Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
REVELATION OF JOHN
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 8
Reve Kaz 8:1  Тоқты жетінші мөрді бұзып ашқанда, көкте жарты сағат шамасында тыныштық орнады.
Reve Kaz 8:2  Бұдан кейін мен Құдай алдында тұрған жеті періштені көрдім, оларға жеті керней берілді.
Reve Kaz 8:3  Қолында хош иісті заттарды түтетуге арналған алтын табасы бар өзге бір періште келіп, түтету үстелінің жанына тұрды. Оған молынан хош иісті заттар берілді. Ол соларды Құдайдың бүкіл халқының айтқан мінажаттарымен бірге тақтың алдындағы алтын жалатқан түтету үстеліне Тәңір Иеге бағыштап қоюға тиіс еді.
Reve Kaz 8:4  Сонда хош иісті заттардың түтіні Құдай халқының мінажаттарымен бірге періштенің қолынан көтеріліп, Құдайдың алдына жетті.
Reve Kaz 8:5  Бұдан кейін періште хош иісті заттар салынған табаны алып, түтету үстелінен алынған шоққа толтырып, жерге лақтырып жіберді. Сонда күн күркіреп, жаңғырықты; найзағай жарқылдап, жер сілкінді.
Reve Kaz 8:6  Сол кезде қолдарында кернейлері бар жаңағы жеті періште соларын тартуға дайындалды.
Reve Kaz 8:7  Алғашқысы кернейлеткенде, қан аралас бұршақ пен от пайда болып, жерге жауды. Жер бетінің және ағаштардың үштен бір бөлігі мен көк шөптің бәрі де өртеніп, жанып кетті.
Reve Kaz 8:8  Екінші періште кернейлеткенде, жалындап жатқан зәулім таудай бір нәрсе теңізге лақтырылды. Теңіздің үштен бірі қанға айналып,
Reve Kaz 8:9  ондағы тіршілік иелерінің үштен бірі өліп, кемелердің де үштен бірі қирады.
Reve Kaz 8:10  Үшінші періште де кернейін тартты. Сонда аспаннан шырақ сияқты лаулаған зәулім жұлдыз өзендердің үштен бір бөлігіне және су көздеріне құлап түсті.
Reve Kaz 8:11  Сол жұлдыздың аты — жусан. Судың үштен бір бөлігі жусандай ащы болып, одан ішкен көптеген адамдар өліп қалды.
Reve Kaz 8:12  Төртінші періште кернейін тартқанда, күннің, айдың, жұлдыздардың үштен бір бөлігі зақымдалып, олардың үштен бірін қараңғылық басып, күннің үштен бір бөлігі түн іспетті қара түнекке айналды.
Reve Kaz 8:13  Мұнан кейін қарасам, аспанда ұшып жүрген бір бүркітті көріп, оның қатты дауыспен: «Қасірет, қасірет! Қалған үш періште кернейлерін тартқанда, күнәкар дүниеде өмір сүргендердің қасіреті қандай болмақ!» — деп ескерткенін естідім.