Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
ZECHARIAH
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 9
Zech Kaz 9:1  Жаратқан Иенің мына ауыр хабары Арама еліндегі Хадрах аймағына, әсіресе Дамаск қаласына, қарсы айтылды. Себебі бүкіл адамзаттың және Исраилдің барлық руларының көздері Жаратқан Иеге қарайды.
Zech Kaz 9:2  Дамаскімен шекаралас Хамат та, Тир мен Сидон да қанша дана болғандарымен Жаратқан Иенің ауыр айыптау сөзі соларға да қарсы айтылды.
Zech Kaz 9:3  Тир өзіне қорған салып, күмісті шаң-тозаңдай, алтынды даладағы саз балшықтай үйіп жинап алды.
Zech Kaz 9:4  Бірақ енді Тәңір Ие оның дәулетін тартып алып, байлығын теңізге лақтырады, қалғанының бәрін от жалмайды.
Zech Kaz 9:5  Ашқалон қаласы Тирдің қирағанын көріп, зәресі ұшады. Газа да қорыққанынан бүрісіп қалады, үміті үзілген Әкрон да осылай қысылып қиналмақ. Газа патшасынан айырылып, Ашқалон қаңырап бос қалады.
Zech Kaz 9:6  Азот қаласын жат жұрттық келімсектер мекендейтін болады. Філістір елінің өркөкіректігін Мен осылайша жоямын.
Zech Kaz 9:7  Мен оларды ет жегенде қанымен қосып жемейтіндей қыламын, арам деп белгіленген басқа тағамдарды да жегізбеймін. Тірі қалғандары біздің Құдайымызға бағышталып, халқымның бөлігіне айналып, Яһуда руының бір атасы болып саналады. Бұрынырақта ебустіктер сияқты, әкрондықтар да Исраил халқына қосылып сіңіп кетеді.
Zech Kaz 9:8  Мен киелі үйімді айналдыра күзетіп, келіп-кетіп жүрген тонаушы топтардан қорғаймын. Өзім оны бақылап тұрғандықтан, енді зорлықшыл жау халқымның елінен өте алмайтын болады.
Zech Kaz 9:9  Уа, Сион халқы, қатты қуан! Уа, Иерусалим халқы, шаттана ән шырқа! Қара, сенің Патшаң саған келе жатыр! Ол — әділ Құтқарушы, кішіпейілділікпен есекке мініп алып, тайқардың, бір жас есектің, үстінде отыр.
Zech Kaz 9:10  Мен Солтүстік Исраилден соғыс күймелерін, Иерусалимнен де атты әскерді аластатамын. Соғыс садақтары сындырылады. Сол Патша барлық халықтарға тыныштық жариялайды. Ол билігін теңізден теңізге дейін, үлкен Евфрат өзенінен жердің шетіне дейін жүргізеді.
Zech Kaz 9:11  Мен сендермен Келісім жасап, ол шалынған құрбандықтың қанымен бекітілген болатын. Сол үшін Мен тұтқындарыңды сусыз құдық іспетті (Бабыл еліндегі) зындандардан құтқарып аламын.
Zech Kaz 9:12  Уа, күдері үзілмеген тұтқындар, қауіпсіз қорғандарыңа қайта оралыңдар! Жоғалтқандарыңды сендерге екі есе қылып қайтарамын деп бүгін уәде беріп отырмын.
Zech Kaz 9:13  Мен Яһуданы соғыс садағы, Солтүстік Исраилді жебе ретінде қолданамын. Уа, Сион, Мен сенің ұлдарыңды грек елінің ұлдарына қарсы көтеріп, семсер ретінде пайдаланамын!
Zech Kaz 9:14  Сонда өз халқының үстінен Жаратқан Ие пайда болып, Оның жебелері найзағайдай атылатын болады. Жаратушы Тәңір Ие кернейдей қатты дауыс шығарып, оңтүстіктегі иен даладан соққан дауылдай жауға бас салады.
Zech Kaz 9:15  Әлемнің Иесі өз халқын жан-жақтан қорғайтын болады. Олар дәу сақпан тастарымен жауларын ойрандап талқандайды. Шайқаста олар қызып алғандай айқайлайды. Олар (қан бүркуге арналған) тостағандай, әрі құрбандық үстелінің мүйіз тәрізді бұрыштарындай, қанға малынатын болады.
Zech Kaz 9:16  Сол күні олардың Құдайы Жаратқан Ие Өзінің бағып жүрген отары іспетті меншікті халқын құтқарып алады. Олар Оның жерінде тәждің асыл тастары сияқтанып жалт-жұлт етіп тұрады.
Zech Kaz 9:17  Бұл қандай игі де әдемі көрініс болмақ! Дәннен — жас жігіттері, жаңа жүзім шырынынан — қыздары әлденіп, құлпырып жайнап кетпек.