Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
ECCLESIASTES
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 9
Eccl Kaz 9:1  Сонымен мен осының бәрі туралы ойланып-толғанып мына қорытындыға келдім: Әділдер мен даналар және олардың істері де Құдайдың қолында. Адам өзін алда не күтіп тұрғанын: сүйіспеншілік пе, әлде жек көрушілік пе, соны білмейді.
Eccl Kaz 9:2  Бәрі де бірдей жайттарға тап болады екен: әділ мен зұлым, жақсы мен жаман, адал мен арам, құрбандық шалып ұсынатын әрі соны ұсынбайтын адамдар. Олар ізгі не күнәкар болсын, Құдайға уәде беретін не солай істеуден қорқатын болсын, барлығының тағдыры бірдей екен.
Eccl Kaz 9:3  Ал барлығының да осы өткінші дүниеде бірдей тағдырға ұшырайтыны — жанға бататын жайт! Сондай-ақ, адам баласының жүрегі зұлымдыққа кенеліп, өмір жолында ақымақтық жасайды. Содан кейін ол о дүниеге аттанып, өлгендердің қатарына қосылады.
Eccl Kaz 9:4  «Өлі арыстаннан тірі ит артық» дегендей, тірі жүргендер үшін әлі де үміт бар.
Eccl Kaz 9:5  Тірілер өлерін біледі ғой, ал өлгендер ештеңе білмейді екен. Олар енді қайтып еңбектерінің сыйын көрмейді екен, оларды ешкім есіне де алмас.
Eccl Kaz 9:6  Өлгендер кезінде сезінген сүйіспеншілік, жек көрушілік, қызғаныш баяғыда ғайып болған, олар бұ дүниеде болып жатқан істерге енді араласпайды.
Eccl Kaz 9:7  Кәне, жүр, Құдай істеп жатқан істеріңді құптағандықтан наныңды қуана жеп, сусыныңды шаттана іш. Өйткені Құдай осы істеріңді құптайды.
Eccl Kaz 9:8  Әрқашан ақшыл киім киіп, шашыңа иісмайды аямай жақ!
Eccl Kaz 9:9  Құдай саған осы дүниеде берген қысқа ғұмырыңның барлық күндерінің қызығын сүйген жарыңмен бірге көр! Өйткені осы өткінші дүниеде сүрген өмірің мен еткен ауыр еңбегің үшін Құдайдың беретін рақаты осы болмақ.
Eccl Kaz 9:10  Қандай істі қолға алсаң да, соны жан сала істе! Себебі о дүниеге аттанған соң, онда не жұмыс істеу, не ойлап жоспарлау, не білім мен ғылым деген атымен жоқ екен.
Eccl Kaz 9:11  Мен осы өткінші дүниеге назар аударып, тағы мынаны көрдім: Жарыста жүйрік, шайқаста мықты жан әрдайым жеңе бермейді екен. Данада — тамақ, ақылдыда — байлық, шеберде — абырой әрқашан бола бермейді, солар барлық адамдардың үлесіне орайы келгенде кенеттен тиеді екен.
Eccl Kaz 9:12  Әрине, басына қашан күн туатынын пенде білмейді ғой. Адам баласы ауға түскен балықтай, тұзаққа шырмалған құстай күтпеген жерден бақытсыздыққа ұшырайды.
Eccl Kaz 9:13  Мен осы өткінші дүниеден даналықтың тағы мына мысалын да байқадым, ол маған маңызды болып көрінді:
Eccl Kaz 9:14  Бірде азғана тұрғыны бар бір қалашық болды. Соған қарсы бір ұлы патша аттанып келіп, оны қоршауға алып, зор бекіністер салды.
Eccl Kaz 9:15  Ал сол қалада кедей де болса дана бір кісі тұрды. Әлгі адам қаланы өзінің даналығымен құтқарып қалды. Бірақ кейіннен ешкім де сол кедейді есіне алмады.
Eccl Kaz 9:16  Сондықтан да мен: «Даналық күш-қуаттан артық. Әйтсе де жұрт кедейдің даналығына көңіл бөліп, оның сөздеріне құлақ аса бермейді екен» деген тұжырымға келдім.
Eccl Kaz 9:17  «Ақымақ әміршінің айқайынан гөрі, дананың байыппен айтқандарын тыңдаған тиімді».
Eccl Kaz 9:18  «Даналық соғыс қаруларынан қуатты болар, ал бір күнәкар көп игілікті құртар».