Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
NEHEMIAH
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 5
Nehe Kaz 5:1  Сол кездері халықтың көп адамдары әйелдерімен бірге ауқатты яһуди ұлттастарының үстінен шағымданып айқай салды.
Nehe Kaz 5:2  Кейбіреулері:— Ұл-қыздарымыз бар біздер көп адамбыз. Аштан өлмей тірі қалуымыз үшін бізге астық алу қажет! — десе,
Nehe Kaz 5:3  тағы біреулері:— Ашаршылық кезінде біз нанымызды тауып жеу үшін өз егістіктеріміз бен жүзімдіктерімізді және үй-жайларымызды кепілдікке беруге мәжбүр болдық! — деп наразылық білдірді. —
Nehe Kaz 5:4  Патшаның алым-салығын төлеу үшін де егістіктер мен жүзімдіктерімізді несие берушілерге кепілдікке табыстауға мәжбүр болдық.
Nehe Kaz 5:5  Ата-тегіміз солардікі сияқты біз де яһудилерміз, балаларымыз да олардікінен еш кем емес! Әйтсе де біз ұл-қыздарымызды оларға басыбайлы қызметшілікке сатуға мәжбүрміз. Кейбір қыздарымыз қазірдің өзінде солардың уысында! Бірақ істейтін шарамыз жоқ, өйткені егістіктеріміз бен жүзімдіктеріміз басқалардың иелігінде!
Nehe Kaz 5:6  Олардың осылай шағымданып айқайлағандарын естігенде қатты ашуландым.
Nehe Kaz 5:7  Мен сол туралы біраз ойланып-толғанғаннан кейін жетекшілер мен қызметкерлерді сөгіп, оларға:— Сендер берген қарыздарыңнан өсім талап етіп, әрқайсыларың тіпті исраилдік бауырластарыңа солай істейді екенсіңдер! — деп наразылық білдірдім. Содан соң мен осы мәселе жайлы жұртты үлкен жиналысқа шақырдым.
Nehe Kaz 5:8  Жиналыста ауқаттыларға былай дедім:— Біз қолымыздан келгенше, бөтен халықтарға құлдыққа сатылып кеткен яһуди ағайындарымызды құндарын төлеп босатып алып жүрміз. Бірақ сендер, керісінше, өз ағайындарыңды құлдыққа сатып жүрсіңдер! Сонда біздің оларды қайтадан құндарын төлеп босатуымыз керек дейсіңдер ме?!Олар бұған қарсы айтатын сөз таба алмай, үнсіз қалды.
Nehe Kaz 5:9  Мен оларға тағы былай да дедім:— Бұлай істейтіндерің еш дұрыс емес! Дұшпандарымыз — сол бөтен халықтардың мазағына ілінбеуіміз үшін сендердің Құдайды терең қастерлеп, соған сай іс-әрекет жасауларың қажет емес пе?
Nehe Kaz 5:10  Мен өзім де, ағайындарым мен қызметшілерім де оларға қарызға күміс және астық беріп келеміз. Бұдан былай өсім алу дегенді қояйық!
Nehe Kaz 5:11  Сонымен қатар сендер қазір, бүгін-ақ, оларға егістіктері мен жүзімдіктерін, зәйтүн бақтары мен үй-жайларын қайтарып беріңдер! Сондай-ақ, қарызға берген күмістеріңнен, астық, жүзім шырыны және зәйтүн майларыңнан өсім ретінде алған жүзден бір бөлікті де өздеріне қайтарып беріңдер! —
Nehe Kaz 5:12  Олар:— Бәрін де өздеріне қайтарып береміз, енді ештеңе талап етпейміз. Сіз қалай айтсаңыз, солай істейміз! — деп уәде етті.Сонда мен діни қызметкерлерді шақырып алып, солардың алдында жетекшілер мен қызметкерлерге уәделерінде тұратыны туралы ант бергіздім.
Nehe Kaz 5:13  Мен шапанымның өңірін олардың көзінше қағып: «Өзінің уәдесінде тұрмайтын адамды Құдай да осылай өз үй-жайынан қақсын! Иә, сондай адам дәл осылай қағылып, түгі қалмасын!» — деп нық айттым. Бұған бүкіл жиналған жамағат: «Аумин!» — деп келісіп, Жаратқан Иені мадақтады. Бұдан былай халық берген сөзіне сәйкес әрекет ететін болды.
Nehe Kaz 5:14  Яһуда елінің әкімі болып тағайындалған уақытымнан, яғни Артақсерікс патшаның билік құрған жиырмасыншы жылынан бастап, отыз екінші жылына дейінгі он екі жыл бойы, менің өзім де, ағайындарым да әміршіге халықтан тиесілі азық-түлікпен тамақтанған жоқпыз.
Nehe Kaz 5:15  Менен бұрын болған аймақ әміршілері халыққа алым-салықтың ауыр жүгін артқан еді. Олардан қырық мысқал күміс болатын салықтың үстіне тағы астық пен шарап талап ететін. Олардың қызметкерлері де халыққа үстемдік жасап, қанаушылықпен айналысты. Бірақ мен Құдайды терең қастерлейтіндіктен бұндай іс-әрекетпен шұғылданбадым.
Nehe Kaz 5:16  Қайта, мен қала қабырғасын салуды қолдадым. Өзіме ешбір егістік жер сатып алмадым. Барлық қызметші жігіттерім қабырға басында жиналып, жұмысқа қатысты.
Nehe Kaz 5:17  Айналамыздағы халықтардан келген қонақтарды санамағанда, мен жүз елу яһуди елдестерім мен қызметкерлерді өз дастарқанымнан тамақтандырып жүрдім.
Nehe Kaz 5:18  Бір күннің тамағына бір өгіз бен таңдаулы алты қой-ешкі әрі бірнеше құс сойылып, дайындалатын. Он күнде бір рет әр түрлі ашытылған сусындардан да тұрағыма молынан әкелінетін. Осының бәріне қарамастан мен аймақ әміршісі ретінде маған тиесілі азық-түлікті елдің халқынан талап етпедім. Өйткені олардың мойнындағы жүк онсыз да ауыр болатын.
Nehe Kaz 5:19  «Уа, Құдайым, осы халыққа жасаған қызметімді менің игілігіме ескере гөр!»