Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
DANIEL
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 4
Dani Kaz 4:1  Мен, Набуходоносор, өз сарайымда рақат күй кешіп, молшылықта өмір сүріп жатқан едім.
Dani Kaz 4:2  Бірде төсекте жатқанымда өте қорқынышты түс көрдім. Ондағы қиялдар мен көріністерден үрейім ұшты.
Dani Kaz 4:3  Сондықтан мен түсімнің мағынасын жорып берсін деп Бабылдағы барлық білімпаздарды алып келуге бұйырдым.
Dani Kaz 4:4  Сәуегейлер, балгерлер, жұлдызшылар және сиқыршылар алдыма келгеннен кейін түсімді айтып бердім, бірақ олар оның мағынасын жорып бере алмады.
Dani Kaz 4:5  Ең соңында Даниял алдыма келді. Оның өзім сиынатын тәңірімнің атынан туындалған Балташазар деген есімі де бар, әрі оған киелі тәңірлердің рухы қонған. Оған былай деп түсімді айтып бердім:
Dani Kaz 4:6  — Ей, Балташазар, білімпаздардың үстінен қарайтын басшы! Саған киелі тәңірлердің рухы қонғандықтан, сен шеше алмайтын құпияның жоқ екеніне көз жеткіздім. Мына түсімді тыңдап, ондағы көріністерді жорып берші.
Dani Kaz 4:7  Мен төсекте демалып жатып, мынадай көріністерді көрдім: Қарасам, жер бетінің қақ ортасында бір зәулім ағаш тұр екен.
Dani Kaz 4:8  Ағаш одан да биік, мықты болып өсіп, ұшар басы аспанға жетіп, жердің түкпір-түкпіріне дейін көрініп тұрды.
Dani Kaz 4:9  Оның жапырақтары әдемі, жемісі мол, бәрінің азығына жететіндей болды. Даланың аңдары оның көлеңкесін паналап, құстар бұтақтарына ұялап, бүкіл тіршілік атаулы одан тамағын тауып жүрді.
Dani Kaz 4:10  Төсегімде жатып түсімнің жалғасын көре бердім. Кенет аспаннан бір қасиетті хабаршы түсіп келе жатыр екен!
Dani Kaz 4:11  Хабаршы зор дауыспен былай деп жар салды: «Ағашты кесіп, бұтақтарын шауып тастаңдар! Жапырақтарын жұлып, жемістерін шашып тастаңдар! Ағаштың көлеңкесіндегі аңдар мен бұтақтарындағы құстар қашып кетсін!
Dani Kaz 4:12  Бірақ оның түбірі мен тамырларын темір, қола кісендермен бұғаулап, даладағы шөптердің арасында қалдырыңдар! Сонда ол шыққа малынып, аңдармен бірге көк шөпті даланы мекендеп қала берсін!
Dani Kaz 4:13  Оның санасы ауысып, адамдікі емес, аңдардікі болсын. Сондай күйде ол басынан жеті кезеңді өткізсін.
Dani Kaz 4:14  Бұл шешімді мәлімдеп, үкімді жариялаған — бәрін күзететін қасиетті хабаршылар. Осылайша пенделердің патшалықтарына Алла Тағаланың үстемдік жүргізетінін барлық тірі жан атаулы ұғатын болады. Ол билікті Өзі қалаған кісісіне табыстап, ең төменгі пендені де басшылыққа тағайындай алады».
Dani Kaz 4:15  Міне, менің, Набуходоносор патшаның, көрген түсім осы болды. Енді, Балташазар, соны жорып берші. Патшалығымдағы білімпаздардың ешқайсысы оны маған түсіндіріп бере алмады. Ал бұл сенің қолыңнан келеді, себебі саған киелі тәңірлердің рухы қонған!»
Dani Kaz 4:16  Балташазар деп те аталатын Даниял мұны естігенде біраз уақытқа аң-таң болып, басына келген ойлардан қатты абыржыды. Ал патша:— Балташазар, сол түс пен оның мағынасын уайымдама! — деді. Сонда ол былай деп жауап берді:— Уа, тақсыр ие, бұл түс пен оның мағынасы сізді жек көретін қас жауларыңыздың басына түссе екен.
Dani Kaz 4:17  Сіз түсіңізде көрген биік, мықты болып өсіп, ұшар басы аспанға жетіп, жердің түкпір-түкпіріне дейін көрінетін,
Dani Kaz 4:18  Оның жапырақтары әдемі, жемісі мол, бәрінің азығына жететіндей болған, көлеңкесін дала аңдары паналап, бұтақтарына құстар ұялайтын сол ағаш өзіңізді білдіреді, уа, патша ағзам.
Dani Kaz 4:19  Сіз қуаттанып, құдіретті болып келдіңіз. Ұлылығыңыз артып, аспанға дейін жетіп, билігіңіз жер бетінің шет-шетіне жайылды.
Dani Kaz 4:20  О, патшам, бір қасиетті хабаршының аспаннан түсіп келгенін де көріпсіз. Ол: «Ағашты кесіп тастап, құртыңдар, бірақ оның түбірі мен тамырларын темір, қола кісендермен бұғаулап, даладағы шөптердің арасында қалдырыңдар! Сонда шыққа малынып, аңдармен бірге даланы мекендеп қала берсін! Осындай күйде басынан жеті кезеңді өткізсін!» депті.
Dani Kaz 4:21  Уа, патшам, Алла Тағаланың тақсыр иеме шығарған осы үкімінің мағынасы мынау:
Dani Kaz 4:22  Сіз адамдардың арасынан аластатылып, аңдармен бірге даланы мекендеп, өгіз сияқты шөппен қоректеніп, шыққа малынып тұратын боласыз. Сонымен сіз Алла Тағаланың пенделердің патшалықтарына үстемдік жүргізіп, билікті Өзі қалаған кісісіне табыстайтынын ұққанға дейін жеті кезең өтетін болады.
Dani Kaz 4:23  Ал түсіңіздегі «Ағаш түбірі мен тамырларын қалдырыңдар!» деген бұйрық мынаны білдіреді: патшалық билігіңіз өзіңізден біржолата алынбайды. Сіз бәріне де үстемдік жүргізушінің көктегі Құдай екенін ұққан кезде билік өзіңізге қайтарылып беріледі.
Dani Kaz 4:24  Сондықтан, уа, патша тақсыр, менің мына кеңесіме оң көзбен қарай көріңіз: күнәларыңыздан бас тартып, әділдікке бет бұрыңыз, жаман істеріңізді қойып, қысым көргендерге қайырымдылық көрсете көріңіз! Сонда сіздің өміріңіз ұзақ та берекелі бола алады.
Dani Kaz 4:25  Осының барлығы да Набуходоносор патшаның өмірінде жүзеге асты.
Dani Kaz 4:26  Бұл былай болды. Құдайдың ескертуінен он екі ай өткеннен кейін патша бір күні өзінің Бабылдағы сәулетті сарайының жалпақ төбесінде серуендеп жүргенде,
Dani Kaz 4:27  былай деп паңдана мақтанды:— Міне, мынау ұлы қала Бабыл ғой! Мен оны салтанатты ұлылығымның даңқын шығару үшін әрі патшалығыма лайықты астана болуға арнап, өзімнің құдіретті күш-қуатыммен салдым емес пе?
Dani Kaz 4:28  Патша осы сөздерді айтып болмай жатып, көктен былай деген дауыс естілді:— Ей, Набуходоносор патша, саған шығарылған үкім мынау: сен патшалығыңнан айырылдың!
Dani Kaz 4:29  Бұдан былай адамдардың арасынан аластатылып, даланың аңдарымен бірге тұрып, өгіз сияқты шөппен қоректенетін боласың! Сен Алла Тағаланың пенделердің патшалықтарына үстемдік жүргізіп, билікті Өзі қалаған кісісіне табыстайтынын ұққанға дейін осындай күйде жеті кезеңді өткізесің.
Dani Kaz 4:30  Набуходоносор туралы айтылған осы бұйрық сол сәтте-ақ орындалды. Ол адамдардың арасынан аластатылып, өгіз сияқты шөппен қоректеніп, денесі шыққа малынып тұрды. Содан шаштары бүркіттің қауырсынындай, тырнақтары құстың шеңгеліндей болып сойдиып өсіп кетті.
Dani Kaz 4:31  «Сол мерзім біткен соң мен, Набуходоносор, көктегі Құдайға бет бұрдым. Сонда ақыл-санам өзіме қайта оралды. Мен мәңгі тірі Алла Тағаланы мадақтап, дәріптеп, Оған шүкірлік айттым.Оның билігі мәңгілік, Патшалығы ұрпақтан ұрпаққа мәңгі жалғаса береді.
Dani Kaz 4:32  Бүкіл жер бетінің тұрғындары Оның алдында түк емес сияқты көрінеді. Ол көктегі періштелер топтарына да, жердегі адамдарға да Өзінің еркіне сай әрекет етеді. Оның құдіретті қолын тоқтатып, Оны: «Не істеп отырсың?» деп сынай алатын ешкім де жоқ.
Dani Kaz 4:33  Сол сәтте ақыл-санам бұрынғы қалпына келіп, патшалығымның құрметіне салтанатты ұлылығым өзіме қайта оралды. Уәзірлерім мен төрелерім алдымнан өтіп, мен өз патшалығымның билігіне қайтадан ие болдым. Менің бұдан кейінгі атақ-даңқым бұрынғысынан да зор болды.
Dani Kaz 4:34  Сондықтан мен, Набуходоносор, Көктің Патшасын мадақтап, құрметтеп, дәріптеймін, өйткені Оның барлық іс-әрекеті ақиқат та әділ. Ол паңданып жүретіндерді бағындырып бой ұсындыра алады».