Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
LEVITICUS
Prev Up Next
Chapter 14
Levi Kaz 14:1  Содан соң Жаратқан Ие Мұсаға нұсқау беріп былай деді:
Levi Kaz 14:2  — Жұқпалы тері ауруымен ауырған адамның тазаруы туралы заң мынау: адам жазылған кезде діни қызметкерге көрінуі керек.
Levi Kaz 14:3  Сонда діни қызметкер ел қонысының сыртына шығып, адамды қарап шықсын. Егер ол адамның тері ауруынан жазылғанын анықтаса,
Levi Kaz 14:4  онда ол сол адамға тазару рәсімін орындау үшін екі тірі адал құсты, біраз самырсын ағашын, қырмызы жіп пен сайсағыз бұтақшасын әкелуге бұйырсын.
Levi Kaz 14:5  Діни қызметкер екі құстың бірін таза су құйылған қыш құмыраның үстінде шалуға бұйырсын.
Levi Kaz 14:6  Діни қызметкер тірі құсты қолына ұстап алып, самырсын ағашымен, қырмызы жіппен және сайсағыз бұтақшасымен бірге таза су үстінде шалынған құстың қанына малып алсын.
Levi Kaz 14:7  Діни қызметкер жұқпалы тері ауруынан тазару рәсімінен өтіп жатқан адамға қанды жеті рет бүріксін. Содан соң оны таза деп жарияласын. Ал тірі құсты далаға босатып жіберсін.
Levi Kaz 14:8  Тазару рәсімінен өтіп жатқан адам киімдерін жақсылап жуып, денесіндегі шашы мен түгін түгел қырып алып тастап, сумен жуынып тазарсын. Осыдан кейін оған ел қонысына кіруге болады, бірақ жеті күн бойы үйінің сыртында тұруға тиіс.
Levi Kaz 14:9  Жетінші күні ол шашын, сақалын, қастарын және денесіндегі бар түкті түгелдей қырып алып тастасын. Адам киімдерін жақсылап жуып, денесін де сумен жусын, содан кейін таза болып саналады.
Levi Kaz 14:10  Ауруынан сауыққан адам сегізінші күні мінсіз екі еркек тоқты мен бір жасар ұрғашы тоқтыны әкелсін. Ол, сондай-ақ, астық тартуына арнап пұттың оннан үш бөлігіндей мөлшердегі зәйтүн майымен араластырылған таңдаулы бидай ұнын және бір шағын құмыра зәйтүн майын да дайындасын.
Levi Kaz 14:11  Діни қызметкер тазару рәсімінен өтіп жатқанның өзін және оның әкелген тартуларын кездесу шатырының кіреберісіне алып келіп, Жаратқан Иеге ұсынсын.
Levi Kaz 14:12  Діни қызметкер еркек тоқтылардың бірін айыпты өтейтін құрбандық ретінде шалсын. Бір шағын құмыра зәйтүн майын да алып, бәрін Жаратқан Иенің алдында әрі-бері тербеп ұсынсын.
Levi Kaz 14:13  Діни қызметкер екінші еркек тоқтыны күнәнің құнын өтейтін құрбандық пен түгелдей өртелетін құрбандықтар шалынатын киелі орында шалсын. Күнәнің құнын өтейтін құрбандық сияқты, айыпты өтейтін құрбандық та діни қызметкерге тиісті; ол Жаратқан Иеге бағышталған ерекше киелі.
Levi Kaz 14:14  Бұдан кейін діни қызметкер айыпты өтейтін құрбандықтың біраз қанын алып, тазару рәсімінен өтіп жатқан адамның оң құлағының сырғалығына, оң қолының бас бармағына және оң аяғының үлкен башпайына жақсын.
Levi Kaz 14:15  Діни қызметкер зәйтүн майы құйылған шағын құмырадан біраз майды өзінің сол жақ алақанына құйып,
Levi Kaz 14:16  оң қолының бір саусағын соған малып алсын да, оны Жаратқан Иенің алдында жеті рет бүріксін.
Levi Kaz 14:17  Діни қызметкер алақанында қалған майынан тазару рәсімінен өтіп жатқан адамның оң құлағының сырғалығына, оң қолының бас бармағы мен оң аяғының үлкен башпайына жағылған қанның үстіне жақсын.
Levi Kaz 14:18  Алақанындағы майдың қалған бөлігін діни қызметкер тазару рәсімінен өтіп жатқан адамның басына жақсын. Осылайша ол Жаратқан Иенің алдында адамды арамданған күйінен тазартады.
Levi Kaz 14:19  Содан соң діни қызметкер күнәнің құнын өтейтін құрбандықты шалып, тері ауруынан жазылған адамға арамданған күйінен тазарту рәсімін қайтадан жасасын. Осыны істеп болған соң діни қызметкер түгелдей өртелетін құрбандықты шалып,
Levi Kaz 14:20  оны астық тартуымен бірге құрбандық үстелінде өртеп жіберсін. Бұларды тері ауруынан жазылған адамды арамданған күйінен тазарту үшін ұсынсын. Осылайша адам таза болып саналады.
Levi Kaz 14:21  Ал егер ауруынан жазылған адам кедей болып, құрбандыққа екі тоқты шалуға жағдайы көтермесе, ол бір еркек тоқтыны ғана айыпты өтейтін құрбандық ретінде, зәйтүн майымен араластырылған, пұттың оннан бір бөлігіндей мөлшердегі таңдаулы бидай ұнын астық тартуы ретінде және бір шағын құмыра зәйтүн майын алып келсін. Айыпты өтейтін құрбандық адамды арамданған күйінен тазарту үшін әрі-бері тербеліп ұсынылады.
Levi Kaz 14:22  Адам, сондай-ақ, өзінің әл-ауқатына қарай екі орман кептерін немесе екі жас көгершінді де әкелсін. Олардың біреуі күнәнің құнын өтейтін, екіншісі түгелдей өртелетін құрбандыққа шалынсын.
Levi Kaz 14:23  Тазару рәсімінің сегізінші күні сол адам осылардың бәрін Жаратқан Иеге ұсыну үшін кездесу шатырының кіреберісіне діни қызметкерге алып келсін.
Levi Kaz 14:24  Діни қызметкер айыпты өтейтін құрбандық ретінде бір тоқтыны және бір шағын құмыра зәйтүн майын алсын да, оларды Жаратқан Иенің алдында әрі-бері тербеп ұсынсын.
Levi Kaz 14:25  Діни қызметкер бұл тоқтыны айыпты өтейтін құрбандық ретінде шалсын. Содан ол құрбандықтың біраз қанын алып, тазару рәсімінен өтіп жатқан адамның оң құлағының сырғалығына, оң қолының бас бармағына, оң аяғының үлкен башпайына жақсын.
Levi Kaz 14:26  Діни қызметкер зәйтүн майы құйылған құмырадан біраз майды өзінің сол жақ алақанына құйып,
Levi Kaz 14:27  оң қолының бір саусағын соған малып алсын да, оны Жаратқан Иенің алдында жеті рет бүріксін.
Levi Kaz 14:28  Алақанында қалған майынан тазару рәсімінен өтіп жатқан адамның оң құлағының сырғалығына, оң қолының бас бармағына, оң аяғының үлкен башпайына жағылған қанның үстіне жақсын.
Levi Kaz 14:29  Діни қызметкер алақанындағы майдың қалған бөлігін тазару рәсімінен өтіп жатқан адамның басына жағып Жаратқан Иенің алдында сол адамды арамданған күйінен тазарту рәсімінен өткізсін.
Levi Kaz 14:30  Мұнан кейін діни қызметкер сол адамның әл-ауқатына қарай әкелген орман кептерлерін немесе жас көгершіндерін,
Levi Kaz 14:31  біріншісін күнәнің құнын өтейтін, екіншісін түгелдей өртелетін құрбандықтар ретінде шалсын. Діни қызметкер оларды астық тартуымен қоса Жаратқан Иеге сол адамды арамданған күйінен тазарту үшін ұсынсын.
Levi Kaz 14:32  Жұқпалы тері ауруымен ауырған және өзі үшін тазару рәсімін құрбандыққа мал шалып жасауға жағдайы көтермейтін адамға арналған ережелер осындай.
Levi Kaz 14:33  Жаратқан Ие Мұса мен Һаронға тағы да нұсқау беріп былай деді:
Levi Kaz 14:34  — Сендер Мен өздеріңе иемденуге беріп отырған Қанахан еліне кіріп, қоныстанғаннан кейін сондағы бір үйге Менің зеңнің жайылуына жол бергенімді көрсеңдер,
Levi Kaz 14:35  онда үйдің иесі діни қызметкерге барып: «Маған үйім зеңнен көгере бастағандай болып көрінеді», — десін.
Levi Kaz 14:36  Діни қызметкер үйдегі барлық нәрселерді арамданған деп жариялауына тура келмес үшін өзі сол үйге бармай тұрып: «Ішіндегінің бәрін шығарып, үйді босатып қойыңдар!» — деп үй иесіне бұйырсын. Содан соң діни қызметкер үйге кіріп, оны қарап шықсын.
Levi Kaz 14:37  Қабырғаларды жайлай бастаған көгеруді қарасын. Егер оның түсі жасыл немесе қызыл болып, сол дөңгелек дақтар қабырғаның бетінен ойық орналасқандай көрінсе,
Levi Kaz 14:38  онда діни қызметкер үйден шығып, оны жеті күнге жауып тастасын.
Levi Kaz 14:39  Жетінші күні ол үйді қайтадан қарап шықсын. Егер көгеру қабырғаларға жайыла түскен болса,
Levi Kaz 14:40  діни қызметкер көгеру жайлаған тастарды алдырып, қаланың сыртындағы (қоқыс тасталатын) арам орынға апарып тастауға бұйырсын.
Levi Kaz 14:41  Ол үйдің барлық ішкі қабырғаларын қырып-тазалауға да нұсқау берсін. Қырылып алынған қоқыс та қала сыртындағы арам орынға апарылып тасталсын.
Levi Kaz 14:42  Адамдар алынып тасталған тастардың орнына басқа тастарды қалап, саз балшықтан жасалған жаңа сылақпен үйдің ішін майлап шықсын.
Levi Kaz 14:43  Егер тастар алынып, қабырғалар қырып-тазаланып, жаңадан сыланғаннан кейін де көгеру қайтадан пайда болса,
Levi Kaz 14:44  діни қызметкер сол үйге қайтып барып, оны қарап шықсын. Егер көгеру үйдің ішін тағы да жайлай бастаған болса, бұл — кетіруге болмайтын өте зиянды зең, демек, үй арамданған.
Levi Kaz 14:45  Ондай үйді бұзып тастау керек. Оның барлық тастарын, бөренелері мен сылағын қаладан шығарып, арам орынға апарып тастау керек.
Levi Kaz 14:46  Ал діни қызметкер жеті күнге жауып тастаған үйге кірген әркім кешке дейін арамданған болады.
Levi Kaz 14:47  Сондай үйде ұйықтаған не тамақтанған әркім киімдерін жууы керек.
Levi Kaz 14:48  Егер діни қызметкер үйді қарауға келіп, жаңа сылақ жағылғаннан бері көгерудің жайылмағанын көрсе, ол сол үйді таза деп жарияласын. Себебі бұл көгерудің жоғалып кеткенін білдіреді.
Levi Kaz 14:49  Діни қызметкер сол үйге тазару рәсімін жасау үшін екі құсты, біраз самырсын ағашын, қырмызы жіп пен сайсағыз бұтақшасын алсын.
Levi Kaz 14:50  Құстың бірін таза су құйылған қыш құмыраның үстінде шалып, қанын соған ағызсын.
Levi Kaz 14:51  Діни қызметкер самырсын ағашын, сайсағыз бұтақшасын, қырмызы жіпті және тірі құсты шалынған екінші құстың қаны араластырылған суға малып алсын. Содан кейін ол қан аралас суды үйге қарай жеті рет бүріксін. Осылайша ол сол үйге тазару рәсімін жасайды.
Levi Kaz 14:52  Діни қызметкер самырсын ағашын, сайсағыз бұтақшасын, қырмызы жіпті және тірі құсты шалынған екінші құстың қаны араластырылған суға малып алсын. Содан кейін ол қан аралас суды үйге қарай жеті рет бүріксін. Осылайша ол сол үйге тазару рәсімін жасайды.
Levi Kaz 14:53  Ал тірі құсты қала сыртында далаға босатып жіберсін. Сонымен діни қызметкер үйді арамданған күйінен тазартып, ол таза болады.
Levi Kaz 14:54  Кез келген алапес іспетті жұқпалы тері ауруы мен қотырға,
Levi Kaz 14:55  әрі киімнің не үйдің көгеруіне,
Levi Kaz 14:56  ісік, бөртпе, ақтаңдаққа бір нәрсенің таза не арамданған екенін белгілеуге арналған ережелер осылар. Жұқпалы тері аурулары мен көгеру туралы заң, міне, осы.