Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
LEVITICUS
Prev Up Next
Chapter 17
Levi Kaz 17:1  Жаратқан Ие Мұсаға тағы былай деп бұйырды:
Levi Kaz 17:2  — Һарон мен оның ұлдарына және барлық исраилдіктерге мынаны айт: Жаратқан Иенің бұйрығы мынау:
Levi Kaz 17:3  егер Исраил халқынан біреу не мүйізді ірі қарасын, не тоқтысын, не ешкісін ел қонысының ішінде немесе оның сыртында шалып,
Levi Kaz 17:4  ал оны кездесу шатырының кіреберісіне алып келіп, Жаратқан Иеге арнап Оның (жер бетіндегі) тұрағының алдында құрбандыққа ұсынбаса, малдың қаны сол адамның өз мойнына жүктеледі. Адам қан төккен болып есептелінеді, оны халықтан аластату қажет.
Levi Kaz 17:5  Бұның мақсаты — исраилдіктердің бұрын ашық далада шалып келген құрбандықтарын бұдан былай Жаратқан Иеге әкелулері. Олар құрбандықтарын кездесу шатырының кіреберісіндегі діни қызметкерге алып келіп, оларды Жаратқан Иемен қарым-қатынастарына ризашылықтарын білдіріп құрбандыққа шалып, Оған ұсынсын.
Levi Kaz 17:6  Діни қызметкер құрбандықтың қанын кездесу шатырының кіреберісінің алдында тұрған Жаратқан Иенің құрбандық үстеліне шашып, майларын Жаратқан Иеге хош иісті де ұнамды тарту ретінде өртеп жіберсін.
Levi Kaz 17:7  Олар бұдан былай Жаратқан Иеге опасыздық жасап, теке кейпіндегі жалған тәңірлерге құлшылық етпесін, әрі соларға ешбір құрбандықтарын ұсынбасын! Бұл — олардың өздері үшін де, келер ұрпақтары үшін де тұрақты ереже.
Levi Kaz 17:8  Оларға былай де: егер не Исраилдің үрім-бұтағынан біреу болсын, не араларында тұрып жатқан жат жұрттық адам болсын, шалынып, түгелдей өртелетін немесе басқа бір құрбандық ұсынса,
Levi Kaz 17:9  бірақ онысын Жаратқан Иеге ұсыну үшін кездесу шатырының кіреберісіне алып келмесе, сол адам халықтың арасынан аластатылсын!
Levi Kaz 17:10  Егер не Исраилдің үрім-бұтағынан біреу, не араларында тұрып жатқан жат жұрттықтардан біреу қанның кез келген түрін ішіп-жейтін болса, Мен сондай адамға қарсы шығып, оны халықтың арасынан аластатамын.
Levi Kaz 17:11  Себебі тірі мақұлықтың жаны оның қанында. Мен сендерге жандарыңды арамданған күйлерінен тазарту үшін құрбандық үстелінде ұсынылған қанды бұйырдым. Өйткені төгілген қан арқылы жанның құны өтеліп, оны арамданған күйінен тазартады.
Levi Kaz 17:12  Сондықтан Мен Исраил халқына былай дедім: «Сендердің ешқайсыларыңның да, араларыңда тұрып жатқан жат жұрттықтардың да қанды ішіп-жеулеріңе болмайды!»
Levi Kaz 17:13  Не исраилдік, не араларыңда тұрып жатқан жат жұрттық біреу жеуге болатын аңды не құсты ауласа, соның қанын толық ағызып, топырақпен көміп тастаңдар!
Levi Kaz 17:14  Әрбір мақұлықтың жаны оның қанында. Сол себепті Мен исраилдіктерге ешқандай тәннің қанын ішіп-жемеуді бұйырдым. Өйткені барлық мақұлықтардың жаны қанында. Сол себепті оны ішіп-жеген әркім аластатылуға тиіс.
Levi Kaz 17:15  Кімде-кім, не исраилдік болсын, не жат жұрттық болсын, арам өлген немесе жыртқыш аңдарға таланып өлген хайуанның етін жесе, ол киімдерін жуып, өзі де сумен жуынсын. Сол адам кешке дейін арамданған, ал содан соң таза болып саналады.
Levi Kaz 17:16  Ал егер киімдерін жумай, өзі де жуынбаса, оның айыбы өз мойнында болады.