Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
II SAMUEL
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 16
II S Kaz 16:1  Дәуіт зәйтүн тауының басынан сәл өте бергенде, оған Мепібошеттің қызметшісі Сиба кездесе кетті. Оның жанында екі жүз күлше нан, жүз-жүзден мейіз бен інжір бумалары және бір торсық шарап артылған, жұпталған бірнеше есегі бар еді.
II S Kaz 16:2  Патша Сибадан:— Сен бұлармен не істемексің? — деп сұрады. Сиба:— Есектер патшаның үй іші мінсін деп әкелінген, нан мен жемістер жігіттерге жеуге тағам, ал шарап елсіз далада жүріп, шаршағандардың күшін нығайтуға арналған, — деді.
II S Kaz 16:3  Патша:— Ал мырзаңның ұлы Мепібосет қайда? — деп сұрағанда, Сиба мынадай жауап берді:— Ол: «Бүгін Исраил халқы маған атам Саулдың патшалығын қайтарып береді!» деп Иерусалимде қалып қойды. —
II S Kaz 16:4  Сонда патша:— Ендеше Мепібосеттің меншігінің бәрі сенікі болсын! — деді. Сиба:— Алдыңызда бас иіп құлдық етемін, уа, патша ием. Лайым мейіріміңізге ие болсам екен, — деп алғысын білдірді.
II S Kaz 16:5  Дәуіт патша Бахуримге таяп қалғанда, сол елді мекеннен Саулдың әулетіне жататын біреу шықты. Гера ұлы Шимей есімді сол адам патшаны қарғап-сілеп келе жатты.
II S Kaz 16:6  Шимей Дәуіт пен оның нөкерлеріне, екі жағынан да еріп келе жатқан адамдарына және мықты жауынгерлеріне тас лақтыра берді.
II S Kaz 16:7  Шимей қарғыс жаудырып былай деді:— Кет, шық елден! Әй, қанішер, жексұрын!
II S Kaz 16:8  Сен Саулдың орнына патша болып алғаннан кейін оның әулетінің қанын төктің. Сол үшін Жаратқан Ие сені жазалап отыр! Патшалықты ұлың Абессаломның қолына Жаратқан Ие алып берді. Сен кісі өлтірген қанішерсің, сондықтан да осы пәле басыңа түсіп отыр!
II S Kaz 16:9  Сонда Сарұяның ұлы Әбішай патшаға:— Мына иттің өлімтігі неге патша иемді қарғап балағаттауда?! Мен қазір-ақ барып, басын шауып тастайын! — деді.
II S Kaz 16:10  Бірақ патша оған былай деп тыйым салды:— Жоқ! Сарұяның ұлдары, мұны маған не үшін айтасыңдар? Жаратқан Иенің Өзі «Дәуітті қарға!» деп айтқандықтан ол мені қарғаса, онда Шимейге ешкім де: «Қой, неге бұлай істейсің?» деп айта алмайды. —
II S Kaz 16:11  Дәуіт Әбішай мен барлық қызметкерлеріне мынаны қоса айтты: — Тіпті өзімнің туған ұлым жанымды алмақшы! Ендеше мына буняминдіктің мені қарғауына одан да көп себебі бар. Жаратқан Ие оған солай айтқандықтан, бұл кісіге тиіспеңдер! Мейлі, қарғай берсін!
II S Kaz 16:12  Мүмкін, Жаратқан Ие менің көріп жатқан жәбіріме назар аударып, бүгін естіген қарғыстарымның орнына жақсылық сыйлар!
II S Kaz 16:13  Осылай Дәуіт пен оның адамдары сапарларын жалғастыра берді. Ал Шимей сайдың ар жақтағы беткейімен жол бойы қарғап, тас лақтырып, шаңды бұрқырата шашып, олардың арттарынан қалмай жүріп отырды.
II S Kaz 16:14  Патша мен оның қасында еріп жүрген барлық адамдары шаршап-шалдығып көздеген жерлеріне жетіп, тынығып демалуға аялдады.
II S Kaz 16:15  Абессалом Исраилдің барлық адамдарымен бірге Иерусалимге кіргенде, Ахитопел де оның қасында болды.
II S Kaz 16:16  Ал Дәуіттің досы әрі жеке кеңесшісі архилік Хушай Абессаломға кезігіп:— Патша жасасын! Патша жасасын! — деп ұрандап қошеметтеді.
II S Kaz 16:17  Абессалом Хушайға:— Досыңа деген адалдығың осы ма? Неге сен досыңмен бірге кетіп қалмадың? — деген сауал қойды.
II S Kaz 16:18  Хушай Абессаломға былай деп жауап берді:— Керісінше, мен Жаратқан Иенің, мына халықтың және бүкіл Исраил елінің таңдап алған адамының жағындамын! Соған ғана қызметші болып, сонымен ғана қалғым келеді!
II S Kaz 16:19  Оның үстіне, баласына қызмет етпегенде, кімге қызмет етейін? Әкеңізге қалай қызмет еткен болсам, дәл солай сізге де қызмет етемін!
II S Kaz 16:20  Абессалом Ахитопелге:— Ақылыңды айтшы, енді не істеуіміз керек? — деген сұрақ қойды.
II S Kaz 16:21  Ахитопел:— Әкеңіздің сарайды қарасын деп қалдырып кеткен кәнизактарына барып, олармен жатып шығыңыз. Сонда бүкіл Исраил сіздің әкеңізді әбден қорлап, онымен ешқашан татуласпайтыныңызға көз жеткізетін болады. Осылайша өз жақтастарыңыздың бәрі де жігерленіп нығая түседі, — деп жауап қайырды.
II S Kaz 16:22  Сөйтіп Абессалом үшін үйдің жалпақ төбесінде шатыр тігілді. Ол бүкіл Исраилдің көз алдында соған кіріп, әкесінің кәнизактарымен бірге болды.
II S Kaz 16:23  Сол кездері жұрт Ахитопелдің берген кеңестеріне Құдайдың айтқан сөзіндей қарайтын. Дәуіт те, Абессалом да Ахитопелдің ақыл-кеңесін солай санайтын.