Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
II KINGS
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 8
II K Kaz 8:1  Еліше бұдан ертерек баласын өлімнен қайта тірілткен әйелге былай деп кеңес берген болатын: «Жаратқан Ие елге жеті жылға созылатын ашаршылық жіберетін болып шешті. Отбасыңызбен көшіп бара алатын жағыңызға көшіп барып, сонда уақытша тұрып келіңіздер».
II K Kaz 8:2  Сонымен әйел Құдайдың адамының кеңесі бойынша отбасымен бірге філістірлердің еліне көшіп барып, сонда жеті жыл тұрды.
II K Kaz 8:3  Жеті жылдан кейін әйел еліне қайта оралып, үйі мен егістік жерінің өзіне қайтарылуын сұрап патшаға жүгінді.
II K Kaz 8:4  Дәл сол кезде Құдайдың пайғамбарының қызметшісі Гехәзимен сөйлесіп отырған патша одан: «Маған Елішенің істеген ұлы істері туралы айтып берші», — деп сұрады.
II K Kaz 8:5  Гехәзи Елішенің өліп қалған баланы тірілткені туралы айтып отырған кезде, сол ұлдың шешесі үйі мен жері туралы патшаға өтінішпен келе қалды. Сонда Гехәзи: «Уа, патша ием, мен сізге жаңа ғана айтқан әйел, міне, осы! Ал мынау — Еліше қайта тірілткен оның ұлы!» деді.
II K Kaz 8:6  Патша әйелдің өзінен сұрағанда, ол бәрін де айтып берді. Сонда патша арнайы бір уәзірін әйелдің мәселесін шешуге тағайындап, оған: «Мына әйелге меншігінде болғанының барлығын да, оның басқа елге кеткен кезінен күні бүгінге дейін жерінен түскен өнімдерінің бәрімен қоса қайтарып алып бер!» — деп тапсырды.
II K Kaz 8:7  Бірде Еліше Дамаск қаласына барды. Сол кезде Арама елінің патшасы Бен-Хадад ауырып жатқан болатын. Еліше туралы патшаға: «Құдайдың адамы осында», — деп баяндалғанда,
II K Kaz 8:8  патша нөкерлерінің бірі — Хазаилге былай деп тапсырды. «Сыйлық алып, Құдайдың адамына барып кел! Ол Жаратқан Иеден: «Осы аурудан жазылар ма екенмін?» деп сұрай көрсін».
II K Kaz 8:9  Хазаил Дамаскінің ең жақсы заттарынан қырық түйеге сыйлық артып алып, жолға шықты. Елішенің үйіне кіріп, оның алдында тұрып:— Сіздің құлыңыз — Арама патшасы Бен-Хадад мені сізден: «Осы аурудан жазылар ма екенмін?» деп сұрауға жіберді, — деді.
II K Kaz 8:10  Еліше:— Оған қайтып барып: «Сіз сөзсіз сауығып кетесіз» де. Ал Жаратқан Ие маған оның іс жүзінде өлетінін ашық көрсетті, — деп жауап берді.
II K Kaz 8:11  Еліше Хазаилға қадала қарап қалғаны сонша, ол өзін қатты ыңғайсыз сезінді. Бұдан кейін Құдайдың пайғамбары жылай бастады.
II K Kaz 8:12  Хазаил:— Мырзам, неге жылайсыз? — деп сұрады. Еліше:— Өйткені мен сенің Исраил халқына қандай зұлымдықтар жасайтыныңды біліп отырмын. Сен Исраилдің бекіністі қалаларын өртеп, оның жас жігіттерін семсердің жүзімен қырасың, емшектегі сәбилерін жерге лақтырып өлтіресің, жүкті әйелдерінің іштерін жарасың! — деп жауап берді.
II K Kaz 8:13  Хазаил:— Осындай ғаламат істі мендей ит іспетті пақырыңыз қалайша істей алар екен? — дегенде, Еліше:— Жаратқан Ие маған сенің Арама патшасы болатыныңды көрсетті, — деді.
II K Kaz 8:14  Хазаил Елішенің қасынан кетіп, патшасына қайта оралды. Бен-Хадад:— Еліше саған не деді? — деп сұрағанда, Хазаил:— Ол сізді сөзсіз сауығып кетесіз деді, — деп жауап берді.
II K Kaz 8:15  Алайда келесі күні Хазаил бір көрпені суға малып, сонымен патшаның бетін жауып, тұншықтырып өлтірді. Содан кейін Хазаил оның орнына өзі патша болып алды.
II K Kaz 8:16  Солтүстік Исраилге Ахаб ұлы Жорам патшалық құрған бесінші жылы Яһуданың бұрынғы патшасы Жосапаттың ұлы Жорам Яһуда елінің патшасы болды.
II K Kaz 8:17  Сол кезде Жорамның жасы отыз екіде еді. Ол Иерусалимде сегіз жыл билік жүргізді.
II K Kaz 8:18  Ахабтың әулеті сияқты, Яһуда патшасы Жорам да Солтүстік Исраилдің патшаларының теріс жолымен жүрді, себебі оның әйелі Ахабтың қызы болатын. Содан Жорам Жаратқан Иеге жек көрінішті істер істеді.
II K Kaz 8:19  Сонда да Жаратқан Ие Өзінің адал қызметшісі Дәуітке бола Яһуда елін жоюды қаламады. Ол Дәуітке және оның келешек ұрпақтарына ұдайы (патшалық құрып) шам-шырақ іспетті нұр шашуға мүмкіндік беру жайлы уәде еткен болатын.
II K Kaz 8:20  Жорамның заманында Едом халқы Яһуда патшалығының үстемдігіне қарсы бас көтеріп, өздеріне патша тағайындап алды.
II K Kaz 8:21  Сонда Жорам өзінің барлық соғыс күймелерімен шекарадан өтіп, Сайырға қарсы аттанды. Бірақ едомдықтар оның өзін және соғыс күймелерінің айдаушыларын қоршап алды. Жорам түнде тұрып, олардың қоршауын бұзып шыға алды. Алайда жасақшылары үйлеріне қашып кетті.
II K Kaz 8:22  Содан бері Едом халқы осы күнге дейін Яһуданың үстемдігіне қарсы бас көтеріп келеді. Сол кезде (філістір елінің шекарасындағы) Либна қаласы да Яһуданың патшасына қарсы шықты.
II K Kaz 8:23  Жорамның қалған барлық іс-әрекеттері туралы «Яһуда патшаларының жылнамалары» кітабында баяндалған.
II K Kaz 8:24  Жорам көз жұмып, ата-бабаларының қасына жөнелгенде, мәйіті олардың жанына Дәуіттің шаһарындағы қабірге қойылды. Оның ұлы Охозиях орнын басып патша болды.
II K Kaz 8:25  Солтүстік Исраилдің патшасы Ахаб ұлы Жорамның патшалық құрған он екінші жылы Яһуда елінің патшасы Жорамның ұлы Охозиях патшалық құра бастады.
II K Kaz 8:26  Сол кезде Охозияхтың жасы жиырма екіде еді. Ол Иерусалимде бір жыл билік жүргізді. Оның шешесі Солтүстік Исраилдің бұрынғы патшасы Омридың немере қызы Аталия еді.
II K Kaz 8:27  Охозиях Ахабтың әулетінің азғын жолымен жүріп, Жаратқан Иеге жек көрінішті істер істеді. Себебі оның нағашылары сол әулеттен болып (оны теріс жолға тайдырды).
II K Kaz 8:28  Охозиях Ахаб ұлы Жорамға еріп Арама патшасы Хазаилмен соғысуға Ғилақадтағы Рамотқа аттанды. Арамалықтар шайқаста Жорамды жарақаттады.
II K Kaz 8:29  Жорам жарақаттарынан емделіп жазылу үшін Ізрел қаласына қайта оралды. Сондықтан Яһуда патшасы Охозиях Жорамның халін сұрап қайтпаққа Ізрелге ылдилап барды.