Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
RUTH
1 2 3 4
Prev Up Next
Chapter 3
Ruth Kaz 3:1  Бір күні Нағима:— Қызым, саған жақсы болу үшін жайлы баспана тауып берсем, қалай болар еді? — деп құлақ қағыс етті.
Ruth Kaz 3:2  — Сен қызметші қыздарымен бірге жүрген Боғоз — біздің ет жақын қайнымыз ғой. Ол бүгін кеште қырманда арпасын ұшырып, тазартып жатыр екен.
Ruth Kaz 3:3  Кәне, жуынып-шайынып, иісмай жақ та, әдемі киініп алып, қырманға бар. Бірақ Боғоз кешкі асын ішіп-жеп болмайынша көзіне түспе.
Ruth Kaz 3:4  Ол ұйқыға кіріскенде жатқан жерін біліп ал. Кейін сонда барып, жамылғысының етегін аздап көтеріп, аяқ жағына жата кет. (Осылай сен Боғоздың өзіңе қамқоршы болуын сұраған тілегіңді білдіресің.) Әрі қарай заңды түрде не істеу керек екенін оның өзі айтар.
Ruth Kaz 3:5  — Айтқаныңыздың бәрін істеймін, — деп жауап берді келіні.
Ruth Kaz 3:6  Содан қырман басына барып, енесінің тапсырғандарын орындады.
Ruth Kaz 3:7  Ішіп-жеп, көңілі көтерілген Боғоз үйілген астықтың шет жағына жатып, ұйықтап қалғаннан кейін, Рут білдіртпей жамылғысын аздап көтеріп, аяқ жағына жата кетті.
Ruth Kaz 3:8  Түн ортасында Боғоз орнынан аударылып, шошып оянды. Аяқ жағында бір әйел жатыр екен! Ол абыржып:
Ruth Kaz 3:9  — Өй, сен кімсің? — деп сұрады.— Мен Рутпын ғой, мырза. Мені қанатыңыздың астына ала көріңіз, әмеңгерім бола алатын қайнағам емессіз бе? — деп жауап берді ол.
Ruth Kaz 3:10  Сонда Боғоз былай деді:— Қалқам, Жаратқан Ие сені жарылқасын! Мына игі ісің бүгінге дейін енеңе жасап келген жақсылығыңнан да асып түсті! Сенің бай болсын, кедей болсын жас жігіттердің артынан жүгірмегенің жөн болды.
Ruth Kaz 3:11  Енді уайымдамай-ақ қой, қарағым. Мен өтінішіңді түгелдей орындаймын. Қала халқының бәрі сенің үлгілі әйел екеніңді біледі.
Ruth Kaz 3:12  Менің саған әмеңгер бола алатын қайнағаң екенім рас. Бірақ менен де жақын қайның бар.
Ruth Kaz 3:13  Бүгін осында түнеп шық. Ертең сол адам саған әмеңгер болуға келіссе, онда жақсы, солай болсын. Ал егер ол бас тартса, мәңгі тірі Жаратқан Иенің алдындағы адал сөзім: онда мен саған әмеңгерің болып үйленемін. Ал әзірше таңға дейін осы жерде ұйықтай бер.
Ruth Kaz 3:14  Осылай Рут сол жерде таң атқанша ұйықтап, адамдар әлі бір-бірінің бет-жүзін ажырата алмайтын қараңғы кезде тұрды. Боғоз (өсек тарап кетпеу үшін): «Әйелдің қырманға келгенін ешкім білмесін», — деген еді.
Ruth Kaz 3:15  Рут қайтып кетпес бұрын Боғоз: «Жамылғыңды жайып ұстай ғой», — деп, соған алты себеттей арпа құйып, буып-түйіп, Рутқа арқалатып жіберді. Өзі де қала жаққа жөнелді.
Ruth Kaz 3:16  Рут енесіне келгенде Нағима:— Қалай болды, қызым? — деп сұрады. Келіні оған сол адамның не істеп, не қойғанын түгелдей айтып беріп:
Ruth Kaz 3:17  — Ол маған «Енеңе құр қол қайтпа» деп, мына алты себеттей арпаны беріп жіберді! — деп қосты. Сонда енесі:
Ruth Kaz 3:18  — Соңы немен бітерін білгенше тоса тұр, қызым. Бұл кісі бүгін осы істі аяқтамай тыным таппайды, — деп түйді.