Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
REVELATION OF JOHN
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 16
Reve Kaz 16:1  Сонда мен киелі үйден шыққан бір қатты дауыстың жеті періштеге: «Барыңдар да, Құдайдың қаһарына толы жеті тостағанды жер бетіне төгіп жіберіңдер!» — деп тапсырғанын естідім.
Reve Kaz 16:2  Біріншісі барып, тостағандағысын жерге төгіп жіберді. Сонда айуанның таңбасын қабылдап, оның мүсініне табынғандарда жиренішті де азапты, іріңді жаралар пайда болды.
Reve Kaz 16:3  Екінші періште тостағандағысын теңізге құйып жібергенде, оның суы өлген адамның қанындай қоюланды. Теңіздегі күллі тіршілік иелері өліп қалды.
Reve Kaz 16:4  Үшіншісі тостағандағысын өзендер мен су көздеріне төгіп жібергенде, олар қанға айналды.
Reve Kaz 16:5  Су атаулыға өктемдік жүргізетін періштенің былай дегенін естідім:«Уа, әрдайым бар және мәңгі болып келген қасиетті Жаратқан Ие, Сен әділсің! Сенің шығарған осы үкімдерің де әділ!
Reve Kaz 16:6  Сол адамдар Сенің халқыңның және пайғамбарларыңның қанын төккендіктен, оларға қан ішкіздің. Соларға осы лайық».
Reve Kaz 16:7  Сонда мен түтету үстелі жағынан былай деген дауысты естідім: «Иә, Құдай Ие — бүкіл әлемнің Билеушісі, Сенің үкімдерің әділ де шынайы!»
Reve Kaz 16:8  Ал төртінші періште тостағандағысын күнге төккенде, күн отты қызуымен адамдарды күйдіретін болды.
Reve Kaz 16:9  Олар қатты аптапқа күйіп, осы пәлелерге билік жүргізетін Құдайдың атына тіл тигізді. Бірақ олар өкініп, теріс жолдарынан қайтпады, әрі Тәңір Иені даңқтап, Оған лайықты құрмет көрсетпеді.
Reve Kaz 16:10  Енді бесінші періште тостағандағысын айуанның тағына құйып жібергенде, оның патшалығын қараңғылық басты. Адамдар аурудан қатты қиналып, тілдерін тістеді.
Reve Kaz 16:11  Алайда олар өздерінің жаман қылықтарына өкініп, қайтпады; керісінше, аурулары мен іріңді жараларына бола көктегі Құдайға тіл тигізді.
Reve Kaz 16:12  Алтыншы періште тостағандағысын ұлы Евфрат өзеніне құйып жіберді. Сонда өзен кеуіп қалып, осылайша шығыстан келетін патшаларға жол дайындалды.
Reve Kaz 16:13  Мұнан соң құрбақаға ұқсаған үш жынды көрдім. Олар айдаһардың, айуанның және жалған пайғамбардың ауыздарынан шықты.
Reve Kaz 16:14  Үшеуі де — жындардың рухтары. Олар ғажап істер істеп, құдіреттерін көрсетеді. Олар бүкіл жер бетін аралап, күнәкар дүниенің күллі патшаларын Тәңір Иеге қарсы шайқасуға жинап әкеледі. Бұл шайқас Әлемнің Әміршісі — Құдайдың ұлы соты күні болады.
Reve Kaz 16:15  (Мәсіх былай дейді:) «Тыңда, Мен ұрының қапыда түсетініндей күтпеген кезде келемін! Жалаңаш қалып, жұрт алдында ұятқа қалмау үшін сергек болып, (кіршіксіз пәк) киімдерін дайын сақтағандар бақытты!»
Reve Kaz 16:16  Әлгі үш жын патшалардың бәрін еврейше Һар-Магедон деп аталатын жерге алып келді.
Reve Kaz 16:17  Жетінші періште тостағандағысын ауаға төккенде, киелі үйдегі тақтан «Орындалды!» — деген қатты дауыс шықты.
Reve Kaz 16:18  Сонда найзағай жарқылдап, мықты гүріл естіліп, күн күркіреп, жер қатты сілкінді. Адамзат дүниеде өмір сүргелі ешқашан мұндай жер сілкінісі болып көрмеген еді: бұл барлығынан да қатты жер сілкінісі болды.
Reve Kaz 16:19  Содан ұлы қала үшке бөлініп, басқа халықтардың қалалары да қирап қалды. Осылай ұлы Бабыл Құдай алдында ескеріліп, қала Құдайдың «тостағанынан» — Оның қатты ашуы мен қаһарын білдіретін «шарабынан» ішуге мәжбүр етілді.
Reve Kaz 16:20  Барлық аралдар «қашып», ғайып болып, таулар жермен-жексен болды.
Reve Kaz 16:21  Аспаннан адамдардың үстіне салмағы жүз қадақтай дәу тастар жауды. Сонда да адамдар сол ғаламат қорқынышты пәле, яғни тас бұршақ жаудырғаны, үшін Құдайды балағаттап, тілдеді.