Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
HOSEA
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 7
Hose Kaz 7:1  Бірақ оны осылай ауруынан сауықтырмақ болған кезімде Ефремнің күнәлары әшкереленеді, әрі Самарияның қылмыстары жария болады. Халықтың айналысатыны — алдамшылық, ұрылары үйлерге бұзып кіріп, қарақшылары көшеде адам тонайды.
Hose Kaz 7:2  Бірақ олардың істеген барлық зұлым іс-әрекеттерін есімде сақтайтынымды өздері ойламайды. Жаман қылықтары халықты қоршап алған, солары Менің көз алдымда.
Hose Kaz 7:3  Халық зұлымдық істеп патшаларын, жалғандық жасап әміршілерін мәз қылады.
Hose Kaz 7:4  Олардың барлығы да неке адалдығын бұзушылар! Қамырды илеген кезден бастап нан жабуға дайын болғанға дейін өшпей жанып тұратын тандыр сияқты, солардың барлығы да құмарлықтың отына күйіп-жануда.
Hose Kaz 7:5  «Патшамыздың құрметіне жасалған той!» деп әміршілер шараптың қызуына елігіп кеткенде, патша өркөкірек мазақтаушыларды қолдайды.
Hose Kaz 7:6  Олардың жан дүниелері пештей лаулайды, ойлағандары — қулық-сұмдық. Түні бойы ашу-ызалары сөнбей бықсып, таңертең жалындай лап ете қалады.
Hose Kaz 7:7  Бәрі де пеш сияқты өз билеушілерін жалмай береді. Патшаларының барлығы зорлықпен өлтірілді. Ал олардың ешқайсысы Менен көмек сұрамады.
Hose Kaz 7:8  Ефремнің халқы бөтен халықтармен араласып кетті. Ол төңкерілмеген, сондықтан бір жағы күйіп, екінші жағы шикі піскен нан сияқты болып қалды.
Hose Kaz 7:9  Бөгде адамдар оның қуатын жалмауда, бірақ ол соны білмейді. Оның басын ақ қырау шалған, бірақ ол соны да байқамайды.
Hose Kaz 7:10  Исраил өз асқақтығымен өзін әшкерелейді, бірақ олар бәрібір өздерінің Құдайы Жаратқан Иеге қайтпайды да, Оның еркін сұрамайды да.
Hose Kaz 7:11  Сондықтан Ефрем халқы көгершін сияқты аңғал да санасыз болып қалды. Олар біресе Мысырды шақырып, біресе Ассурға барып, қолдау сұрайды.
Hose Kaz 7:12  Ал Мен олар барған кезде үстеріне торымды тастаймын. Оларды аспанда ұшып жүретін құстар сияқты жерге түсіріп, жиындарында сөз болған қылықтарына сәйкес жазалап түзетемін.
Hose Kaz 7:13  Халық Менен адасып кеткендіктен қасіретке қалады! Олар Маған қарсы бас көтергендіктен енді апатқа душар болады! Оларды құтқарар да едім, бірақ олар Мен туралы өтірік айтып келеді.
Hose Kaz 7:14  Халық Маған шын жүректен жалбарынбайды. Оның орнына олар төсектерінде жатып еңіреп жылайды. Расында олар Менен алшақтап кетіп, жиындарында бидай мен жүзім мол болсын деп жалған тәңірден сиынып сұрайды.
Hose Kaz 7:15  Халыққа тәлім-тәрбие беріп, күшейткен Өзім едім, бірақ олар Маған қарсы зұлымдық ойластырады.
Hose Kaz 7:16  Халық Маған, Алла Тағалаға, емес, Бағалға бет бұрады. Содан да олар қисық садақ сияқты пайдаға аспайды. Елдің әміршілері тілдерінен шыққан ашулы сөздердің кесірінен семсерден өледі. Сол үшін олар Мысыр елінде жұрттың күлкісіне қалады».