Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
REVELATION OF JOHN
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 14
Reve Kaz 14:1  Мұнан кейін қарасам, (Иерусалимдегі) Сион төбесінде тұрған Тоқтыны және Оның қасында маңдайларында Тоқтының және Оның Әкесінің аттары жазылған жүз қырық төрт мың адамды көрдім.
Reve Kaz 14:2  Сонда мен сарылдап аққан көп судың даусындай, күннің қатты күркіріндей, көктен шыққан бір дыбысты естідім. Ол жетігенде ойнаған күйшілердің әсем сазындай еді.
Reve Kaz 14:3  Тақ алдында және төрт нөкер мен ақсақалдардың алдында жаңа ән айтылды. Оны күнәларының құны өтеліп, күнәкар дүниеден азат етілген жүз қырық төрт мың адам ғана үйрене алды.
Reve Kaz 14:4  Олар Иемізге деген адалдықтарын бұзбай, өздерін пәк ұстаған еді. Тоқты қайда бармасын, олар Оған еріп жүреді. Бұлар — Құдайға және Тоқтыға бағышталған алғашқы сый-тарту. Олар адамзат арасынан төлемдері өтеліп, азат етілгендер еді;
Reve Kaz 14:5  ауыздарынан арам сөз шықпайтын, олар мінсіз.
Reve Kaz 14:6  Мұнан кейін мен аспанның биігінде ұшып бара жатқан ерекше бір періштені көрдім. Ол жер бетінде Құдайға мойынсұнбай тұратын әрбір халыққа, руға, тілге және ұлтқа қарсы Құдайдың мәңгілік жеңісі туралы Ізгі хабарды жариялады.
Reve Kaz 14:7  Сол ерекше періште қатты дауыспен:— Құдайды терең қастерлеп, даңқтаңдар, Оның ұлылығын дәріптеп мадақтаңдар! Себебі Оның адамзатты соттайтын уақыты туды. Көк пен жерді, теңіз бен су көздерін жаратқан Құдайға бас ұрып ғибадат етіңдер! — деп жар салды.
Reve Kaz 14:8  Екінші ерекше періште оған ілесіп мынаны хабарлады:— Ол құлады: Ұлы Бабыл қаласы құлады! Ол күллі халықтарға өзінің жынды қылатын «азғындығының шарабынан ішкізіп» келді! —
Reve Kaz 14:9  Алдыңғы екеуіне тағы үшінші ерекше періште еріп, қатты дауыспен мынаны жариялады:— Айуанға және оның мүсініне құлшылық етіп, өздерінің маңдайына не қолына оның таңбасын қабылдаған
Reve Kaz 14:10  бәрі де Құдайдың ашу-ызасының «шарабынан ішуге» тиісті болады! Осы «шарап» Құдайдың қаһарының «тостағанына» еш сумен араластырылмай таза күйінде құйылды. Сол адамдар Құдайдың қасиетті періштелері мен Тоқтының алдында сотталып, күкіртпен жанып тұрған отта азапталмақ.
Reve Kaz 14:11  Олардың азабының түтіні мәңгі шығып жатпақ. Айуанға және оның мүсініне табынып және айуанның есімінің таңбасын қабылдағандарға күні-түні тыным болмайды.
Reve Kaz 14:12  Мұнда Құдайдың халқы төзімділік көрсетсін! Олар Оның өсиеттерін орындап, Исаға деген сенімдерін берік ұстанулары керек.
Reve Kaz 14:13  Сол кезде мен көктен былай деген дауысты естідім:— Мынаны жаз: Бұдан былай Жаратқан Иемен тығыз байланыста болып қайтыс болғандар бақытты! — Киелі Рух соны бекітіп былай дейді:— Иә, олар өздерінің ауыр еңбегінен кейінгі демалыстың рақатын көрмек. Істеген игі істерінің жемісі олардан айырылмайды.
Reve Kaz 14:14  Содан соң қарасам, бір нұрлы бұлтты көрдім. Бұлттың үстінде адам баласына ұқсайтын Біреу отырды. Ол басына алтын тәж киіп, қолына өткір орақ ұстапты.
Reve Kaz 14:15  Мұнан кейін көктегі киелі үйден бір ерекше періште шығып, қатты дауыспен бұлттың үстінде отырған Билеушіге мынадай хабар жеткізді: «Орағыңды қолданып, егінді орып ала гөр. Жер бетіндегі егістік пісіп тұр, енді өнімді жинайтын уақыт болды».
Reve Kaz 14:16  Сонда бұлт үстінде отырған Билеуші жерге қарай орағын сілтеп қалғанда, жердегі өнім орыла кетті.
Reve Kaz 14:17  Көктегі киелі үйден тағы бір ерекше періште шықты. Ол да қолына өткір қол орақ ұстапты.
Reve Kaz 14:18  Сонда отқа өктемдік жүргізетін ерекше бір періште құрбандық үстелінің жанынан шыға келді. Ол өткір қол орағы бар періштеге қатты дауыспен: «Жердегі жүзім бұтасының шоқтарын өткір орағыңмен орып ал! Олар пісіп тұр», — деп айғайлады.
Reve Kaz 14:19  Періште қол орағын жерге сілтеп, жүзім бұтасының шоқтарын кесіп алып, жүзім шырынын сығып алатын үлкен шұңқырға салды. Бұл Құдайдың төгілетін зор қаһарын астарлап білдіреді.
Reve Kaz 14:20  Осылайша жүзім шоқтары қаланың сыртындағы сығу шұңқырында тапталды. Одан тереңдігі ат жалына жететін, ал ұзындығы үш жүз шақырымдай қан тасқыны ағып шықты.