Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
ECCLESIASTES
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 7
Eccl Kaz 7:1  «Жақсы атақ қымбат иісмайдан артық, адамның өлген күні туған күнінен артық».
Eccl Kaz 7:2  «Жиын-тойға барғаннан азалы үйге барған артық. Өйткені өлім — барша адам баласын күтіп тұрған жайт. Тірілер мұны естерінде сақтап, соған лайықты өмір сүрсін!»
Eccl Kaz 7:3  «Қайғыру күлуден артық: жүзі мұңайғанның жан дүниесі жақсара түсер».
Eccl Kaz 7:4  «Дана жан азалы үйді ойлар, ақымақ шат-думанға салынар».
Eccl Kaz 7:5  «Ақымақтардың мақтау өлеңдерінен гөрі дананың сөгісін тыңдаған артық».
Eccl Kaz 7:6  Өйткені ақымақтың қарқылдаған күлкісі қазан астында сытырлап жанған бұтақшалардай. Бұл да бекершілік.
Eccl Kaz 7:7  «Басқаға жәбір көрсетсе, дана адам ақымаққа айналар».«Пара жүректі бүлдірер».
Eccl Kaz 7:8  «Істің соңы бастамасынан жақсы, сабырлы жан асқақтан жақсы».
Eccl Kaz 7:9  «Ашуға булығуға асықпа, ашу-ыза ақымақтың көкірегіне орнығар».
Eccl Kaz 7:10  «Неліктен өткен заман қазіргіден артық?» деп шағымданба! Өйткені осындай сауал қойғаның даналық емес.
Eccl Kaz 7:11  «Даналық мұрадай игілікті, жарық дүниеде жүрген жанға сондай пайдалы.
Eccl Kaz 7:12  Себебі ақшасы адамды қорғайтынындай, даналық та оны қорғар. Ал даналықтың бір артықшылығы: ол иесінің өмірін сақтап қалар».
Eccl Kaz 7:13  Құдайдың ісіне назар аударшы: Ол бір нәрсені қисық қылып қойса, оны түзету кімнің қолынан келер?
Eccl Kaz 7:14  Аманшылық болған күндері соның қызығын көріп қуан! Ал қасіретке душар болғанда мынаны есіңе ал: сол екі жайтты да Құдай тағайындаған. Сондықтан адам кейін не болатынын алдын ала біле алмайды.
Eccl Kaz 7:15  Мен бекершілікке толы өткен өмірімде мына жайттардың екеуін де көргенмін: кейде әділ адам жазықсыз бола тұра, ерте құрып кетеді, ал зұлымның әділетсіз өмірі ұзара түседі.
Eccl Kaz 7:16  Сондықтан асыра қатаң болма, асыра дана да болғансыма! Өзіңді-өзің құртып нең бар?
Eccl Kaz 7:17  Зұлымдыққа да салынба, ақымақ та болма! Уақытың жетпей өліп нең бар?
Eccl Kaz 7:18  Алғашқы ескертуді ұстанып, екіншісінен мақұрым қалмағаның абзал. Өйткені Құдайды терең қастерлейтін адам бұл ескертулердің барлығын басшылыққа алады.
Eccl Kaz 7:19  «Өз даналығы данышпанды қаланың он басшысынан да күшті етер» делінген.
Eccl Kaz 7:20  Шындығында жер бетінде әрдайым жақсылық жасап, ешбір күнә жасамайтын әділ адам жоқ.
Eccl Kaz 7:21  Сондықтан жұрттың айтатын сөздерінің бәріне бірдей көңіл бөле берме! Әйтпесе өз қызметшіңнің сені жамандағанын да естіп жүрерсің.
Eccl Kaz 7:22  Ал өзіңнің де басқаларды көп рет жамандағаның есіңде ғой!
Eccl Kaz 7:23  Мен осының бәрін даналықпен сынап: «Мұны ұғынып дана боламын!» деп шешкен едім. Әйтсе де соған қол жеткізе алмадым.
Eccl Kaz 7:24  Болмыстың шындығы тым алыс және өте терең екен! Кім оған жете алар?
Eccl Kaz 7:25  Мен даналықты және болмыстың себептерін біліп, зерттеп, терең ұғынуға шын жүректен бет бұрған едім. Зұлымдықтың нағыз ақылсыздық әрі топастықтың қандай ақымақтық екенін де жете білгім келді.
Eccl Kaz 7:26  Сонымен қатар мен опасыз әйелдің өлімнен де ащы қасірет туғызатынын ұқтым. Оның жүрегі тұзақ пен тор, қолдары кісен іспетті. Құдайға ұнамды адам сондай әйелден сақ жүреді. Ал күнәкарлар оның торына түседі.
Eccl Kaz 7:27  Біліп қойыңдар, — дейді Даналықты уағыздаушы, — мен әр түрлі нәрселерді басымнан өткізіп, түрлі жайттарды пайымдауға тырыстым.
Eccl Kaz 7:28  Мен мына пікірді жан сала зерттесем де, (дұрыстығына) көз жеткізе алмадым: «Мыңның арасынан бір ғана жібі түзу ер адамды таптым, ал бірде-бір әйелді тапқан жоқпын» делінген.
Eccl Kaz 7:29  Мен тек мынаған ғана көз жеткіздім: Құдай адам баласын әділ етіп жаратты, бірақ адамдар көптеген зұлым ой-ниеттеріне салынды.