Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
DANIEL
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 10
Dani Kaz 10:1  Парсы патшасы Кирдің Бабылға билік құрған үшінші жылы Белшазар деп те аталған Даниялға Құдайдың хабары жетті. Осы шынайы хабар үлкен соғыс, ауыр кезең туралы болды. Даниял бір көрініс көріп, сол хабар туралы түсінік алып, мәнін ұқты.
Dani Kaz 10:2  Сол күндері мен, Даниял, үш апта бойы қайғырып,
Dani Kaz 10:3  дәмді тағамдардан, ет пен шараптан бас тарттым. Сонымен қатар толық үш апта бойы денеме иісмай жақпадым.
Dani Kaz 10:4  Бірінші айдың жиырма төрті күні үлкен дарияның, яғни Тигр өзенінің, жағасында тұр екенмін.
Dani Kaz 10:5  Басымды көтеріп қарсы алдыма көз салсам, ақ бәтестен киім киген, белін саф алтын белбеумен буған біреуді көрдім.
Dani Kaz 10:6  Оның денесі зүбәржат атты жылтыраған асыл тас сияқты, жүзі найзағайдың жарқылындай, көздері жалындаған алаулар іспетті, қол-аяғы жылтыратылған қоладай жалтырап тұрды. Ал даусы үлкен тобырдың даусындай гүрілдеді.
Dani Kaz 10:7  Сол көріністі жалғыз мен, Даниял, ғана көрдім. Қасымда болған адамдар оны көрген жоқ, бірақ олар зәрелері ұшып, қашып, тығылып қалды.
Dani Kaz 10:8  Осылай жалғыз қалған мен осы ұлы көріністен көз алмадым. Қатты әлсіреп, өңім құп-қу болып, дәрменсіз қалдым.
Dani Kaz 10:9  Мұнан кейін әлгі хабаршының сөйлеген даусын естідім. Естіген кезде мен есімнен танып, жерге етпеттей жата кеттім.
Dani Kaz 10:10  Бірақ бір қол денеме тиіп, мені дірілдеген күйімде төрттағандап тұрғызды.
Dani Kaz 10:11  Сол хабаршы былай деді:— Уа, Даниял, Құдайға өте ұнамды жан, айтатын сөздерімді мұқият тыңдап, ұғып ал! Мен саған жіберілдім, енді түрегел! — Ол осыны айтып жатқанда мен дірілдеп орнымнан тұрдым.
Dani Kaz 10:12  Содан соң ол сөзін жалғастырып былай деді:— Қорықпа, Даниял. Себебі сен сол мәселені түсінуге ұмтылып, Құдайыңа мойынсұнып сиына бастаған алғашқы күні-ақ мінажатың Құдайдың құлағына жеткен еді. Мен осында сол мінажатыңа бола келіп отырмын.
Dani Kaz 10:13  Ал парсы патшалығының рухани әміршісі маған жиырма бір күн бойы қарсы шығып, жолымды бөгеді. Сонда бас періштелердің бірі, Михайл, маған көмекке келді. Себебі парсы патшасы мені жібермей бөгеп жатты.
Dani Kaz 10:14  Енді мен саған келешекте халқыңмен не болатынын түсіндіруге келдім. Сен көретін көрініс алдағы заманға қатысты.
Dani Kaz 10:15  Ол маған осыларды айтқан кезде мен басымды жерге дейін иіп, үнсіз қалдым.
Dani Kaz 10:16  Кенеттен адам баласына ұқсаған біреу ерніме саусағын тигізді. Сонда мен алдымда тұрған хабаршыға былай дей бастадым:— Мырзам, мен көрген көріністен қатты қиналып, әбден дәрменсіз болып қалдым.
Dani Kaz 10:17  Қалайша мен, жай пендеңіз, сізбен сөйлесе аламын, мырзам? Күш-қуаттан айырылып, демімді әзер алып тұрмын. —
Dani Kaz 10:18  Сонда адам баласына ұқсаған әлгі хабаршы маған тағы да саусағын тигізіп, күш-қуат дарытты да былай деді:
Dani Kaz 10:19  — Еш нәрседен қорықпа, Құдайға ұнамды жан! Аман-есен, күшті де батыл бол! — Ол маған осылай айтып тұрған кезде күш-қуатым артып, оған былай дедім:— Мырзам, сіз маған күш-қуат дарытқандықтан, айтпақ болғандарыңызды айта беріңіз! —
Dani Kaz 10:20  Оның жауабы мынау болды:— Менің өзіңе неге келгенімді білесің бе? Жуырда мен Персияның рухани әміршісімен күресуге қайтып барамын. Мен кеткеннен кейін Грекияның рухани әміршісі де келетін болады.
Dani Kaz 10:21  Бірақ алдымен мен саған «Ақиқат кітабында» не жазылғанын айтып беремін. Сенің халқыңды қорғаушы бас періште Михайлдан өзге сол рухани әміршілерге қарсы тұрып, мені қолдап-қуаттайтын ешкім болмайды.