Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
II SAMUEL
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 24
II S Kaz 24:1  Жаратқан Иенің қаһары (күнә жасап жүрген) Исраилге қарсы қайтадан лаулады. Сонда (әзәзіл) Дәуітті халыққа қарсы қойып: «Бар да, (Солтүстік) Исраил мен Яһуданы санақтан өткіз!» — деп түрткіледі.
II S Kaz 24:2  Патша Жоғабқа және оның қарамағындағы қолбасшыларына бұйрық берді:«Әскер жасындағы халықтың санын білгім келеді. Исраилдің руларын оңтүстіктегі Бер-Шебадан солтүстіктегі Данға дейінгі аралықты түгелдей қамтып, халықтың санағын алыңдар!» — деді.
II S Kaz 24:3  Жоғаб патшаға:— Әскер жасындағы халқыңыз қаншама көп болса, Құдайыңыз Жаратқан Ие оны жүз есе көбейте көрсін! Мұны өз көзімен көруді тақсыр иеме жазсын! Ал, патша ағзам, мұндай шараны неліктен іске асырғыңыз келіп отыр? — деп жауап берді.
II S Kaz 24:4  Алайда патша Жоғаб пен өзге қолбасшыларын өзінің бұйрығын орындауға көндірді. Олар патшаның қасынан шығып, Исраил халқын санақтан өткізуге кетті.
II S Kaz 24:5  Жоғаб пен өзге әскер басшылары Иорданды кесіп өтіп, Арогердің маңында, аңғардағы қалашықтың оңтүстік жағына қостарын тігіп, іске кірісті. Содан кейін Ғад руының жерін аралап, Жазерге,
II S Kaz 24:6  мұнан соң Ғилақадқа, Тахтим-Ходши аймағына және Дан-Яғанға барды. Содан кейін бұрылып, Сидонға қарай бағыт алды да,
II S Kaz 24:7  Тир қорғанын және хивтіктер мен қанахандықтардың барлық қалаларын аралап шықты. Соңында Яһуда руының оңтүстіктегі Бер-Шеба қаласына жетті.
II S Kaz 24:8  Осылай олар бүкіл елді кезіп шығып, тоғыз ай жиырма күннен кейін Иерусалимге қайтып келді.
II S Kaz 24:9  Жоғаб патшаға халық санағының мына қорытындысын баяндады: Семсер ұстауға жарамды мықты адамдардың саны Солтүстік Исраилде сегіз жүз мың, Яһудада бес жүз мың адам болды.
II S Kaz 24:10  Бірақ осыдан кейін Дәуіттің ар-ұжданы қатты қиналып, халықты санақтан өткізгеніне опық жеді. Содан ол Жаратқан Иеге: «Мен осыны істеп, ауыр күнә жасадым. Өтінемін сенен, уа, Жаратқан Ие, алдыңдағы қызметшіңнің күнәсін кешіре гөр. Мен зор ақымақтық жасадым», — деп сиынды.
II S Kaz 24:11  Дәуіт келесі күні таңертең төсектен тұрғанда, оның қызметіндегі Ғад пайғамбарға Жаратқан Ие сөзін арнап былай деген еді:
II S Kaz 24:12  «Дәуітке барып, хабарымды жеткіз: Жаратқан Ие мынаны айтады: саған біреуін таңдап алуға үш жазаны ұсынамын. Таңдап алғаныңды Мен өзіңе қолданамын». —
II S Kaz 24:13  Сонымен Ғад Дәуітке барып, былай деді:— Қайсысын таңдап аласың: не еліңде жеті жыл бойы ашаршылық жайлағанын ба; не өзіңнің үш ай бойы артыңнан қуған жауларыңнан қашқаныңды ма; не еліңді үш күн бойы індет билегенін бе? Енді ойланып, өзімді Жібергенге қандай жауап қайтаруымды шешіп айта гөр. —
II S Kaz 24:14  Дәуіт Ғадқа:— Жаным қатты қиналып тұр! Жаратқан Иенің қолына түсейік, өйткені Оның мейірімі мол. Бірақ адамдардың қолына түспейінші! — деп жауап берді.
II S Kaz 24:15  Сол себепті Жаратқан Ие таңертеңнен бастап, белгілеген уақыттың соңына дейін Исраилге індет жайлатты. Солтүстіктегі Даннан оңтүстіктегі Бер-Шебаға дейін жетпіс мың ер адам өлді.
II S Kaz 24:16  Халықты қырып жатқан періште енді Иерусалимді де құрту үшін қолын соза бергенде, Жаратқан Ие болып жатқан апат туралы аяушылық танытып, періштеге: «Жетер енді, қолыңды тарт!» — деп бұйырды. Сол кезде Жаратқан Иенің періштесі ебустік Орнаның астық бастыратын қырманының қасында болған еді.
II S Kaz 24:17  Дәуіт халықты қырып жатқан періштені байқап қалып, Жаратқан Иеге:— Күнәға батқан мен ғой! Менің өзім теріс іс жасадым. Бірақ қарамағымдағы осы «қойларым» не істеді? Олардың орнына өзімді және отбасымды жазалай гөр! — деп жалынды.
II S Kaz 24:18  Сол күні Ғад пайғамбар Дәуітке келіп: «Ебустік Орнаның астық бастыратын қырманына өрлеп барыңыз! Сол жерде Жаратқан Иеге арнап құрбандық ұсынатын орын тұрғызыңыз», — деді.
II S Kaz 24:19  Сонда Дәуіт Жаратқан Иенің бұйрығына сай солай қарай өрледі.
II S Kaz 24:20  Орна (бұл кезде астық бастырып жатқан еді. Ол) патша мен оның қызметкерлерінің келе жатқанын көрген бойда патшаның алдынан шығып, жерге дейін иіліп тағзым етті.
II S Kaz 24:21  — Патша ием өзінің қызметшісіне неге келді екен? — деп сұрады ол. Дәуіт:— Сенің қырманыңды сатып алуға келдім! Халықты қырып жатқан пәлені тоқтату үшін осы жерде Жаратқан Иеге бағыштап құрбандық үстелін тұрғызбақпын, — деп жауап қайтарды.
II S Kaz 24:22  Орна:— Патша ием өзінің қалағандарын сый-тарту ретінде қолдана берсін. Міне, өгіздер құрбандыққа шалынып, өртеліп ұсынылсын. Астық бастырғыш ағаш тақтай және өгіздердің мойынтұрығы отын ретінде пайдаланылсын.
II S Kaz 24:23  Уа, тақсыр, мұның барлығын да патшама сыйлаймын, — деді. Орна сөзін аяқтап: — Құдайыңыз Жаратқан Ие құрбандығыңызды қабылдап, сізге оң көзімен қарай көрсін! — деп ізгі тілек білдірді.
II S Kaz 24:24  Алайда патша Орнаға:— Жоқ, бұларды құнын төлеп сатып аламын! Мен тегін алғанды Құдайыма Жаратқан Иеге бағыштап құрбандыққа шалып, өртеп ұсынбаймын, — деп қарсылық білдірді.Сонымен Дәуіт қырман мен өгіздерді елу мысқал күміске сатып алды.
II S Kaz 24:25  Сол жерде ол Жаратқан Иеге арнап құрбандық орнын тұрғызып, малдарды шалып, түгелдей өртеп жіберді, әрі ризашылық құрбандықтарын да ұсынды. Жаратқан Ие ел үшін жасалған мінажаттарды рақыммен қабылдады. Исраилді жайлаған пәле осылай тоқталды.