Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
III JOHN
1
Chapter 1
III Kaz 1:1  Ақсақалдан өзі шын жүректен жақсы көретін қымбатты Гайға дұғай сәлем!
III Kaz 1:2  Сүйікті бауырым! Сенің рухани өміріңнің сау болғанындай, саған барлық жағынан да Құдайдан игілік пен денсаулық тілеймін.
III Kaz 1:3  Кейбір бауырластар келіп, сенің шындыққа адал болып, үнемі шындық жолымен жүріп келе жатқаныңды хабарлағанда, мен қатты қуандым.
III Kaz 1:4  Рухани балаларымның шындық жолымен жүріп жатқанын естуден артық маған қуаныш жоқ.
III Kaz 1:5  Сүйікті бауырым, сендерге сапарлап келген бауырластарымыз өзіңе таныс болмаса да, оларға демеу болып дұрыс істеп жүрсің.
III Kaz 1:6  Олар осындағы қауым алдында сенің сүйіспеншілігіңе куәгер болды. Мұндайларды Құдайдың адамдарына лайық түрде жолға жабдықтап, шығарып салсаң, игі болады.
III Kaz 1:7  Себебі олар бұл сапарға Оның атын таныту үшін шықты және Оған сенбейтіндерден ешқандай жәрдем алмайды.
III Kaz 1:8  Сондықтан осындай кісілерді қолдау — біздің міндетіміз; шындықты таратуға осылай үлесімізді қосамыз.
III Kaz 1:9  Мен қауымға жазып жібердім, бірақ олардың басшысы болуға тырысып жүрген Диотреф бізді мойындамайды.
III Kaz 1:10  Сондықтан барған кезде оның істегендерінің бәрін есіне саламын: ол бізді жаман сөзбен өсектеп жүр; ал соған да қанағаттанбай, сапармен келген бауырластарымызды өзі де қабылдамайды, басқаларға да қабылдатпайды. Оларды қарсы алғандарды тіпті қауымнан шығарып тастайды.
III Kaz 1:11  Сүйікті бауырым, жамандыққа еліктемей, жақсылыққа елікте! Жақсылық істейтін адам Құдайдікі, ал жамандық жасаушы Құдайды білмейді.
III Kaz 1:12  Деметір туралы елдің бәрі жақсы пікір айтады. Ол шындыққа сай әрекет жасайды. Біз де соған куәлік етіп жүрміз, ал сендер шындықты айтатынымызды білесіңдер.
III Kaz 1:13  Саған әлі де көп нәрсе жазуым керек еді, бірақ оны жазғым келмейді.
III Kaz 1:14  Сені жақын арада көретін шығармын деген үмітім бар, сонда екеуіміз ауызба-ауыз сөйлесеміз.
III Kaz 1:15  Саған амандық пен тыныштық болсын! Бұл жақтағы достарың сәлем айтып жатыр. Сол жақтағы достардың бас-басына сәлем айт!