Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
ECCLESIASTES
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 6
Eccl Kaz 6:1  Осы өткінші дүниеде адамдардың арасында жиі кездесіп, жанға бататын тағы бір жайтты байқадым:
Eccl Kaz 6:2  Құдай біреуге байлық-дәулет, мал-мүлік, қадір-құрмет сыйлап, енді оның аңсайтын еш нәрсесі қалмайды. Алайда Құдай оған соның қызығын көруге мүмкіндік бермей, рақатын өзге біреу көреді. Бұл да ақылға сыймайтын әрі жанға қатты бататын жайт.
Eccl Kaz 6:3  Егер бір адамның тіпті жүз баласы болып, өзі ұзақ ғұмыр кешсе, бірақ соның қызығын көрмесе, тіпті дұрыстап жерленбесе, онда мен түсік одан гөрі бақытты дер едім.
Eccl Kaz 6:4  Себебі түсік құрсақтан бекерге шығып, о дүниеге аттанды, ал оның есімін түнек жапқан.
Eccl Kaz 6:5  Ол тіпті күн сәулесін ешқашан көрген де, білген де жоқ. Ал жаңағы бейшара адамға қарағанда түсіктің жағдайы жайлырақ.
Eccl Kaz 6:6  Адам тіпті екі мың жыл жасап, өмірдің қызығын көре алмауы мүмкін. Әрі соңында бәрінің де баратын жері о дүние емес пе?
Eccl Kaz 6:7  Адамның еткен ауыр еңбегінің барлығы аузын тамаққа толтыруға арналған, бірақ оның жан дүниесі қанағаттанбайды.
Eccl Kaz 6:8  Олай болса, дана жанның ақымақтан қандай артықшылығы бар? Басқа адамдардың алдында өзін дұрыс ұстауды білгенінен кішіпейіл адамға не пайда?
Eccl Kaz 6:9  Жаныңның өзіңде жоқ нәрсесін тентірей аңсағанынан гөрі көз алдыңда барыңмен қанағаттанған игі. Жай аңсай беру де жел соңынан қуғандай бекершілік.
Eccl Kaz 6:10  Әлемде бар нәрсенің бәрі әлдеқашан-ақ шешілген. Адамның қандай болатыны да баяғыда-ақ белгіленіп қойылған. Пенде өзінен құдіретті Құдаймен (өз тағдыры туралы) таласа алмайды.
Eccl Kaz 6:11  «Көп сөз бекершілікті көбейтер». Бұдан адамға не пайда?
Eccl Kaz 6:12  Адам үшін өмірде ненің игі екенін кім біледі? Ол қысқа да мәнсіз күндерімен көлеңкедей сырғып өте шығады ғой. Өзінен кейін осы өткінші дүниеде не болатынын адамға кім білдіреді?