Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
II SAMUEL
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 10
II S Kaz 10:1  Біраз уақыт өткеннен кейін Аммон халқының патшасы Нахаш қайтыс болып, оның ұлы Анон орнын басып патшалық құрды.
II S Kaz 10:2  Дәуіт: «Әкесі Нахаштың маған жақсылық жасағанындай, мен де оның ұлы Анонға жақсылық жасайын», — деп ойлады. Содан ол әкесінің қазасына көңіл айту үшін Анонға қызметкерлерін жіберді. Алайда елшілері Аммон еліне жеткенде,
II S Kaz 10:3  аммондық әміршілер патша иелері Анонға күдіктерін білдіріп былай деді: «Дәуіт мына адамдарын шынымен көңіл айтып, әкеңізге құрмет көрсету үшін жіберіп отыр деп ойлайсыз ба? Ол қызметкерлерін қаланы барлап, жақсылап біліп алу үшін сізге жіберіп отыр емес пе? Кейін ол әскерімен келіп, астан-кестенін шығармақшы!»
II S Kaz 10:4  Сонда Анон Дәуіттің қызметкерлерін тұтқындап, әрқайсысының сақалын жартысына дейін қырқып, шапандарын белдеріне дейін қысқартып қиып тастады. Мұнан кейін оларды кері қайтарып жіберді.
II S Kaz 10:5  Бұл туралы хабар Дәуіттің құлағына жеткенде, ол қатты масқараланған елшілерінің алдарынан хабаршыларын жіберіп, оларға: «Сақалдарың өскенше Иерихонда қала тұрыңдар! Содан кейін қайтып келерсіңдер!» — дегенді айтқызды.
II S Kaz 10:6  Аммондықтар Дәуітті өздеріне қарсы өшіктіріп алғанын ұғынды. Сондықтан олар өкілдерін жұмсап, арамалықтардың Бет-Рехоб және Соба деген екі патшалығынан жиырма мың, Маханың патшасынан тағы бір мың әрі Тобтың адамдарынан он екі мың жаяу жасақшысын жалдап алды.
II S Kaz 10:7  Дәуіт бұл туралы хабар алғанда, оларға қарсы Жоғабтың басшылығындағы батыл да мықты сарбаздардан құралған бүкіл жасағын аттандырды.
II S Kaz 10:8  Аммондықтар астаналарынан шығып, қала қақпасының жанында шайқасқа дайындалып сап түзеді. Соба мен Рехобтың арамалықтары және Тоб пен Маханың ер азаматтары далада бөлек тұрды.
II S Kaz 10:9  Жоғаб өз жасағының екі жақтан: алдынан да, артынан да соғысуына тура келіп тұрғанын байқаған соң, бүкіл Исраилдің таңдаулы сарбаздарын іріктеп алып, арамалықтарға қарсы сапқа тұрғызды,
II S Kaz 10:10  ал жасақтың қалған бөлігін аммондықтарға қарсы бастап шығуды өзінің туған інісі Әбішайдың қолына тапсырды.
II S Kaz 10:11  Оған былай деп бұйырған болатын: «Егер арамалықтар маған тым қатты қысым көрсете бастаса, сен маған көмекке кел! Ал аммондықтар сені тықсырып бара жатса, мен саған көмекке барамын.
II S Kaz 10:12  Батыл бол! Халқымыз үшін, Құдайымыздың қалалары үшін мызғымай берік тұрайық! Ал Жаратқан Ие дұрыс деп тапқанын істесін!»
II S Kaz 10:13  Жоғаб пен оның сарбаздары арамалықтарға тап бергенде, олар қаша жөнелді.
II S Kaz 10:14  Олардың қашқанын көрген аммондықтар да Әбішай бастаған жасақтан шегіне қашып, қалаға кіріп кетті. Сонда Жоғаб аммондықтарға қарсы жорығын доғарып, Иерусалимге қайта оралды.
II S Kaz 10:15  Арамалықтар өздерінің исраилдіктерден жеңілгенін көріп, бәрі бір жерге жиналды.
II S Kaz 10:16  Ададәзер Евфрат өзенінің ар жағына елшілерін жұмсап, онда тұратын арамалық жасақшыларды шақырды. Олар (Ғилақад аймағындағы) Хеламға жетіп, (Арама патшасы) Ададәзердің әскербасы Шобақтың қол астына кірді.
II S Kaz 10:17  Дәуіт бұл туралы біле сала, Исраилдің бүкіл жасағын жинап алды. Содан Иордан өзенін кесіп өтіп, Хеламға аттанды. Арамалықтар Дәуітпен шайқасу үшін жасақшыларын сапқа тұрғызып, лап қойды.
II S Kaz 10:18  Бірақ олар қайтадан Исраилдің жасағынан шегініп, қаша жөнелді. Дәуіттің сарбаздары олардың жеті жүз соғыс күймесінің айдаушыларын және қырық мың жаяу әскерін мерт қылды. Арамалық қолбасшы Шобақ та шайқаста ауыр жарақаттанып, сол жерде қаза тапты.
II S Kaz 10:19  Ададәзерге бағынышты барлық патшалар өздерінің Исраилден жеңілгендерін көргенде, Исраилмен бітім жасасып, оған мойынсұнатын болды. Арамалықтардың енді қайтып аммондықтарға көмектесуге батылдары бармады.