Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
LEVITICUS
Prev Up Next
Chapter 19
Levi Kaz 19:1  Жаратқан Ие Мұсаға тіл қатып былай деді:
Levi Kaz 19:2  — Исраил халқының бүкіл қауымына мынаны жеткіз: Мен, сендердің Құдайларың Жаратқан Ие, киелімін, сондықтан сендер де Өзіме бағышталып киелі болыңдар!
Levi Kaz 19:3  Әрқайсың өз әке-шешелеріңді терең қастерлеңдер! Мен белгілеген демалыс күндерімді сақтаңдар! Мен сендердің Құдайларың Жаратқан Иемін.
Levi Kaz 19:4  Жалған тәңірлерге бет бұрмаңдар! Олардың мүсіндерін жасап алмаңдар! Мен сендердің Құдайларың Жаратқан Иемін.
Levi Kaz 19:5  Сендер Менің Өзіммен — Жаратқан Иемен қарым-қатынастарыңа ризашылық білдіретін құрбандық шалған кезде Мен соларыңды ізгілікпен қабылдайтындай етіп шалыңдар!
Levi Kaz 19:6  Құрбандықтың етін оны шалған күні немесе ертеңіне жеңдер. Үшінші күнге артылып қалғанының барлығын өртеп жіберулерің керек.
Levi Kaz 19:7  Егер сол еттен үшінші күні де желінсе, ол арамданып, жиренішті болады. Мұндай құрбандық қабыл болмайды.
Levi Kaz 19:8  Одан үшінші күні жеген адамның Жаратқан Иеге бағышталған киелі нәрсені қор қылғаны. Ондай адам өз айыбын өзі көтереді, ол халқының арасынан аластатылсын!
Levi Kaz 19:9  Егістік жеріңнің өнімін жинаған кезде оның шет жағын ормай қалдыра сал, әрі жерге түскен масақтарды қайтып келіп жинамай-ақ қой!
Levi Kaz 19:10  Жүзімдігіңдегі қалып қойған не түсіп қалған жүзім шоқтарын да жинама. Оларды жарлылар мен жат жұрттықтарға қалдыр. Мен сендердің Құдайларың Жаратқан Иемін.
Levi Kaz 19:11  Ұрлық жасама!Өтірік айтпа!Бір-біріңді алдамаңдар!
Levi Kaz 19:12  Менің атыммен өтірік ант беріп, Құдайларыңның есімін қорламаңдар! Мен Жаратқан Иемін.
Levi Kaz 19:13  Басқа кісіге жәбір көрсетпе, оның мүлкін тонама!Жалдаған адамыңның жалақысын тиесілі күні қолма-қол бер, оны ертеңге дейін күттіріп қойма.
Levi Kaz 19:14  Саңырауды қарғама, соқырдың алдына сүріндіретін бөгет тастама. Құдайыңды терең қастерлейтініңді осылай көрсет. Мен Жаратқан Иемін.
Levi Kaz 19:15  Сотта әділдікті бұрмалама! Не кедейге орынсыз жеңілдік жасамай, не байға орынсыз құрмет көрсетпей, адамдарды соттағанда әділ бол!
Levi Kaz 19:16  Жұрттың арасында өсек-аяң таратушы болма. Басқа адамның өміріне қауіп төндіре алатын еш нәрсе істеме. Мен Жаратқан Иемін.
Levi Kaz 19:17  Жақыныңа өкпелеп, мұныңды көңіліңе сақтама! Оған қатесін ашық айт, әйтпесе оның кінәсіне ортақ боласың.
Levi Kaz 19:18  Кек алушы болма, басқаға реніш сақтама! Керісінше, өзіңді қалай сүйсең, маңайыңдағы адамды да солай сүй! Мен Жаратқан Иемін.
Levi Kaz 19:19  Менің ережелерімді сақтап орындайтын болыңдар!Екі түрлі жануарды бір-бірімен шағылыстырмаңдар. Егістік жерге бір мезгілде екі түрлі тұқым сеппеңдер. Екі түрлі жіптен тоқылған матадан тігілген киім кимеңдер.
Levi Kaz 19:20  Егер ер адам басқа біреуге айттырылған күңмен жақындасқан болса, ал сол қыздың құны әлі төленбеген, оған бас бостандығы әлі берілмеген болса, онда сол адам лайықты жазасын тартсын. Бірақ оларды өлімге кесуге болмайды, себебі қыз әлі азат етілмеген.
Levi Kaz 19:21  Алайда сол адам кездесу шатырының кіреберісіне Жаратқан Иеге арнап айыпты өтеу құрбандығына бір қошқарды алып келсін.
Levi Kaz 19:22  Діни қызметкер жаңағы қошқарды айыпты өтеу құрбандығына шалсын. Осылай ол Жаратқан Иенің алдында сол ер адамды күнәсіне бола арамданған күйінен тазартады. Сонда оның күнәсі кешіріледі.
Levi Kaz 19:23  Қанахан еліне келіп қоныстанғаннан кейін түрлі жеміс ағаштарын отырғызсаңдар, содан кейінгі үш жыл бойы олардың жемістерін жинамаңдар! Үш жыл бойы жемістерін тыйым салынған деп санап, жемеңдер!
Levi Kaz 19:24  Төртінші жылы сол ағаштардың жемістерін түгелдей Жаратқан Иеге мадақтау тартуы ретінде бағыштаңдар!
Levi Kaz 19:25  Ал бесінші жылы олардың жемістерін жей берулеріңе болады. Осылай ететін болсаңдар, өнімдерің мол болады. Мен сендердің Құдайларың Жаратқан Иемін.
Levi Kaz 19:26  Қаны ағызылып тасталмаған етті жемеңдер!Сәуегейлікпен және сиқыршылықпен айналыспаңдар!
Levi Kaz 19:27  Өлгенді аза тұтып самай шашын қырып, сақал шеттерін қырықпаңдар,
Levi Kaz 19:28  әрі денелеріңнің терісін тілгілеп жарақаттап, инемен таңба да салмаңдар! Мен Жаратқан Иемін.
Levi Kaz 19:29  Қызыңды жезөкшелікке салып, арамдама! Әйтпесе жезөкшелік бүкіл елге жайылып, ел азғындыққа толады.
Levi Kaz 19:30  Менің белгілеген демалыс күндерімді сақтап, киелі орнымды терең қастерлеңдер. Мен Жаратқан Иемін.
Levi Kaz 19:31  Аруақ шақырушыға, бақсы-балгерлер мен сәуегейлерге жүгінбеңдер! Бұларыңмен өздеріңді арамдағандарың. Мен сендердің Құдайларың Жаратқан Иемін.
Levi Kaz 19:32  Жасы үлкен адамды сыйлап орныңнан тұрып Құдайыңды терең қастерле. Мен Жаратқан Иемін.
Levi Kaz 19:33  Еліңде тұрып жатқан жат жұрттыққа жәбір көрсетпе.
Levi Kaz 19:34  Еліңде тұрып жатқан жат жұрттыққа өз адамыңдай қара. Өзіңді қалай сүйсең, оны да солай сүй! Өздерің де Мысырда жат жұрттық болдыңдар ғой. Мен сендердің Құдайларың Жаратқан Иемін.
Levi Kaz 19:35  Ұзындық, салмақ, көлем өлшегенде әділетсіздік жасамаңдар!
Levi Kaz 19:36  Барлық таразыларың, кір тастарың және көлем өлшейтін ыдыстарың дұрыс болу керек. Мен сендерді Мысырдан алып шыққан Құдайларың Жаратқан Иемін.
Levi Kaz 19:37  Менің барлық ережелерім мен шешімдерімді сақтап орындаңдар. Мен Жаратқан Иемін.