Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
LEVITICUS
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 13
Levi Kaz 13:1  Жаратқан Ие Мұса мен Һаронға нұсқау беріп былай деді:
Levi Kaz 13:2  — Егер біреудің денесінде жұқпалы тері ауруы бола алатын ісік, бөртпе немесе ақтаңдақ пайда болса, ол діни қызметкер Һаронның немесе оның діни қызмет атқарушы ұлдарының біреуінің алдына әкелінсін.
Levi Kaz 13:3  Діни қызметкер сол адамның терісіндегі жараны қарап шықсын. Егер жараның орнындағы түк ағарып кеткен және жара ойық болса, онда бұл — жұқпалы тері ауруы. Бұл жағдайда діни қызметкер терісінің осындай екенін анықтаған адамды таза емес деп жарияласын.
Levi Kaz 13:4  Ал егер оның терісіндегі дақтың түсі ақ болғанмен, дақ теріден ойық орналасқан болмаса, әрі жара бетіндегі түк ағарып кетпесе, онда діни қызметкер терісінде жара бар адамды жеті күнге басқалардан бөлектесін.
Levi Kaz 13:5  Жетінші күні діни қызметкер оны қайтадан қарап шықсын. Егер терісіндегі жараның көлемі ұлғаймай, сол қалпында қалған болса, онда діни қызметкер сол адамды тағы жеті күнге бөлектесін.
Levi Kaz 13:6  Жетінші күні діни қызметкер оны қайтадан қарап шықсын. Егер жара көмескіленіп, теріге жайылмаса, діни қызметкер оны таза деп жарияласын. Бұл — жай бөртпе ғана. Адам киімдерін жусын, содан кейін таза болып саналады.
Levi Kaz 13:7  Бірақ егер адам діни қызметкерге қаралып, таза деп жарияланғаннан кейінгі уақытта терісіндегі бөртпелері қайтадан ұлғайып, жайыла бастаса, онда ол діни қызметкердің алдына қайтып келуі керек.
Levi Kaz 13:8  Діни қызметкер оны тағы да қарап шықсын. Егер терісіндегі бөртпелер ұлғайып жайылған болса, онда ол сол адамды таза емес деп жарияласын. Бұл — алапес ауруы.
Levi Kaz 13:9  Егер біреу жұқпалы тері ауруымен ауырса, оны діни қызметкердің алдына алып келсін.
Levi Kaz 13:10  Діни қызметкер адамды қарап шықсын. Егер оның терісіндегі ісік ақтаңдақ болып, әрі сол жердің түгі ағарып кетіп, ісіктен қызыл ет көрініп тұрса,
Levi Kaz 13:11  бұл — созылмалы алапес. Сондықтан діни қызметкер әлгі адамды таза емес деп жариялап, оны басқалардан бөлектесін. Себебі ол ауруының кесірінен таза емес деп саналады.
Levi Kaz 13:12  Егер ауру адамның бүкіл терісіне жайылып, діни қызметкер оның басынан аяғына дейін бірде-бір сау жер көре алмай,
Levi Kaz 13:13  алапестің оның бүкіл денесіне жайылып кеткенін көрсе, онда діни қызметкер оны таза деп жарияласын. Өйткені толығымен ағарғаны себепті ол таза деп саналады.
Levi Kaz 13:14  Бірақ егер жарадан қызыл ет көрініп тұратын болса, ол таза емес деп есептеледі.
Levi Kaz 13:15  Діни қызметкер оның қызыл етін көргенде-ақ оны таза емес деп жарияласын. Қызыл ет сол адамның жұқпалы алапеспен ауыратынын, таза емес екенін білдіреді.
Levi Kaz 13:16  Ал егер қызыл ет өзгеріп, ағарып кетсе, адам қайтадан діни қызметкерге баруы керек.
Levi Kaz 13:17  Ол ауру адамды қарап шығып, қызыл еттің ағарып кеткенін көрсе, оны таза деп жарияласын. Сонда адам таза болады.
Levi Kaz 13:18  Егер біреудің терісіне шиқан шығып, ол жазылып кетсе
Levi Kaz 13:19  және шиқан орнында ақшыл ісік не ақшыл-қызғылт дақ пайда болса, ондай адам діни қызметкерге көрінуі керек.
Levi Kaz 13:20  Діни қызметкер адамды қарап шықсын. Егер шиқанның орнына шыққан нәрсе теріден ойық орналасқан болып көрінсе және ондағы түк ағарып кеткен болса, діни қызметкер адамды таза емес деп жариялауы керек. Бұл — шиқанның орнында пайда болған жұқпалы тері ауруы.
Levi Kaz 13:21  Бірақ діни қызметкер оны қараған кезде дақтағы түктің ағармағанын, әрі сол жердің теріден ойық орналаспай, көмескіленгенін көрсе, әлгі адамды жеті күнге бөлектесін.
Levi Kaz 13:22  Егер осы аралықта ісік теріде кең жайыла бастаса, діни қызметкер сол адамды таза емес деп жарияласын. Бұл — жұқпалы жара.
Levi Kaz 13:23  Ал егер дақ сол күйінде қалып, теріге жайылмаса, демек, бұл — шиқанның тыртығы ғана. Діни қызметкер адамды таза деп жарияласын.
Levi Kaz 13:24  Егер біреу терісін күйдіріп алып, жазылған күйіктің орнында ақшыл не қызғылт дақ пайда болса,
Levi Kaz 13:25  діни қызметкер дақты қарап шықсын. Егер ондағы түк ағарып кетсе және дақ теріден ойық орналасқан болып көрінсе, демек, бұл — терінің күйген орнына шыққан алапес. Діни қызметкер сол адамды таза емес деп жарияласын, себебі бұл — алапестің жарасы.
Levi Kaz 13:26  Бірақ діни қызметкер оны қараған кезде дақтағы түктің ағармағанын, оның теріден ойық орналаспай, көмескіленгенін көрсе, онда ол адамды жеті күнге бөлектесін.
Levi Kaz 13:27  Жетінші күні діни қызметкер оны қайтадан қарап шықсын. Егер дақ теріде кең жайылған болса, ол адамды таза емес деп жарияласын. Бұл — алапестің жарасы.
Levi Kaz 13:28  Ал егер дақ сол қалпында қалып, теріге жайылмай, көмескіленсе, онда бұл — күйіктен пайда болған ісік. Діни қызметкер оны таза деп жарияласын, себебі бұл — күйіктен қалған тыртық қана.
Levi Kaz 13:29  Егер еркектің не әйелдің басында не иегінде жара болса,
Levi Kaz 13:30  онда діни қызметкер сол жараны қарап шықсын. Егер жара теріден ойық орналасса және ондағы түк сарғайып жұқарса, діни қызметкер сол адамды таза емес деп жарияласын. Бұл — қотыр, бастағы не иектегі жұқпалы тері ауруы.
Levi Kaz 13:31  Бірақ діни қызметкер осындай қотыр жараны қарап шығып, оны теріден ойық орналаспаған және ондағы түкті қара емес деп тапса, онда діни қызметкер жұқпалы қотыры бар адамды жеті күнге бөлектеуі керек.
Levi Kaz 13:32  Жетінші күні діни қызметкер жараны тағы да қарап шықсын. Егер қотыр жайылмаса, онда сары түсті түк пайда болмаса және жара теріден ойық болып көрінбесе,
Levi Kaz 13:33  онда адамның қотыры бар жерінен өзге бүкіл жерлеріндегі түкті қырып алып тастау керек. Діни қызметкер адамды тағы жеті күнге бөлектесін.
Levi Kaz 13:34  Жетінші күні діни қызметкер қотырды қарап шықсын. Егер сол қотыр теріге жайылмаған болып шықса және теріден ойық болып көрінбесе, онда діни қызметкер оны таза деп жарияласын. Қотыры бар адам киімдерін жусын, содан соң ол таза болады.
Levi Kaz 13:35  Алайда ол таза деп жарияланғаннан кейінгі уақытта қотыры теріге қайтадан жайыла бастаса,
Levi Kaz 13:36  діни қызметкер оны тағы да қарап шықсын. Егер қотыр теріге жайылған болса, онда ол сарғайған түкті іздемесе де болады. Сол адамның таза емес екені анық.
Levi Kaz 13:37  Ал егер діни қызметкерге ана адамның қотыр дағы өзгермегендей көрініп, дақ үстіне қара түк шыққанын көрсе, демек, қотырдың жазылғаны. Бұл адам таза, діни қызметкер оның таза екенін жарияласын.
Levi Kaz 13:38  Егер әйел болсын, еркек болсын, біреудің терісінде ақ дақтар пайда болса,
Levi Kaz 13:39  онда діни қызметкер оларды қарап шығуы керек. Егер дақтардың түсі ақшыл сары болса, онда бұл — терідегі зиянсыз ақтаңдақ, ондай адам — таза.
Levi Kaz 13:40  Егер ер адамның басындағы шашы таздықтан түсіп, айна таз болып қалса, ол бәрібір таза күйі қалады.
Levi Kaz 13:41  Егер оның басының алдыңғы жағындағы шашы таздықтан түсіп қалса, ол қасқа таз.
Levi Kaz 13:42  Бірақ оның айна таз басында немесе қасқа таз маңдайында ақшыл-қызыл жара пайда болса, онда оның басында немесе маңдайында жұқпалы аурудың бар болғаны.
Levi Kaz 13:43  Діни қызметкер оны қарап шықсын. Егер маңдайындағы не басындағы ісіп тұрған жарасы жұқпалы аурудың жарасындай ақшыл-қызыл болса,
Levi Kaz 13:44  онда сол адамда жұқпалы ауру бар. Оның басында пайда болған жарасына бола діни қызметкер оны сөзсіз таза емес деп жариялауы керек.
Levi Kaz 13:45  Осындай жұқпалы аурумен ауырған адам көйлегінің өңірін айыра жыртып, шашын жинамай жайып жіберіп, бетінің төменгі бөлігін жауып алып, «Таза емеспін! Арамданғанмын!» деп айқайлап жүретін болсын.
Levi Kaz 13:46  Адам жұқпалы ауруынан айықпайынша таза емес қалпы қала береді. Ол ел қонысының сыртында оңаша тұруға тиіс.
Levi Kaz 13:47  Егер киімнің жүннен не кенептен жасалған кез келген түріне,
Levi Kaz 13:48  немесе матаның жүннен тоқылған не зығырдан иірілген кез келген түріне, немесе былғарыға не былғарыдан жасалған кез келген бұйымға зең түсіп, көгеріп кеткен болса,
Levi Kaz 13:49  әрі сол киімге, былғарыға немесе есілген не иірілген жіптен тоқылған матаға түскен зақымданудың түсі жасыл немесе қызыл болса, онда бұл — зеңнің белгісі. Зақымданған бұйымды діни қызметкерге көрсету керек.
Levi Kaz 13:50  Діни қызметкер сол бұйымды қарап шығып, жеті күнге бөлек қойсын.
Levi Kaz 13:51  Жетінші күні ол соны қайтадан қарап шықсын. Егер зең киімге, иірілген не есілген жіптен тоқылған матаға, былғары не былғарыдан жасалған бұйымға жайыла түскен болса, бұл — кетпейтін, зиянды зең. Зақымданған бұйым арамданған.
Levi Kaz 13:52  Діни қызметкер аталған заттардың бірінен жасалып, зеңмен бұзылған бұйымды өртеп жіберуі керек. Себебі сондағы кетпейтін, зиянды зеңді өртеп құрту қажет.
Levi Kaz 13:53  Ал егер діни қызметкер сол бұйымды жетінші күні қарап шығып, ондағы зақымдану жайыла түспей, киім болсын, иірілген не есілген жіптен тоқылған мата болсын, былғарыдан жасалған бұйым болсын бұрынғы қалпында қалған болса,
Levi Kaz 13:54  онда ол бұйымды жақсылап жууға бұйырсын. Содан кейін діни қызметкер бұйымды тағы жеті күнге бөлек қойсын.
Levi Kaz 13:55  Зақымдана бастаған бұйым жуылғаннан кейін діни қызметкер оны қайтадан қарап шықсын. Егер шіріген жер өзінің көзге көрінісін өзгертпесе, тіпті үлкеймеген болса да, ол бәрібір арамданған. Шіру жұқарып кеткен бұйымның бір жағына ғана жайылса да, оны өртеп жіберулерің керек.
Levi Kaz 13:56  Ал егер діни қызметкер бұйым жуылғаннан кейін қарағанда шіру тиген жердің көмескіленгенін байқаса, ол бұйымның зақымданған жерін жыртып алып тастасын.
Levi Kaz 13:57  Бірақ зең сол бұйымда қайта пайда болса, демек, ол жайылып жатыр. Зең жайлаған сол нәрсені тұтастай өртеп құртуларың қажет.
Levi Kaz 13:58  Ал егер жуып тазалағаннан кейін мата не былғары бұйымның зеңі жоғалып кетсе, ондай бұйымды тағы бір рет жуу керек, содан соң ол таза болып саналады.
Levi Kaz 13:59  Жүн не кенеп киімдегі, иірілген не есілген жіптен тоқылған матадағы, немесе кез келген былғары бұйымдағы зеңнен болатын зақымдану туралы, әрі сондай нәрселерді таза немесе арам деп жариялау туралы ережелер, міне, осылар.