Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
LEVITICUS
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 1
Levi Kaz 1:1  Жаратқан Ие киелі кездесу шатырының ішінен Мұсаны шақырып алып, оған былай деп бұйырды:
Levi Kaz 1:2  — Исраил халқына мынаны айт: Араларыңнан біреу Жаратқан Иеге құрбандық мал ұсынғанда онысын не мүйізді ірі қарадан, не ұсақ малдан алып келсін.
Levi Kaz 1:3  Егер оның шалынып, түгелдей өртелетін құрбандығы мүйізді ірі қара болса, онда Жаратқан Ие оған риза болу үшін адам еш мінсіз бір бұқаны кездесу шатырының кіреберісіне алып келсін.
Levi Kaz 1:4  Адам сол құрбандық малдың басына қолын қойсын. Сонда осы адам күнәларының арамдығынан тазарады. Жаратқан Ие оның құрбандығына риза болып, онысын қабылдайды.
Levi Kaz 1:5  Адам жас бұқаны Жаратқан Иенің алдында шалсын. Һаронның ұлдары — діни қызметкерлер құрбандықтың қанын алып келіп, одан кездесу шатырының кіреберісінің алдында тұрған құрбандық үстеліне барлық жақтарынан бүркіп шашсын.
Levi Kaz 1:6  Содан соң адам шалынған құрбандықтың терісін сыдырып алып тастап, денесін мүшелеп бөлсін.
Levi Kaz 1:7  Діни қызметкер Һаронның ұлдары құрбандық үстеліне шоқ салып, оның үстіне ағаш отын қаластырсын.
Levi Kaz 1:8  Олар құрбандықтың мүшеленген бөліктерін, басын және майларын құрбандық үстелінде жанып жатқан отынның үстіне рет-ретімен салсын.
Levi Kaz 1:9  Құрбандықтың ішек-қарыны мен сирақтары сумен жуылсын. Діни қызметкер соның барлығын құрбандық үстелінде түтетіп өртеп жіберсін. Осы түгелдей өртелген құрбандық — Жаратқан Иеге өртелу арқылы ұсынылған хош иісті де ұнамды тарту.
Levi Kaz 1:10  Егер адамның шалынып, түгелдей өртелетін құрбандығы ұсақ мал: қой не ешкі болса, онда еш мінсіз, еркек жынысты бір малды алып келсін.
Levi Kaz 1:11  Адам оны Жаратқан Иенің алдында, құрбандық үстелінің солтүстік жағында шалсын. Діни қызмет атқарушы Һаронның ұлдары малдың қанынан құрбандық үстеліне барлық жақтарынан бүркіп шашсын.
Levi Kaz 1:12  Содан соң адам құрбандықтың денесін мүшелеп бөлсін. Діни қызметкер сол бөліктерді, басын және майларын құрбандық үстелінде жанып жатқан отынның үстіне рет-ретімен салсын.
Levi Kaz 1:13  Құрбандықтың ішек-қарыны мен сирақтары сумен жуылсын. Діни қызметкер соның барлығын құрбандық үстелінде түтетіп өртеп жіберсін. Осы түгелдей өртелген құрбандық — Жаратқан Иеге өртелу арқылы ұсынылған хош иісті де ұнамды тарту.
Levi Kaz 1:14  Егер адамның Жаратқан Иеге арнап түгелдей өртелетін құрбандығы құстардан болса, онда ол бір көгершін немесе бір жас кептер алып келсін.
Levi Kaz 1:15  Діни қызметкер құсты құрбандық үстеліне алып келіп, оның мойнын үзіп, сонда түтетіп өртеп жіберсін. Содан бұрын ол құстың қанын құрбандық үстелінің қабырғасына қысып ағызсын,
Levi Kaz 1:16  әрі жемсауы мен қауырсындарын құрбандық үстелінің шығыс жағына, күл төгілген жерге лақтырып тастасын.
Levi Kaz 1:17  Содан соң діни қызметкер құстың қанаттарын ұстап, денесін қақ жарсын, бірақ бөлектемесін. Діни қызметкер осылай құсты құрбандық үстелінде жанып жатқан отынның үстінде түтетіп өртеп жіберсін. Осы түгелдей өртелген құрбандық — Жаратқан Иеге өртелу арқылы ұсынылған хош иісті де ұнамды тарту.