Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
EZRA
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 4
Ezra Kaz 4:1  Ал исраилдік Яһуда мен Бунямин руларының дұшпандары да болды. Олар жер аударылудан қайта оралған халықтың Исраилдің Құдай Иесіне арнап ғибадатхана сала бастағанын естіді.
Ezra Kaz 4:2  Осы дұшпандар Зоробабелге және исраилдік әулет басшыларына келіп, оларға былай деді:— Осы құрылысқа сіздермен бірге қатысайықшы! Себебі өздеріңіз сиынатын Құдайға біз де сіздер секілді сиынамыз. Ассур патшасы Асардан бізді осы жерге көшіріп әкелген уақыттан бері, Құдайға арнап құрбандық шалып келеміз. —
Ezra Kaz 4:3  Бірақ Зоробабел, Ешуа және исраилдік әулет басшылары оларға:— Құдайымызға арналған ғибадатхананы салу ісіне бізбен бірге қатысуға құқықтарыңыз жоқ. Парсы патшасы Кир өзімізге бұйырғандай, Исраилдің Құдайы Жаратқан Иеге арнап киелі үйді тек өзіміз ғана саламыз! — деп жауап берді.
Ezra Kaz 4:4  Сонда елде тұрып жатқан сол бөтен ұлттықтар құрылыс жұмысын тоқтатпақ болып, Яһуда халқын түңілдіріп, қорқытып-үркіте бастады.
Ezra Kaz 4:5  Олар Яһуда халқының жоспарларын бұзу үшін оларға қарсы арнайы кеңесшілерді жалдап алып жүрді. Бұл әрекеттері парсы патшасы Кирдің бүкіл заманында, тіпті парсы патшасы Дарийдің таққа отырған кезіне дейін ұласты.
Ezra Kaz 4:6  Бірнеше жылдан соң, Ахасуер патша билік құра бастаған кезде, Яһуда халқының дұшпандары патшаға Яһуда мен Иерусалимнің тұрғындарын айыптап хат жазды.
Ezra Kaz 4:7  Осыдан кейін, Артақсерікс парсы еліне патшалық құрып тұрған заманда да, Бишлам, Митредат, Табеил және олардың қызметтестері арамей тілінде жазылған төмендегі хатты жіберді. Хат патша үшін (парсы тіліне) аударылды.
Ezra Kaz 4:8  Әмірші Рехум және хатшы Шимшай Артақсерікс патшаға Иерусалим үстінен шағымданған бір хатты салып жіберді.
Ezra Kaz 4:9  Олар сол хатты әмірші Рехум, хатшы Шимшай және өздерінің қызметтестері — төрешілер мен әкімдердің атынан жазды. Осы қызметкерлер Тарпел, Персия, Ерех, Бабыл, Сузы, Дехай және Елам аймақтарынан жер аударылып келгендердің үстінен қарайтын.
Ezra Kaz 4:10  Ұлы да даңқты Аснапар патша кезінде жер аударып, Самарияға және Батыс Евфрат өлкесіндегі өзге жерлерге қоныстандырған басқа ұлттардың адамдары да сол қызметкерлердің қарамағында болды.
Ezra Kaz 4:11  Осы қызметкерлер жолдаған хаттың көшірмесі төмендегідей:«Артақсерікс патша ағзамға Батыс Евфрат өлкесіндегі қызметкерлерінен сәлем!
Ezra Kaz 4:12  Патша ағзам мынаны білсе екен: Сіздің жағыңыздан бізге өрлеп көшіп келген яһудилер Иерусалимге барды. Олар сол бір зұлым да қыңыр қаланы қайтадан салып, қабырғаларын қалпына келтіріп, негіздерін нығайтып жөндеп жатыр.
Ezra Kaz 4:13  Патша мынадан да хабардар болсын: Егер сол қала қайта тұрғызылып, қабырғалары бекітіліп бітсе, онда олар не ақшалай, не заттай алым-салық, не кеден салығын мүлдем төлемей қояды. Содан патша қазынасының кірісі азаятын болады.
Ezra Kaz 4:14  Патшаның алдында біздің борышымыз бар, әрі патшаның абыройына қандай да дақ түсуіне жол берсек, сол дұрыс болмас еді. Сондықтан бұл хатты жіберіп, патшаға мәлімдеп отырмыз.
Ezra Kaz 4:15  Осы мәселе туралы ата-бабаңыздың жылнамаларынан іздестірсеңіз екен. Сол кітаптардан осы қаланың бас көтергіш қала екеніне, әрі оның патшалар мен аймақтарға көп зиян келтіргеніне көзіңіз жететін болады. Ежелгі заманнан бері бұл қаладағылар бүлік шығарып келген еді. Сондықтан да қала қиратылып, қаңырап бос қалдырылды.
Ezra Kaz 4:16  Сонымен патшаға білдірмек болғанымыз мынау: егер сол қала қайта тұрғызылып, қабырғалары бекітіліп жөнделсе, онда Сіз түбінде Батыс Евфрат өлкесіндегі бүкіл иеліктеріңізден де айырылып қалып жүрерсіз».
Ezra Kaz 4:17  Патша бұған мынадай жауап жолдады:«Әмірші Рехумге, хатшы Шимшайға және Самария мен Батыс Евфрат өлкесінде тұрып жатқан олардың қызметтестеріне сәлем.
Ezra Kaz 4:18  Өздерің жолдаған хаттарың мұқият аударылып, маған оқылғаннан кейін,
Ezra Kaz 4:19  менің бұйрығыммен (жылнамаларда) тексеріс жасалды. Осы қаланың ежелден бері патшаларға қарсы шығып, оның ішінде көтеріліс пен бүліктің болып келгені анықталды.
Ezra Kaz 4:20  Кезінде Иерусалимнің бүкіл Батыс Евфрат өлкесіне билік жүргізген құдіретті патшалары болғаны, оларға ақшалай және заттай алым-салықтар мен кеден салығының төленгені де белгілі болды.
Ezra Kaz 4:21  Сондықтан сол адамдарға: «Жұмысты тоқтатыңдар! Мен арнайы жарлық шығармайынша қала қайта тұрғызылмасын!» деген бұйрық беріңдер!
Ezra Kaz 4:22  Бұл іске ешкімнің немқұрайды қарамауын қадағалаңдар! Әйтпесе патшаның мүддесіне зиян келтіре алатын қауіп төніп тұр ғой».
Ezra Kaz 4:23  Артақсерікс патшаның осы хатының көшірмесі Рехумге, хатшы Шимшайға және олардың қызметтестеріне оқыла салысымен-ақ, олар дереу Иерусалимдегі яһудилерге барып, жұмысты күштеп тоқтатқызып тастады.
Ezra Kaz 4:24  Сонымен Иерусалимде Құдайдың киелі үйінің құрылысы доғартылды. Ол парсы патшасы Дарийдің билік жүргізген екінші жылына дейін тоқтап тұрды.