Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
II KINGS
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 16
II K Kaz 16:1  Солтүстік Исраилге Ремалиях ұлы Пақах патшалық құрған он жетінші жылы Жотам ұлы Ахаз Яһуда елінің патшасы болды.
II K Kaz 16:2  Сол кезде оның жасы жиырмада еді. Ол Иерусалимде он алты жыл билік жүргізді. Кезінде сиынған Құдайы Жаратқан Иеге ұнамды әділ істер істеген түп атасы Дәуітке Ахаз еш ұқсамады.
II K Kaz 16:3  Керісінше, ол Солтүстік Исраилдің патшаларының теріс жолымен жүрді. Ахаз тіпті өз ұлын (жалған тәңірге арнап) құрбан етіп өртеп жіберді. Осылайша ол Жаратқан Ие ежелде исраилдіктердің алдынан елден қуып шыққан азғын халықтардың жексұрын дәстүрлеріне еліктеді.
II K Kaz 16:4  Сонымен қатар Ахаз төбе бастары мен өзге де биіктеу жерлердегі табыну орындарында және әрбір саялы ағаштың түбінде жалған тәңірлерге арнап құрбандық шалып, хош иісті заттар түтетіп ұсынып жүрді.
II K Kaz 16:5  Бұл уақытта Араманың патшасы Ресин және Солтүстік Исраилдің патшасы Ремалиях ұлы Пақах (Яһуда елінің астанасы) Иерусалимге өрлеп аттанып, оған қарсы шабуыл жасады. Олар қаланы қоршап алғанмен, Ахаз патшаны жеңе алмады.
II K Kaz 16:6  Сол кездері Арама патшасы Ресин (Ақаба шығанағындағы кеме тоқтайтын) Елат қаласын қайтадан иемденіп алып, қаладан яһудалықтарды толығымен аластатты. Едомдықтар сонда көшіп барып, күні бүгінге дейін тұрып жатыр.
II K Kaz 16:7  Содан Ахаз Ассур патшасы Тығылат-Пеләсерге елшілерін жіберіп, мынадай сәлемін жолдады: «Сіздің құлыңызбын, сізге балаңыздай мойынсұнамын! Осында аттанып келіп, мені Арама мен Солтүстік Исраилдің патшаларының қолынан құтқарсаңыз екен! Олар маған қарсы шабуыл жасауда!» —
II K Kaz 16:8  Ахаз, сондай-ақ, Жаратқан Иенің киелі үйінің және патшалық сарайдың қазына қоймаларынан табылған алтын-күмісті жинап алып, Ассур патшасына сыйлыққа жіберді.
II K Kaz 16:9  Сонда Ассур патшасы оның тілегін орындап Дамаскіге жорыққа аттанып, қаланы басып алды. Содан қаланың бүкіл халқын шығыстағы Кир аймағына жер аударып, Ресин патшаның өзін өлтіріп тастады.
II K Kaz 16:10  Бұдан кейін Ахаз патша Ассур патшасы Тығылат-Пеләсермен кездесуге Дамаск қаласына барды. Дамаскідегі (жалған тәңірге бағышталған) құрбандық үстелін көргенде, Ахаз патша діни қызметкер Ұрияға құрбандық үстелінің бейнесін және оны тұрғызудың толық жобасын жіберді.
II K Kaz 16:11  Діни қызметкер Ұрия Ахаз патшаның Дамаскіден жіберген күллі нұсқауларына сәйкес құрбандық үстелін жасатып, оны патша қайтып келерінің алдында бітіріп қойды.
II K Kaz 16:12  Дамаскіден қайта оралғаннан кейін патша жаңадан салынған құрбандық үстелін қарап шығып, жанына көтеріліп барды. Оның үстінде
II K Kaz 16:13  өзінің түгелдей өртелетін құрбандығы мен астық тартуын өртеп, сұйық тартуын және ризашылық білдіретін құрбандығының қанын төгіп (жалған тәңірлерге) ұсынды.
II K Kaz 16:14  Ал Жаратқан Иеге бағышталған қола құрбандық үстелін Ахаз Жаратқан Иенің киелі үйінің алдындағы өз орнынан, яғни жаңадан орнатқызған құрбандық үстелі мен Жаратқан Иенің киелі үйінің арасынан, алып тастап, оны жаңа құрбандық үстелінің солтүстік жағына қарай жылжытып қойды.
II K Kaz 16:15  Ахаз патша діни қызметкер Ұрияға былай деп нұсқау берді: «Жаңадан салынған дәу құрбандық үстелінде таңертең шалынып, түгелдей өртелетін құрбандықтар, кеште астық тартулары ұсынылсын! Онда патша мен халықтың өртелетін құрбандықтары мен астық тартулары және халықтың сұйық тартулары да ұсынылып, үстіне құрбандыққа шалынған барлық малдардың қаны төгілетін болсын! Ал қола құрбандық үстелі менің болашақ жайттарды болжап білуіме арналмақ».
II K Kaz 16:16  Діни қызметкер Ұрия Ахаз патшаның осы нұсқауларының барлығын бұлжытпай орындады.
II K Kaz 16:17  Содан соң Ахаз жылжымалы қола тұғырлардың шеттерін кестіріп, үстіндегі қазандарды алдыртып тастады. Патша дәу қазанды да он екі бұқа мүсіні тәрізді қола тұғырдан алдыртып, оны тас төселген басқа негізге орнатты.
II K Kaz 16:18  Ассур патшасына жағыну үшін ол, сондай-ақ, киелі үйдің ауласындағы демалыс күнге арналған жабық жолды алып тастап, патшаның Жаратқан Иенің киелі үйіне апаратын сыртқы кіреберісін жауып қойды.
II K Kaz 16:19  Ахаздың қалған істері туралы «Яһуда патшаларының жылнамалары» кітабында баяндалған.
II K Kaz 16:20  Ахаз көз жұмып, ата-бабаларының қасына жөнелгенде, мәйіті олардың жанына Дәуіттің шаһарындағы қабірге қойылды. Оның ұлы Езекия орнын басып патша болды.