Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
ECCLESIASTES
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 2
Eccl Kaz 2:1  Мен іштей: «Ал енді, рақаттана шаттанып, жақсы нәрселерді тексеріп көрейінші!» — деп ойладым. Бірақ бұл да бекершілік екен.
Eccl Kaz 2:2  Себебі ойнап-күлуді «ақылсыз іс» деп таптым, әрі рақатқа берілу жайлы: «Бұл не нәрсеге қол жеткізеді?» — дедім.
Eccl Kaz 2:3  Содан ойға шомдым да, шарап ішіп көңіл көтерейін деп шештім. Санам мені әлі де парасатпен жетелесе де, ақымақтыққа берілдім. Осылайша адамға осы өткінші дүниедегі қысқа ғұмырында ең тиімдісі не екенін біліп алуға тырыстым.
Eccl Kaz 2:4  Мен үлкен істерге де кірістім: өзіме арнап сарайлар салып, жүзімдіктер отырғыздым.
Eccl Kaz 2:5  Өзім үшін бау-бақшалар да дайындап, оларға түрлі жеміс ағаштарын ектім.
Eccl Kaz 2:6  Тоғайларымда өсіп тұрған ағаштарымды суғару үшін тоғандар жасадым.
Eccl Kaz 2:7  Сатып алған құлдарымнан басқа, өз сарайымда туылған құл-күңдерім де болды. Ірілі-ұсақты малдарымның көп болғаны сонша, бұрын-соңды Иерусалимдегі патшалардың бірде-біреуінде соншама мал болып көрген емес.
Eccl Kaz 2:8  Мен алтын-күміс жиып, патшалар мен аймақтардың қазыналарын молынан иемдендім. Қасыма әнші-күйшілер мен түрлі күй аспаптарын жинап алдым. Сөйтіп адам баласының рақатына бөлендім.
Eccl Kaz 2:9  Осылай мен ұлылыққа ие болып, бұрынырақ Иерусалимде патшалық құрғандардың барлығынан асып түстім. Соның бәрінде де ақыл-парасатымнан айырылмадым.
Eccl Kaz 2:10  Көзім түсіп, ұнатқанның ешқайсысынан бас тартқан жоқпын. Ешқандай көңіл көтеруден де шет қалған емеспін. Бірақ та жан дүниемнің басты қуанышы атқарған еңбегім болды. Ал еңбегімнің қызығы сол еңбектің өзі ғана еді.
Eccl Kaz 2:11  Қолға алған жұмыстарыма әрі атқарған бейнетті еңбегіме назар аударғанда олардың да жел соңынан қуғандай бекершілік екенін, сондай-ақ, осы өткінші дүниеде шынайы табысқа жетуге болмайтынын байқадым.
Eccl Kaz 2:12  Содан мен даналық жайында әрі топастық пен ақымақтық туралы ойлай бастадым. Өйткені келешек патшалар осы мәселе жөнінде бұрын істелгендерден басқа не істер екен?
Eccl Kaz 2:13  Жарық нұр қара түнектен қалай артық болса, даналықтың да ақымақтықтан солай артық екеніне көз жеткіздім.
Eccl Kaz 2:14  Дананың көзі өз орнында, ал ақымақ қара түнекте сипаланып жүреді. Бірақ соңында екеуі де бірдей тағдырға ұшырайтын болады.
Eccl Kaz 2:15  Мен іштей: «Ақымақтың басына түсетіні маған да тиесілі болса, онда соншама дана болып не бар?» — деп, бұны да бекершілік деп қорыттым.
Eccl Kaz 2:16  Ақымақ сияқты, дана жан да жұрт есінде ұзаққа қалмайды. Болашақ күндерде бәрі де ұмытылады. Ақымақ сияқты, дана жан да өлуге тиіс.
Eccl Kaz 2:17  Содан мен осы өткінші дүниеде болып жатқан істерге наразыланып, өмірді жек көріп кеттім. Себебі бәрі де жел соңынан қуғандай бекершілік екен.
Eccl Kaz 2:18  Осы дүниеде атқарған ауыр еңбегімнің бар өнімін де жек көре бастадым, өйткені оны өзімнен кейінгі бір адамға қалдыруым қажет.
Eccl Kaz 2:19  Ол дана бола ма, ақымақ бола ма, онысын кім біледі? Ол бәрібір менің ауыр еңбекпен әрі ақыл-парасатпен қол жеткізгендерімнің барлығына ие болады. Бұл да бекершілік!
Eccl Kaz 2:20  Сонымен осы өткінші дүниеде атқарған бүкіл бейнетті еңбегімнен көңілім қалып түңілдім.
Eccl Kaz 2:21  Себебі бір адам ақыл-парасатпен, біліммен және шеберлікпен еңбек еткеннен кейін соның жемісін бұған еш еңбек сіңірмеген басқа біреуге қалдыруға тиіс болады. Бұл да бекершілік әрі жанға қатты бататын жайт.
Eccl Kaz 2:22  Солай болғанда адам баласына осы өткінші дүниеде атқарған бейнетті еңбегінен және жан салған ұмтылысынан не пайда?
Eccl Kaz 2:23  Ол өмір бойы міндетін өтеп, азап пен мехнат шегіп жүреді, тіпті түнде де оның ақыл-санасы толықтай тынықпайды. Бұл да бекершілік.
Eccl Kaz 2:24  Адам баласына ішіп-жеуден әрі атқарған еңбегінен рақат табудан артық ештеңе жоқ екен. Бұларды да Құдайдың бергеніне көзім жетті.
Eccl Kaz 2:25  Себебі Құдай бермесе кім ішіп-жеп, қызық көре алады?
Eccl Kaz 2:26  Өзін риза ететін адамға Құдай даналық, білім және қуаныш сыйлайды. Ал теріс жолмен жүретін күнәкарға Ол байлық жинап, сақтап қою уайымын тапсырады. Бірақ күнәкар соларын Құдайды риза еткен адамға қалдырып кетуге мәжбүр болады. Мұндай өмір шынында жел соңынан қуғандай бекершілік.