Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
II KINGS
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 14
II K Kaz 14:1  Солтүстік Исраилге Жоғахаз ұлы Жоғастың патшалық құрған екінші жылы Жоғас ұлы Амасиях Яһуда елінің патшасы болды.
II K Kaz 14:2  Сол кезде оның жасы жиырма бесте еді. Ол Иерусалимде жиырма тоғыз жыл билік жүргізді. Оның шешесінің аты-жөні иерусалимдік Ехоғадан еді.
II K Kaz 14:3  Амасиях Жаратқан Иеге ұнамды әділ істер істесе де, оның іс-әрекеттері түп атасы Дәуіттікіндей болмады. Қайта, Амасиях барлық жағынан әкесі Жоғастың үлгісімен жүрді.
II K Kaz 14:4  Биіктеу жерлердегі табыну орындары қиратылып тасталмады. Халық сол орындарда құрбандық шалып, өртеп, хош иісті зат түтетіп ұсынуларын жалғастыра берді.
II K Kaz 14:5  Өзінің патшалық билігі берік орнатылғаннан кейін, Амасиях әкесі Жоғас патшаны өлтірген нөкерлерді өлімге кесті.
II K Kaz 14:6  Бірақ сол қылмыскерлердің балаларын өлтірткен жоқ. Амасиях мұны Жаратқан Иенің Мұса арқылы тапсырған Таурат заңы кітабында берген мына бұйрығына сай істеді: «Не балаларының істері үшін әкелерін, не әкелерінің істері үшін балаларын өлімге кесуге болмайды. Әркім тек өз қылмысы үшін ғана өлімге кесіледі».
II K Kaz 14:7  Амасиях Тұзды аңғарда он мың едомдыққа соққы беріп, (елдің астанасы) Селаны басып алып, оған Жоқтеил деген ат берді. Осы қала қазір де солай аталады.
II K Kaz 14:8  Мұнан кейін Амасиях Солтүстік Исраилдің патшасы Жоғасқа елшілерін жіберді. Осы Жоғас Ехудің немересі, Жоғахаздың ұлы еді. Амасиях оған:— Кел, бетпе-бет соғысайық! — деген шақыруын жолдады.
II K Kaz 14:9  Ал Солтүстік Исраилдің патшасы Амасияхқа мынадай (мысалды келтіріп) жауап қайтарды:— Бірде Ливан тауларында өсіп тұрған бір аласа тікенді бұта Ливандағы зәулім самырсын ағашына: «Қызыңды менің ұлыма бер!» деген екен. Бірақ сол тікенді бұтаның жанынан бір ливандық аң өтіп бара жатып, оны басып, жаншып тастапты.
II K Kaz 14:10  Сен шынында да Едомды жеңдің, енді содан өркөкіректеніп кетіпсің. Мақтансаң, сарайыңда қалып, мақтана бер. Басыңа пәле іздеп, не қыласың?! Әйтпесе Яһудаңмен қоса құрып кетерсің!
II K Kaz 14:11  Бірақ Амасиях оның сақтандыруын тыңдамай қойды. Содан Солтүстік Исраилдің патшасы өзінің әскерін ертіп Амасияхқа қарсы өрлеп барды. Екеуінің арасындағы шайқас Яһуда жеріндегі Бет-Шәміш қаласының маңында болды.
II K Kaz 14:12  Яһуда әскері Солтүстік Исраилден жеңіліп, барлық жасақшылары үйлеріне қашып кетті.
II K Kaz 14:13  Жоғас патша Бет-Шәміште Яһуда елінің патшасы Амасияхты қолға түсіріп, оның астанасы Иерусалимге аттанды. Жоғас қала қамалы қабырғасының Ефрем және Бұрыш қақпаларының арасындағы үлкен бөлігін құлатып тастады. Сол бөліктің ұзындығы шамамен төрт жүз шынтақ болатын.
II K Kaz 14:14  Жоғас, сондай-ақ, Жаратқан Иенің киелі үйінен және патша сарайының қазына қоймаларынан тапқан алтын-күмісін және арнайы құрал-жабдықтарының бәрін тонады, әрі кепілдікке адамдар алып, Самарияға қайтып кетті.
II K Kaz 14:15  Жоғастың қалған іс-әрекеттері мен қажыр-қайраты және Яһуда патшасы Амасияхпен жүргізген соғысы туралы «Исраил патшаларының жылнамалары» кітабында баяндалған.
II K Kaz 14:16  Жоғас көз жұмып, ата-бабаларының қасына жөнелгенде, мәйіті Солтүстік Исраил патшаларының жанына қабірге қойылды. Оның ұлы Еробоғам орнын басып патша болды.
II K Kaz 14:17  Солтүстік Исраилдің патшасы Жоғахаз ұлы Жоғас қайтыс болғаннан кейін, Яһуда елінің патшасы Амасиях тағы он бес жыл өмір сүрді.
II K Kaz 14:18  Амасияхтың қалған іс-әрекеттері «Яһуда патшаларының жылнамалары» кітабында баяндалған.
II K Kaz 14:19  Патшаның дұшпандары Иерусалимде оған қарсы астыртын сөз байласты. Содан патша Лахышқа қашып кетті. Бірақ олар артынан адам жіберіп, Амасияхты сол қалада өлтіртті.
II K Kaz 14:20  Оның мәйіті атқа артылып Иерусалимге әкелініп, ата-бабаларының жанына Дәуіттің шаһарындағы қабірге қойылды.
II K Kaz 14:21  Яһуданың бүкіл халқы он алты жасар Ұзияхты әкесі Амасияхтың орнына патша етіп тағайындады.
II K Kaz 14:22  Әкесі көз жұмып, ата-бабаларының қасына жөнелгеннен кейін, Ұзиях (Қызыл теңіздің шығанағындағы) кеме тоқтайтын Елат қаласын қайтадан салғызып, Яһуда еліне қосты.
II K Kaz 14:23  Яһуда еліне Жоғас ұлы Амасиях патшалық құрған он бесінші жылы Жоғас ұлы Еробоғам Самария қаласында Солтүстік Исраилдің патшасы болды. Ол қырық бір жыл бойы билік жүргізді.
II K Kaz 14:24  Еробоғам Жаратқан Иеге жек көрінішті істер істеп, ежелде Набат ұлы Еробоғамның Солтүстік Исраилдің халқын азғырған күнәларының ешқайсысынан бас тартпады.
II K Kaz 14:25  Жоғас ұлы Еробоғам Солтүстік Исраилдің (шығыстағы) шекарасын Лебо-Хаматтан бастап оңтүстіктегі Өлі теңізге дейін қалпына келтірді. Бұл Исраилдің Құдайы Жаратқан Иенің өз қызметшісі — ғат-хеферлік Аматтай ұлы Жүніс пайғамбар арқылы алдын ала айтқан сөзіне сәйкес болды.
II K Kaz 14:26  Себебі Жаратқан Ие Исраил халқының малай болсын, ерікті адам болсын, барлығының да басынан өткізіп жатқан ауыр азаптарына назар аударды. Оларға қол ұшын беретін ешкім болған жоқ.
II K Kaz 14:27  Жаратқан Ие Исраилдің есімін аспан астынан жоқ қылуды ұйғармағандықтан, елді Жоғас ұлы Еробоғам арқылы құтқарды.
II K Kaz 14:28  Еробоғамның қалған барлық іс-әрекеттері, оның қажыр-қайратпен жүргізген соғыстары және баяғыда Яһуданың қол астында болған Дамаск пен Хамат қалаларын Солтүстік Исраилге қалай қайтарғаны туралы «Исраил патшаларының жылнамалары» кітабында баяндалған.
II K Kaz 14:29  Еробоғам көз жұмып, ата-бабаларының қасына жөнелгенде, мәйіті Солтүстік Исраил патшаларының қабіріне қойылды. Оның ұлы Зәкәриях орнын басып патша болды.