Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
II SAMUEL
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 2
II S Kaz 2:1  Осыдан кейін Дәуіт Жаратқан Иенің еркін білу үшін Одан:— Яһуданың қалаларының біріне өрлеп баруым керек пе? — деп сұрады. Жаратқан Иенің жауабы мынау болды:— Иә, сол жерге бар!— Қайсысына барайын? — Жаратқан Ие:— Хебронға! — деп бұйырды.
II S Kaz 2:2  Сонымен Дәуіт екі әйелі: ізрелдік Ахиноғам мен кәрмелдік Набалдың жесірі Әбигелді ертіп алып, сол жаққа көшіп барды.
II S Kaz 2:3  Дәуіт қасында жүрген адамдарын да отбасыларымен бірге ілестіріп, бәрі Хебронның өзіне және маңындағы қалашықтарға қоныстанды.
II S Kaz 2:4  Сонда Яһуда руының адамдары келіп, Дәуітке май жағу рәсімін жасап, оны Яһуданың патшасы етіп тағайындады.«Ғилақадтағы Ябестің тұрғындары Саулдың мәйітін қабірге қойыпты» деген хабар Дәуітке жетті.
II S Kaz 2:5  Сонда ол сол қалаға елшілерін жіберіп, оларға мына сәлемін жолдады: «Тақсыр иелеріңіз Саулға жақсылық жасап, сүйегін қабірге қойғандарыңыз үшін Жаратқан Ие сіздерді жарылқап,
II S Kaz 2:6  лайым Өзінің берік мейірімі мен сенімділігін көрсете берсін! Бұл істегендеріңізді мен де жақсылықпен қайтарамын.
II S Kaz 2:7  Сондықтан мықты да батыл бола беріңіздер! Тақсыр иелеріңіз Саул көз жұмды. Ал Яһуда руы мені өздерінің патшасы етіп тағайындады».
II S Kaz 2:8  Алайда Саулдың қолбасшысы Нер ұлы Әбенир Саулдың тірі қалған ұлы Ишбосетті ертіп алып, Иорданнан өтіп, Маханайымға барды.
II S Kaz 2:9  Сол қалада ол Ишбосетті Ғилақад, Ашур, Ізрел, Ефрем, Бунямин және Исраилдің қалған аймақтарының үстінен патша етіп тағайындады.
II S Kaz 2:10  Саул ұлы Ишбосет Исраилге патшалық құра бастағанда жасы қырықта еді. Ол екі жыл билік жүргізді. Алайда Яһуда руы Дәуітті қолдап оған адал болды.
II S Kaz 2:11  Дәуіт Хебронда жеті жыл алты ай бойы Яһуда еліне патшалық құрды.
II S Kaz 2:12  Бірде қолбасшы Әбенир Ишбосеттің жасақшыларын ертіп алып, Маханайымнан Гибеонға аттанды.
II S Kaz 2:13  Сарұяның ұлы Жоғаб та Дәуіттің сарбаздарымен бірге аттанып, оларды Гибеондағы хауыздың жанында кездестірді. Бір жасақ хауыздың бергі жағасына, екіншісі хауыздың арғы жағасына орнықты.
II S Kaz 2:14  Әбенир Жоғабқа:— Бірқатар жас жігіттер алға шықсын, олар біздің алдымызда күш сынасып көрсін! — деп ұсынды. Жоғаб:— Жарайды, шықсын! — деп келісті.
II S Kaz 2:15  Содан жігіттер орындарынан тұрып, алға шықты. Олар саналып, Бунямин руынан Саул ұлы Ишбосеттің атынан он екі, Дәуіттің сарбаздарынан да он екі болып бекітілді.
II S Kaz 2:16  Сынасқандардың әрқайсысы қарсыласының басынан шап беріп ұстап алып, қолындағы семсерін оның бүйіріне сұғып алды. Осылай екеуі де бірдей мерт болды. Сондықтан сол жер Хелқат-Хасурим (яғни Семсер жүзі майданы) деп аталып кетті. Ол Гибеон жақта орналасқан.
II S Kaz 2:17  Сол күні қиян-кескі шайқас болды. Дәуіттің сарбаздары Әбенирді және Солтүстік Исраилдің адамдарын жеңіп шықты.
II S Kaz 2:18  Сарұяның Жоғаб, Әбішай және Асахил есімді үш ұлы да сол жерде болды. Олардың ішінде Асахил даланың ақбөкеніндей желаяқ болатын.
II S Kaz 2:19  Сол Асахил Әбенирдің соңына түсіп алып, не оңға, не солға бұрылмай өкшелеп қалмай қойды.
II S Kaz 2:20  Біраздан кейін Әбенир артына қарап,— Бұл сенбісің, Асахил? — деп сұрады. Ол:— Иә, бұл менмін, — деп жауап берді.
II S Kaz 2:21  Әбенир оған:— Не оңға, не солға бұрылып, мына жас жігіттердің біріне бас салып, соның қару-жарағын олжала! — деп ұсынды. Бірақ Асахил тоқтамастан оның соңынан қалмады.
II S Kaz 2:22  Әбенир Асахилге тағы бір рет ескертіп:— Менің соңыма түсуіңді доғар! Неге сені шауып өлтіруім керек? Олай істесем, ағаң Жоғабтың алдына не бетіммен барамын? — деді.
II S Kaz 2:23  Бірақ Асахил қалмай қойды. Сонда Әбенир найзасының сабын оның ішіне сұғып алып, сап оның арқасынан бір-ақ шықты. Ол құлап, сол жерде жан тапсырды. Асахил қаза тапқан жерге келгендердің бәрі де сонда тоқтай қалды.
II S Kaz 2:24  Ал Жоғаб пен Әбішай Әбенирдің соңына түсті. Күн батып қалғанда олар Гибеонның елсіз даласына бара жатқан жолдағы Гияхтың маңындағы Амма төбесіне жетті.
II S Kaz 2:25  Буняминдіктер Әбенирдің артына жиналып, бір топ құрып, төбе басына бекініп алды.
II S Kaz 2:26  Әбенир Жоғабқа дауыстап былай деді:— Семсер қашанға дейін жалмай бермек? Мұның арты ащы қасіретпен бітетінін білмейсіз бе? Ағайындарыңның соңынан қууды тоқтатыңдар деп жасағыңа қашанғы бұйырмайсыз? —
II S Kaz 2:27  Жоғаб оған:— Мәңгі тірі Құдайдың алдында шын айтамын: сіз осыны айтпағанда жасақ өз ағайындарын қуудан таң атқанда ғана бас тартқан болар еді! — деп жауап қайтарды.
II S Kaz 2:28  Содан Жоғаб керней тартып, жасақшыларына белгі берді. Барлығы тоқтап, Солтүстік Исраилдің жасағын қудалап олармен соғысуын қойды.
II S Kaz 2:29  Әбенир мен оның адамдары сол түні бойы Иордан алқабындағы елсіз дала арқылы жүріп, өзеннен өтіп, Битрон жылғасының бойымен жүре отырып Маханайымға жетті.
II S Kaz 2:30  Жоғаб та Әбенирдің қуғынынан қайта оралды. Ол сарбаздарын бір жерге жинап түгендеді. Сонда ол Дәуіттің Асахилден басқа тек он тоғыз қызметшісінің ғана жоқ екендігін санап біліп алды.
II S Kaz 2:31  Бірақ Дәуіттің сарбаздары буняминдіктер мен Әбенирдің адамдарының үш жүз алпысының көзін жойған болатын.
II S Kaz 2:32  Жоғаб және қасындағылар Асахилдің мәйітін әкесінің Бетлехемдегі қабіріне қойды. Содан соң Жоғаб пен оның адамдары түні бойы жол жүріп, таң атқанда Хебронға жетті.