NEHEMIAH
Chapter 8
Nehe | Kaz | 8:1 | Күздің басы — жетінші ай басталғанда бүкіл халық бір адамдай Су қақпасының алдындағы алаңға жиналып келді. Олар дін мұғалімі Езрадан Жаратқан Иенің Мұса арқылы Исраилге табыстаған Таурат заңының шиыршық кітабын әкелуін өтінді. | |
Nehe | Kaz | 8:2 | Сонда діни қызметкер Езра Таурат заңын бүкіл жамағаттың алдына алып шықты. Жиналғандар еркектер мен әйелдер және тыңдап, оқылғанды түсіне алатын балалар болды. Бұл жетінші айдың бірінші күні болатын. | |
Nehe | Kaz | 8:3 | Езра Су қақпасының алдындағы алаңда жиналған бүкіл жамағатқа Таурат кітабын күн шыққан кезден бастап, түске дейін дауыстап оқып берді. Халықтың бәрі Таураттың сөздерін құлақ түріп тыңдап тұрды. | |
Nehe | Kaz | 8:4 | Дін мұғалімі Езра осы оқиғаға орай жасалған биік ағаш мінбенің үстіне шығып тұрған еді. Оның оң жағында Маттатия, Шема, Анаях, Ұрия, Хелкия, Мағасиях, сол жағында Педаях, Мишайл, Малқиях, Хашум, Хаш-Бадана, Зәкәрия, Мешулам болды. | |
Nehe | Kaz | 8:5 | Биік мінбеде тұрған Езра шиыршық кітабын бүкіл халықтың көз алдында ашқан кезде жұрттың бәрі орындарынан түрегелді. | |
Nehe | Kaz | 8:6 | Езра Жаратқан Иені, ұлы Құдайды, дәріптеп мадақтады. Бүкіл халық қолдарын жоғары қарай көтеріп: «Аумин! Аумин!» — деп жауап берді. Содан олар бастарын жерге дейін тигізе иіліп Жаратқан Иеге тағзым етті. | |
Nehe | Kaz | 8:7 | Бұдан кейін Ешуа, Бани, Шеребиях, Ямин, Ақуб, Шабтай, Ходия, Мағасиях, Келита, Азариях, Жозабад, Ханан және Пелаях есімді леуіліктер сол жерде тұрған халыққа Таурат заңын түсіндіріп берді. | |
Nehe | Kaz | 8:8 | Олар Құдайдың Таурат кітабынан дауыстап анық оқып, соған түсіндірмелерін қосты. Осылайша халық оқылғандарды жақсы ұғып алды. | |
Nehe | Kaz | 8:9 | Халық Таурат заңының сөздерін тыңдап тұрғанда еңіреп жылай берді. Ал аймақ әкімі Нехемия, діни қызметкер әрі дін мұғалімі Езра және халыққа тәлім беріп жатқан леуіліктер оларға: «Бұл күн — Құдайларың Жаратқан Иеге бағышталған қасиетті күн. Бүгін қайғырып жыламаңдар!» — деп ескертті. | |
Nehe | Kaz | 8:10 | Нехемия: «Осымен барыңдар, дәмді тамақ жеп, тәтті сусын ішіңдер! Мерекелік ас дайындамағандарға үлестерін беріп жіберіңдер! Өйткені бүгінгі күн — Иемізге бағышталған қасиетті күн. Сонымен қайғырмаңдар! Себебі Жаратқан Иеге деген қуаныштарың сендерге күш-қуат беріп, паналарың болады!» — деп қосты. | |
Nehe | Kaz | 8:11 | Леуіліктер де: «Тыныш болып, жыламаңдар! Өйткені бүгінгі күн — қасиетті күн», — деп халықты тыныштандырды. | |
Nehe | Kaz | 8:12 | Содан бүкіл халық тарап кетті. Олар ішіп-жеп, мұқтаждарға сый тамақ жіберіп, зор қуанышқа бөленді. Себебі олар өздеріне түсіндірілген сөздерді енді жақсылап ұғып алды. | |
Nehe | Kaz | 8:13 | Мейрамның екінші күні бүкіл халықтың әулет басылары діни қызметкерлермен, леуіліктермен бірге Таурат заңында жазылғандарды тереңірек ұғынбақ болып, дін мұғалімі Езраның қасына жиналды. | |
Nehe | Kaz | 8:14 | Олар Жаратқан Иенің халыққа Мұса арқылы тапсырған Таурат заңында жетінші айдағы (Күркелер) мейрамы кезінде исраилдіктердің күркелерде тұруы керектігі туралы жазылғанын тапты. | |
Nehe | Kaz | 8:15 | Сондықтан олар тұрып жатқан барлық қалаларында және Иерусалимде: «Қыраттарға шығып, сол жақтан зәйтүн, жабайы зәйтүн, мирта, құрма және басқа да жапырақты ағаштардың бұтақшаларын жинап алып келіңдер! Солардан Тауратта жазылған ережеге сай күрке жасаңдар!» — деген жарлықты жариялады. | |
Nehe | Kaz | 8:16 | Сонда халық далаға шығып кетті де, бұтақшалар әкеліп, өз үйлерінің жалпақ төбесінде не ауласында, Құдайдың киелі үйінің аулаларында және Су қақпасы мен Ефрем қақпасының маңындағы алаңдарда күркелер жасады. | |
Nehe | Kaz | 8:17 | Жер аударылудан қайтып келгендердің бүкіл қауымы күркелер жасап, соларда тұрды. Нұн ұлы Ешуаның заманынан бері исраилдіктер осы мейрамды бұлайша өткізбеген еді. Сондықтан халық зор қуанышқа кенелді. | |