Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
AMOS
1 2 3 4 5 6 7 8 9
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 2
Amos Kaz 2:1  Жаратқан Ие тағы мынаны айтады: «Моаб халқы көптеген зұлым істер істеп келеді. Сондықтан Мен оларға шығарған үкімімді жоймаймын. Моабтықтар Едом патшасының сүйегін әк іспетті күйдіріп қор қылды.
Amos Kaz 2:2  Сол үшін Мен Моабқа от жіберемін. Сол от Кериоттың сарайларын жалмап қояды. Сонда Моаб айқай-шудың әрі әскердің шабуылдап атой салып, керней тартқан дауыстарының астында күйрейді.
Amos Kaz 2:3  Мен Моабты басқарып жүрген биді елден аластатып, онымен бірге барлық әміршілерін де өлтіремін», — деп ескертеді Жаратқан Ие.
Amos Kaz 2:4  Жаратқан Ие мынаны да айтады: «Яһуданың халқы көптеген зұлым істер істеп келеді. Сондықтан Мен оларға шығарған үкімімді жоймаймын. Яһудалықтар Мен, Жаратқан Ие, тапсырған Таурат заңын менсінбей, ережелерімді орындамай кетті. Бұрын ата-бабалары құлшылық еткен жалған тәңірлердің жолына енді бұлар да түсіп, адасты.
Amos Kaz 2:5  Сол үшін Мен Яһудаға от жіберемін. Сол от Иерусалимнің сарайларын жалмап қояды».
Amos Kaz 2:6  Жаратқан Ие тағы мынаны айтады: «Солтүстік Исраилдің халқы көптеген зұлым істер істеп келеді. Сондықтан Мен оларға шығарған үкімімді жоймаймын. Исраилдіктер әділ жанды күміске, кедейді бір жұп аяқкиімге айырбастай салады.
Amos Kaz 2:7  Олар кедейдің басын жердің топырағына таптап, бейшараны жолынан итеріп баса көктейді. Әкесі мен баласы екеуі бірдей бір жас әйелге барып, Менің киелі есімімді қор қылады.
Amos Kaz 2:8  Олар өздеріне қарыздар адамнан кепілдікке алынған жамылғыны құрбандық үстелінің қасына төсеп жатады. Жұртқа айып төлетіп алған шарапты өздері табынған тәңірсымағының ғибадатханасында ішеді.
Amos Kaz 2:9  Ал Мен ежелде халқымның көз алдында самырсындай биік, емендей мықты Амор халқын күйреткенмін. Сонда Мен оның төбесіндегі жемісі мен түбіндегі тамырын да біржола құртқан болатынмын.
Amos Kaz 2:10  Сендердің аморлықтардың жерін иемденіп алуларың үшін Мен сендерді Мысыр елінен алып шығып, қырық жыл бойы айдалада ертіп жүрген едім.
Amos Kaz 2:11  Ұлдарыңның кейбіреулерін пайғамбар, жас жігіттеріңнің бірнешеуін Құдайға бағышталған назир еттім. Солай емес пе, уа, Исраилдің үрім-бұтағы? — деп ескертеді Жаратқан Ие. —
Amos Kaz 2:12  Алайда сендер Өзіме бағышталған назирлерге шарап ішкізіп күнә жасатып, пайғамбарларға: «Пайғамбарлық сөз айтпа!» деп тыйым салып жүрдіңдер.
Amos Kaz 2:13  Біліп қойыңдар, егін баулары мол артылған арбаның жерге қарай шөгетіні сияқты, енді Мен де сендерге ауыртпалықты молынан түсіремін!
Amos Kaz 2:14  Сонда жылдамдарыңның жүгіруге шамасы болмай қалады, мықтыларың да өз қуаттарынан айырылады, тіпті батырларың да өз жандарын құтқара алмайды.
Amos Kaz 2:15  Сонда мерген тойтарыс бере алмайды, желаяқ та, салт атты да өз жандарын құтқарып қала алмайды.
Amos Kaz 2:16  Ержүрек батыл деген жасақшылар да қару-жарағын тастап бас сауғалап қашатын болады», — деп ескертеді Жаратқан Ие.