Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
ZECHARIAH
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 13
Zech Kaz 13:1  «Сол күні Дәуіттің әулеті мен Иерусалимнің тұрғындарына оларды күнә мен арамдықтан тазартатын қайнар көз ашылады».
Zech Kaz 13:2  Әлемнің Иесі тағы мынаны жариялайды: «Сол күні Мен елдегі жалған тәңір аттарын өшіремін. Оларды енді қайтып ешкім есіне алмайтын болады. Мен, сондай-ақ, елден жалған пайғамбарларды да, арамдықтың рухын да аластатамын.
Zech Kaz 13:3  Егер қайтадан бір пайғамбар пайда болса, туған әке-шешесі оған: «Жаратқан Иеден келген хабар деп өтірік айтып жүргендіктен сен өлуге тиіссің!» деп сақтандырады. Ал егер жалған пайғамбарлық сөз айтып тұрса, әке-шешесі оны түйреп өлтіреді.
Zech Kaz 13:4  Сол күні адамдар аян көріп, жалған пайғамбарлық сөз айтудан ұялатын болады. Ешкім де енді қайтып жұртты алдау үшін пайғамбардың түйе жүн шапанын кимейтін болады.
Zech Kaz 13:5  Керісінше, әрқайсысы: «Жоқ, мен пайғамбар емеспін, жер өңдеуші диқанмын. Жастайымнан басқа адам үшін жер өңдеп келемін!» дейтін болады.
Zech Kaz 13:6  Егер біреу одан: «Мына көкірегіңдегі не қылған жарақаттар?» деп сұраса, ол: «Бұл жарақаттар маған өз достарымның үйінде салынды», деп жауап береді».
Zech Kaz 13:7  — Ей, семсер, Менің бақташыма, өз серігіме, қарсы шық! — дейді Әлемнің Иесі. — Бақташыны ұрып өлтір, сонда отарындағы қойлары бытырап кетеді. Мен төлдеріне де қол жұмсаймын.
Zech Kaz 13:8  Жаратқан Ие тағы мынаны айтады: Бүкіл елде халықтың үштен екісі соққы жеп қырылады, ал үштен бірі тірі қалады.
Zech Kaz 13:9  Мен осы үштен бір бөлікті отқа салып, күмісті балқытып тазалағандай тазартамын, әрі алтынды отта сынағандай сынаймын. Олар Менің атымды атап Маған дұға етеді. Сонда оларға жауап беремін. Мен: «Бұл — Менің халқым», — деп, олар: «Жаратқан Ие — біздің Құдайымыз», — дейтін болады.