Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
REVELATION OF JOHN
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 10
Reve Kaz 10:1  Мұнан кейін көктен түсіп келе жатқан басқа бір күшті періштені көрдім. Ол бұлтқа оранған еді, ал басының үстінде кемпірқосағы бар болатын. Беті күндей жарқырап, ал аяқтары от бағанасына ұқсады.
Reve Kaz 10:2  Періште қолына жазуы бар, ашылған кітапшаны ұстап тұрды. Содан ол оң аяғын теңіз бетіне, сол аяғын құрлық үстіне қойып,
Reve Kaz 10:3  арыстанның ақырғанындай қатты айқайлады. Ол айқайлағанда, (Құдайдың тағындағы) жеті күн күркірі үн қатып сөйледі.
Reve Kaz 10:4  Олар сөйлеп жатқанда, мен айтқандарын жазып алмақшы болдым. Алайда көктен маған: «Жеті күн күркірінің айтқандарын жазба. Оларды жауып тастап, мөр басып бекіткендей құпия сақта!» — деген дауысты естідім.
Reve Kaz 10:5  Содан кейін мен бір аяғымен теңізде, бір аяғымен құрлықта тұрғанын көрген періште оң қолын көкке қарай көтерді.
Reve Kaz 10:6  Ол аспан мен жерді, теңізді және олардағы барлық нәрселерді жаратқан, мәңгі тірі Тәңір Иенің атымен ант беріп, былай деді: «Енді еш кешеуілсіз,
Reve Kaz 10:7  жетінші періште кернейін тартып, белгі берген кезде Құдайдың құпия жоспары жүзеге асады! Бұл Оның өз қызметшілері — пайғамбарларына алдын ала хабарлағанындай болмақ».
Reve Kaz 10:8  Мен бұрын көктен естіген дауыс маған қайтадан тіл қатып: «Барып, теңіз бен құрлықта тұрған періштенің оң қолындағы ашылған кітапшаны ал», — деді.
Reve Kaz 10:9  Сонда мен періштеге барып, одан кітапшасын беруін өтіндім. Ол маған: «Ал да, жеп қой. Ол қарныңа барғанда ащы, ал аузыңда балдай тәтті болады», — деді.
Reve Kaz 10:10  Мен періштенің қолынан кітапшаны алып, жеп қойдым. Аузымда ол маған балдай тәтті болса, жұтқаннан кейін ішімді қуырды.
Reve Kaz 10:11  Мұнан соң маған: «Сен тағы да Құдайдың көптеген халықтар, ұлттар, тілдер және патшалар туралы хабарын жариялауға тиіссің», — деген тапсырма берілді.