынау:
Esth Kaz 5:8  Егер маған патша ағзамның мейірімі түсіп, тілегімді беріп, өтінішімді орындауды мақұл көрсе, патшам Хаманды ертіп мен ертең оларға дайындайтын қонақасына келсе екен. Патша ағзамның қойған сұрағына жауабымды сонда беремін.
Esth Kaz 5:9  Хаман сол күні қонақасынан мәз болып, көтеріңкі көңілмен шықты. Алайда патша сарайының қақпасында Мардохайдың не орнынан тұрып құрмет көрсетпегенін, не қорқыныш та танытпағанын байқағанда, Хаманды қаһар кернеді.
Esth Kaz 5:10  Әйтсе де Хаман өзін-өзі ұстап, үйіне барды. Сонда достары мен әйелі Зерешті шақырып алып,
Esth Kaz 5:11  оларға өзінің байлығының қандай ауқымды әрі ұлдарының сонша көп екенін айтып бөсті. Хаман, сондай-ақ, өзінің дәрежесін өсірген патшаның бүкіл әрекеттерін де, өзін басқа әміршілер мен қызметкерлерден қалай жоғарылатқанын да атап мақтанды.
Esth Kaz 5:12  Мұнан кейін Хаман:— Тіпті Естер патшайым да өзі дайындаған қонақасына патшамен бірге жалғыз мені шақырды. Ертеңгі қонақасына да ол патшамен бірге тек мені ғана шақырды!
Esth Kaz 5:13  Алайда мен яһуди Мардохайдың сарай қақпасының маңында отырғанын әлі де көргенде, соның бәріне көңілім толмайды, — деп жүрек сырын ақтарды.
Esth Kaz 5:14  Әйелі Зереш пен барлық достары Хаманға:— Онда биіктігі елу шынтақ дар ағашын құрғызыңыз. Таңертең патшадан Мардохайды дарға асуды сұраңыз. Содан соң қуана патшамен бірге тойға бара бересіз, — деп ұсынды. Бұл ұсыныс Хаманға ұнап, ол дар ағашын дайындатқызып қойды.