Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
II KINGS
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 23
II K Kaz 23:1  Сонда патша шабармандарын жіберіп, бүкіл Яһуда мен Иерусалимнің рубасыларын шақыртып жинап алды.
II K Kaz 23:2  Олар келген соң, патша Яһуда халқы мен Иерусалимнің тұрғындарын, діни қызметкерлер мен пайғамбарларды, үлкенді-кішілі бүкіл халықты ертіп алып, Жаратқан Иенің киелі үйіне өрлеп барды. Сол жерде патша бәрінің алдында Жаратқан Иенің киелі үйінен табылған Келісім кітабының барлық сөздерін басынан аяғына дейін оқып берді.
II K Kaz 23:3  Мұнан кейін патша бағана жанындағы арнайы орнында Жаратқан Иенің алдында тұрып Онымен Келісім жасады. Сонда ол Жаратқан Иенің жолымен жүріп, Оның күллі өсиеттерін, бұйрықтары мен ережелерін шын жүректен, бүкіл жан дүниесімен орындап, осы кітапта жазылған Келісімнің шарттарын жүзеге асыруға ант берді. Бүкіл халық та бұл Келісімге мойынсұнды.
II K Kaz 23:4  Бұдан соң патша бас діни қызметкер Хелкияға, дәрежесі одан кейінгі діни қызметкерлерге және қақпа күзетшілеріне: «Жаратқан Иенің ғибадатханасынан Бағалға, Ашераға, аспан денелерінің бүкіл тобына табынуға бағышталған күллі құрал-жабдықтарды алып шығыңдар!» — деп тапсырды. Жосия патша бұлардың барлығын Иерусалимнің сыртындағы Қидрон сайының егістіктерінде өртеп, күлін Бетел қаласына апарып тастады.
II K Kaz 23:5  Сонымен қатар ол Яһуданың бұрынғы патшалары Яһуданың қалалары мен Иерусалимнің айналасындағы биіктеу жерлердегі табыну орындарында хош иісті заттарды түтетуге тағайындаған діни қызметкерлерді орындарынан алып тастап, қырып-жойды. Олар Бағалға, күн мен айға, шоқжұлдыздар мен басқа да бүкіл аспан денелеріне арнап хош иісті заттарды түтетіп ұсынатын еді.
II K Kaz 23:6  Жосия Жаратқан Иенің киелі үйінен Ашераның ағаш бағанасын алып шығып, Иерусалимнің сыртындағы Қидрон сайына апарды. Сол жерде оны өртеп ұнтақтап, күлін жай адамдардың қабірлерінің үстінен шашып тастады.
II K Kaz 23:7  Патша Жаратқан Иенің ғибадатханасында азғындықпен айналысқан еркектердің күркелерін де бұзып тастады. Сол жерде бірнеше әйел Ашераға арналған жапқыштар тоқитын еді.
II K Kaz 23:8  Жосия Яһуданың қалаларынан барлық діни қызметкерлерді жинап алып келіп, олардың биіктеу жерлердегі хош иісті заттарды түтетіп келген табыну орындарының барлығын арамдады. Патша мұны Яһуда елі бойынша, Гебадан Бер-Шебаға дейінгі бүкіл аралықта істеді. Сондай-ақ, ол қала әкімі Ешуа салған қақпаның жанындағы биіктеу жерде тұрғызылған табыну орындарын да қиратты. Олар қаланың басты қақпасының сол жағында орналасқан болатын.
II K Kaz 23:9  Сол табыну орындарында қызмет еткен діни қызметкерлерге Жаратқан Иенің Иерусалимдегі құрбандық үстелінде қызмет етуге рұқсат болмады, бірақ олар (леуілік) ағайындарымен бірге ашымаған нанды жейтін.
II K Kaz 23:10  Молох атты жалған тәңірге бұдан былай ешкімнің өз ұлын не қызын отқа өртеп құрбандыққа ұсына алмауы үшін Жосия патша Бен-Хенном аңғарындағы Топет атты табыну орнын да арамдады.
II K Kaz 23:11  Жосия Яһуданың бұрынғы патшалары күнге бағыштаған жылқы мүсіндерін де алып тастады. Олар Жаратқан Иенің ғибадатханасының ауласында қақпаға жақын, сарай қызметкері Натан-Мәліктің тұратын жерінің маңында орналасқан болатын. Күнге бағышталған күймелерді патша өртеткізіп жіберді.
II K Kaz 23:12  Ахаз патша кезінде тұрған сарайдағы жоғарғы бөлменің төбесіне Яһуда патшалары жалған тәңірлерге арнап құрбандық үстелдерін орнатқан болатын. Манаса патша тіпті Жаратқан Иенің ғибадатханасының екі ауласында да сондай құрбандық үстелдерін тұрғызған еді. Бұларды Жосия патша енді күлпарша етіп талқандап, Қидрон сайына лақтырып тастады.
II K Kaz 23:13  Исраилдің патшасы Сүлеймен баяғыда Иерусалимнің шығысында, Азғындық тауының оңтүстігіндегі биіктеу жерлерде жексұрын тәңірлерге: Сидонның Астартасына, Моабтың Хамосына, Аммонның Молохына арнап табыну орындарын салған болатын. Жосия патша сол орындарды да арамдады.
II K Kaz 23:14  Жосия тас бағаналарды талқандап, Ашераға бағышталған ағаш бағаналарды шауып тастап, олар тұрған жерлерге өліктердің сүйектерін шашып (оларды арамдады).
II K Kaz 23:15  Жосия патша Солтүстік Исраилді күнәға батырған Набат ұлы Еробоғамның Бетел қаласындағы биіктеу жерде тұрғызған табыну орнын да жойды, әрі сол жердегі құрбандық үстелі мен ғибадатхананы қиратып тастады. Соның тастарын талқандап, ұнтақтап жоқ қылды, Ашераның ағаш бағанасын да өртеп жіберді.
II K Kaz 23:16  Жосия айналасына қарағанда, төбе беткейіндегі қабірлерді көрді. Содан ол адамдарын жіберіп, қабірлерге қойылған діни қызметкерлердің сүйектерін шығартып алып, сол құрбандық үстелінің үстінде өртетті. Бұл баяғыда Жаратқан Иенің хабарын жеткізген Құдайдың пайғамбарының алдын ала айтқандарына сәйкес болды.
II K Kaz 23:17  Бұдан кейін Жосия патша:— Анау тұрған қандай ескерткіш тас? — деп сұрады. Сонда қаланың адамдары:— Бұл — Яһудадан келген Құдайдың пайғамбарының қабірі. Сол пайғамбар ежелде-ақ өзіңіздің Бетелдегі мына құрбандық орнына қарсы бүгін істегендеріңіз туралы алдын ала дауыстап жариялап кеткен болатын, — деп жауап берді.
II K Kaz 23:18  Патша:— Ендеше оған тиіспеңдер! Оның сүйегін ешкім қозғамасын! — деп әмір етті. Осылайша оның және Самариядан келген пайғамбардың сүйектеріне ешбір қол тимеді.
II K Kaz 23:19  Жосия Бетелде істегендей, Солтүстік Исраилдің басқа қалаларының биіктеу жерлеріндегі барлық киелі үйлерді де қиратып тастады. Себебі Солтүстік Исраилдің патшалары соларды тұрғызулары арқылы Жаратқан Иенің қаһарын туғызған еді.
II K Kaz 23:20  Жосия табыну орындарының барлық діни қызметкерлерін құрбандық үстелдерінің үстінде бауыздатып, осы үстелдердің бәрінде сол адамдардың сүйектерін өртетті.Содан соң патша Иерусалимге қайтып оралды.
II K Kaz 23:21  Жосия патша бүкіл халыққа: «Құдайларың Жаратқан Иеге арнап осы Келісім кітабында жазылғанға сай Құтқарылу мейрамын өткізіңдер!» — деп жарлық шығарды.
II K Kaz 23:22  Ежелде Исраилді билер басқарған уақыттан бері Солтүстік Исраил мен Яһудаға патшалар билік жүргізген барлық кезеңде Құтқарылу мейрамы ешқашан дәл осылай тойланған емес.
II K Kaz 23:23  Сонымен Жосия патшалық құрған он сегізінші жылы Иерусалимде Жаратқан Иеге арналған осы Құтқарылу мейрамы өткізілді.
II K Kaz 23:24  Жосия патша Иерусалим қаласы мен бүкіл Яһуда елінен табылған аруақты не жынды шақыратын бақсы-балгерлерді, жалған тәңірлердің бейнелері мен мүсіндерін және басқа да жексұрын нәрселердің бәрін құртып, алып тастады. Жосия діни қызметкер Хелкияның Жаратқан Иенің киелі үйінде тапқан Таурат кітабында жазылған заңдарды орындау үшін осылай істеді.
II K Kaz 23:25  Жосия сияқты шын жүректен, бүкіл жан дүниесімен, бар күш-қуатымен Жаратқан Иеге бет бұрған және Оның Мұса арқылы берген Таурат заңына толығымен бағынған ешбір патша одан бұрын да болған емес, одан кейін де шыққан жоқ.
II K Kaz 23:26  Алайда Манаса патша кезінде істеген күллі зұлым істерімен Жаратқан Иенің қаһарын тым қатты өршіткен болатын. Тіпті Жосияның істеген әділ істерінен кейін де Жаратқан Иенің Яһуда еліне қарсы лаулаған қаһары басыла қоймады.
II K Kaz 23:27  Себебі Жаратқан Ие былай деп шешкен еді: «Мен Солтүстік Исраилді көз алдымнан аластатқанымдай, Яһуданы да дәл солай аластатамын. Өзім таңдап алған осы қала — Иерусалимді және Мен «осы жерде өз атымды орнатамын» деген киелі үйді елемей тастап кетемін».
II K Kaz 23:28  Жосияның қалған барлық іс-әрекеттері туралы «Яһуда патшаларының жылнамалары» кітабында баяндалған.
II K Kaz 23:29  Жосия патшалық құрған кезде бірде Мысыр патшасы Нехо перғауын Ассур патшасын қолдау үшін Евфрат өзеніне қарай аттанды. Сонда Жосия патша перғауынға қарсы шықты. Бірақ ол перғауынның әскерімен Мегидо қаласының маңында болған шайқаста оқтан қаза тапты.
II K Kaz 23:30  Жоғастың қызметкерлері оның мәйітін күймемен Мегидодан Иерусалимге алып келіп, өзінің қабіріне қойды. Яһуда елінің халқы Жосияның ұлы Жоғахазды май жағу рәсімінен өткізіп әкесінің орнына патша етіп тағайындады.
II K Kaz 23:31  Жоғахаз патша болғанда жасы жиырма үште еді. Ол Иерусалимде үш ай билік жүргізді. Оның шешесінің аты-жөні либналық Еремия қызы Хамутал болатын.
II K Kaz 23:32  Өзінің аталары істегендей, Жоғахаз да Жаратқан Иеге жек көрінішті істер істеді.
II K Kaz 23:33  Нехо перғауын Жоғахазды Хамат еліндегі Риблада тұтқындап, шынжырмен бұғаулап, оның Иерусалимде билік жүргізуін тоқтатты. Сонымен қатар перғауын Яһуда еліне жүз ат басындай күміс, бір ат басындай алтын мөлшерінде алым-салық салды.
II K Kaz 23:34  Перғауын Жосияның орнына оның өзге ұлы Елиәкімді патша етіп тағайындап, оның есімін Жохақым деп өзгертті. Ал Жоғахазды перғауын Мысырға алып кетті, ол сол елде қайтыс болды.
II K Kaz 23:35  Жохақым Нехо перғауынға оның талап еткен алтын-күмісін табыстап отырды. Бұл үшін ол күллі елге салық салып, әркімді қолында бар мал-мүлкінің мөлшеріне қарай салығын төлеуге мәжбүрледі.
II K Kaz 23:36  Жохақым патша болғанда жасы жиырма бесте еді. Ол Иерусалимде он бір жыл билік жүргізді. Оның шешесінің аты-жөні румалық Педаяхтың қызы Зебида болатын.
II K Kaz 23:37  Өзінің аталары істегендей, Жохақым да барлық жағынан Жаратқан Иеге жек көрінішті істер істеді.