Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
RUTH
1 2 3 4
Prev Up Next
Chapter 2
Ruth Kaz 2:1  Нағиманың марқұм күйеуі Елімәліктің Боғоз есімді аталас туысы бар еді. Боғоз абыройлы да ауқатты кісі болатын.
Ruth Kaz 2:2  Бір күні моабтық Рут Нағимаға:— Мен егіндікке барайын. Қайырымды біреу кездесіп қалар, соның артынан жүріп, масақ терейін, — деді.— Жақсы, қызым, бара ғой, — деп енесі келісті.
Ruth Kaz 2:3  Рут егістікке барып, орақшылардың соңынан жүріп, жинағанда қалып қойған масақтарды тере бастады. Бұл жер танабы Елімәліктің туысы Боғоздың меншігі болып шықты.
Ruth Kaz 2:4  Сол кезде Бетлехемнен Боғоз да келіп, орақшыларымен:— Ассалаумағалайкүм! — деп амандасып, олар:— Уағалайкүмассалам! — деп жауап қайырды.
Ruth Kaz 2:5  Боғоз олардың басқарушысынан:— Мынау кімнің қызы? — деп сұрағанда,
Ruth Kaz 2:6  ол:— Бұл — Моаб елінен Нағимаға еріп келген моабтық жас келіншек.
Ruth Kaz 2:7  Ол орақшылардың артынан жүріп, баулардың арасынан түсіп қалған масақтарды теруге рұқсат сұрады. Таң атқаннан бері еңбектеніп жүр, күркеде аз-ақ демалды, — деп жауап берді.
Ruth Kaz 2:8  Содан Боғоз Рутқа тіл қатып:— Қызым, сөзіме құлақ сал. Басқаның егістігіне масақ теруге бармай-ақ қой. Осында менің қызметші қыздарымның қасында жүріп, тере бер.
Ruth Kaz 2:9  Қай жақта орып жатқандарын байқап жүріп, қыздардың соңынан ер. Мен қызметші жігіттеріме саған тиіспеуге бұйырдым. Шөлдегенде барып, олар толтырып қойған құмыралардан су іше бер, — деді.
Ruth Kaz 2:10  Таңғалған Рут:— Қалайша сіз жат жерлік маған сондай қайырымдылықпен қарайсыз? — деп, Боғозға иіліп тағзым етті.
Ruth Kaz 2:11  — Сенің күйеуің өлгеннен кейін енеңе қалай көмектескеніңді, әке-шешеңді, еліңді тастап, бұрын білмеген халық арасына көшіп келіп, бірге тұрып жатқаныңды мен түгелдей естіп білдім.
Ruth Kaz 2:12  Осы істеген жақсылықтарың Жаратқан Иеден қайтсын! Сен Исраил сиынатын Құдай — Жаратқан Иенің қанаты астынан пана іздеп келдің. Ол сені молынан жарылқасын! —
Ruth Kaz 2:13  Сонда Рут:— Мырзам, маған әрдайым оң көзіңізбен қарасаңыз екен. Сіз жылы сөзіңізбен жүрегіме жігер құйдыңыз. Ал мен ең болмағанда күңдеріңіздің бірі де емеспін, — деді.
Ruth Kaz 2:14  Түскі тамақ кезінде Боғоз:— Мұнда кел. Нанымыздан ауыз тиіп, сусынымызға батырып же, — деп Рутты шақырды. Ол орақшылардың қасына отырғанда, Боғоз оған қуырылған арпадан берді. Рут тойғанша жеп, артылып та қалды.
Ruth Kaz 2:15  Содан кейін тұрып, жұмысына оралды.Ал Боғоз қызметшілеріне былай деп айтып қойған еді:— Рут жаңа орылған масақтардың арасынан да тере берсін, оны ренжітпеңдер!
Ruth Kaz 2:16  Қайта, жинап алсын деп, байлайтын масақтарыңнан әдейі тастап та кетіңдер. Қалай болғанда да оған ұрыспаңдар!
Ruth Kaz 2:17  Рут осылай кешке дейін масақ терді. Соңында ол жинағанын бастырып, желге ұшырып қауызынан тазартқанда, бір үлкен себетке сыярдай арпа шықты.
Ruth Kaz 2:18  Келіні арпаны қалаға алып барып, енесіне көрсетті. Оған түскі астан артылып қалған тамағын да алып келді.
Ruth Kaz 2:19  — Өй, бүгін қайдан масақ тердің? Қайда жұмыс істедің? Саған оң көзімен қараған адамды Құдай жарылқасын! — деп енесі таңғалды. Рут оған:— Бүгін Боғоз деген адамның егістігінде жұмыс істедім, — деп білдіргенде,
Ruth Kaz 2:20  енесі:— Тірілер мен өлгендерге қайырымын аямаған сол адамды Жаратқан Ие жарылқасын! — деді. Содан соң: — Боғоз — жақын қайындарымыздың біреуі. Ол бізге (Таурат заңына сәйкес) туысқан қамқоршы бола алады, — деп қосты.
Ruth Kaz 2:21  — Әлгі кісі маған егіні орылып біткенше қызметшілерінің соңынан жүріп, теруіме де рұқсат етті, — деді Рут.
Ruth Kaz 2:22  Сонда Нағима:— Қызым, сол адамның қызметші қыздарымен бірге жүргенің жақсы болады. Бөтен егісте саған біреулердің тиісуі де мүмкін, — деп келісті.
Ruth Kaz 2:23  Сонымен Рут енесінің қолында тұрып, арпа мен бидайдың ору мерзімі біткенше Боғоздың қызметші қыздарының қасында жүріп, масақ тере берді.