Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
ECCLESIASTES
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 8
Eccl Kaz 8:1  Кім данышпан? Кім мәселелердің мән-мағынасын ұға біледі? «Даналық адамның өңін нұрландырар, оның сұсты жүзін жұмсартар» делінген.
Eccl Kaz 8:2  Менің тағы айтарым мынау: Құдай алдында берген антыңа бола патшаның айтқандарын сақтауың қажет.
Eccl Kaz 8:3  Патшаның қасынан кетуге асықпа. Әділетсіз істі құптама! Өйткені патша қалағанының бәрін істей алар.
Eccl Kaz 8:4  «Патшаның сөзі күшті». Ендеше оған: «Неге солай істейсіз?!» деуге кімнің дәті барады?
Eccl Kaz 8:5  «Құдайдың өсиетін сақтаған жан әділетсіз істі құптамас». «Дана жан дұрыс уақыт пен тәртіпті білер».
Eccl Kaz 8:6  Адамға өмірінің қиыншылықтары ауыр тисе де, «әрбір істің өз уақыты мен тәртібі бар».
Eccl Kaz 8:7  Ал пенде кейін не болатынын білмейді, әрі болашақтың қалай болатынын оған кім айта алады?
Eccl Kaz 8:8  Ешбір адамның желді ұстап тоқтата алмайтыны сияқты, ешкім де ажалға билік жүргізе алмайды. Соғыс кезінде әскерден босату дегеннің жоқ екеніндей, зұлымдық та өзіне бағынғандарды босата қоймайды.
Eccl Kaz 8:9  Осы дүниеде болып жатқан әр түрлі істерді санаммен ұғынуға тырысқанда, мен адамдардың басқаларға билік жүргізіп, зор зиян келтіретін жайттарын көрдім.
Eccl Kaz 8:10  Мұнан кейін мынаған көз салдым: Киелі орынға келіп-кетіп, қалада мақтау алып жүретін кейбір зұлымдар өлгенде құрметпен қабірге қойылды. Бұл да ақылға сыймайтын жайт.
Eccl Kaz 8:11  Өйткені «қылмыстың үкімі тез орындалмаса, адамның жан дүниесі зұлымдыққа батар».
Eccl Kaz 8:12  Зұлым адам тіпті жүздеген қылмыс жасап, ұзақ өмір сүре берсе де, мен мынаны білемін: Құдайды терең қастерлеп, Оның көз алдында адал жүргендер игілікке кенелетін болады.
Eccl Kaz 8:13  Ал зұлымның жағдайы жақсы бола бермес. Оның ғұмыры кешкі көлеңкедей ұзара бермей, қысқа болар. Себебі ол Құдайды терең қастерлеген жоқ.
Eccl Kaz 8:14  Дүниеде тағы мынадай бір ақылға қонбайтын жайт та бар: зұлымдарға тиісті жазаны кейде әділ адамдар тартады, ал әділдерге тиісті сый-құрметке зұлымдар ие болады. «Бұл шынымен ақылға сыймайды» деймін.
Eccl Kaz 8:15  Сондықтан мен адамға өмірдің қызығын көріп қалуға кеңес беремін, өйткені осы өткінші дүниеде пендеге ішіп-жеп, қуанышқа бөленуден артық ештеңе жоқ. Сөйтіп ол Құдайдың өзіне осы дүниеде өлшеп берген күндерінде ауыр еңбек еткенде қанағат табатын болады.
Eccl Kaz 8:16  Осылай мен даналықты және адамның осы дүниеде атқаратын міндетін түсінуге жан салған едім, ал «пенде күні-түні ұйқы көрмей әрекет етеді».
Eccl Kaz 8:17  Сонда мен Құдайдың істерінің бәріне назар салып, мынадай қорытындыға келдім: Осы өткінші дүниеде болып жатқан жайттарды пенде толықтай ұғына алмас. Адам оны зерттеп білуге қаншама тырысса да, осы мақсатқа ешқашан жете алмайды. Кейбір ақылды адам «мен оны түгелдей білемін» деген пікір білдірсе де, шын мәнінде ол солай емес.