Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
LEVITICUS
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 5
Levi Kaz 5:1  Егер біреу өзінің бір жайтқа байланысты көргені не білетіні туралы куәлік келтіруге антпен шақырған дауысты естіп, содан бас тартса, оның күнә жасағаны, ол айыпты болады.
Levi Kaz 5:2  Немесе біреу кез келген арам нәрсемен: арам аңның не арам малдың өлігімен не құжынаған арам мақұлықтардың өлігімен жанасса, тіпті осы жайт оған беймәлім болса да, ол бәрібір арамданып, айыпты болады.
Levi Kaz 5:3  Біреу адам денесінен бөлінетін қандай да болмасын оны арамдайтын былғанышқа жанасса, тіпті осы жайт оған беймәлім болса да, сол туралы білгенде ол айыпты болады.
Levi Kaz 5:4  Біреу жақсы болсын, жаман болсын кез келген бір іс істеймін деп ойланбастан ағат ант бере салса, ол тіпті өзінің айтқанын толығымен білмесе де, сол туралы оған мәлім болғанда ол айыпты болады.
Levi Kaz 5:5  Егер адам осы айтылған жайттардың біреуіне сай айыпты бола қалса, ол өзінің қандай күнә жасағанын ашық мойындасын.
Levi Kaz 5:6  Сол айыбының өтемі ретінде Жаратқан Иеге арнап күнәнің құнын өтейтін құрбандыққа қойдың не ешкінің ұрғашысын алып келсін. Осылайша діни қызметкер сол адамды жасаған күнәсінің арамдығынан тазартсын.
Levi Kaz 5:7  Егер айыбының өтеміне қой-ешкі шалуға адамның жағдайы көтермесе, онда екі орман кептерін немесе екі жас көгершінді Жаратқан Иеге алып келсін. Олардың біреуі күнәнің құнын өтейтін, екіншісі шалынып, түгелдей өртелетін құрбандықтарға арналады.
Levi Kaz 5:8  Адам құрбандықтарын діни қызметкерге алып келсін. Діни қызметкер алдымен күнәнің құнын өтейтін құрбандықты ұсынып, құстың мойнын үзсін. Бірақ басын денесінен толығымен жұлып алмасын.
Levi Kaz 5:9  Ол күнәнің құнын өтейтін құрбандықтың қанының біразын құрбандық үстелінің барлық жақтарына шашуы керек. Қанның қалған бөлігін құрбандық үстелінің түбіне қысып ағызсын. Бұл — күнәнің құнын өтейтін құрбандық.
Levi Kaz 5:10  Содан соң діни қызметкер екінші құсты ережеге сай құрбандыққа шалып, түгелдей өртеп жіберсін. Осылайша ол сол адамды жасаған күнәсінің арамдығынан тазартып, ол Жаратқан Иенің кешіріміне ие болады.
Levi Kaz 5:11  Ал егер адамның екі орман кептерін немесе екі көгершінді әкелуге де жағдайы көтермесе, онда ол жасаған күнәсінің құнын өтейтін тарту ретінде пұттың оннан біріндей мөлшерде таңдаулы бидай ұнын алып келсін. Ол ұнына не зәйтүн майын, не хош иісті шайыр қоспауы керек, себебі бұл — күнәнің құнын өтейтін тарту.
Levi Kaz 5:12  Адам оны діни қызметкерге алып келсін. Діни қызметкер ұнның бір уысын естелік бөлігі ретінде алып, Жаратқан Иеге өртелу арқылы ұсынылған басқа құрбандықтармен бірге құрбандық үстелінің үстінде түтетіп өртеп жіберсін. Бұл — күнәнің құнын өтейтін тарту:
Levi Kaz 5:13  осылайша діни қызметкер адамды жасаған осындай күнәсінің арамдығынан тазартып, ол Жаратқан Иенің кешіріміне ие болады. Ал астық тартуы сияқты, осы тартудың қалған бөлігі де діни қызметкерге тиісті үлес болады.
Levi Kaz 5:14  Жаратқан Ие Мұсаға тағы да нұсқау беріп былай деді:
Levi Kaz 5:15  — Егер бір адам Жаратқан Иеге бағышталған киелі нәрселерге қатысты абайсызда теріс қылық жасап күнәлі болса, ол соның айыбын өтейтін құрбандыққа Жаратқан Иеге арнап отардан бір қошқар алып келсін. Қошқар еш мінсіз болып, құны киелі үйде қолданылатын ресми өлшем бойынша белгіленген күміс мысқалға сәйкес келсін. Бұл — айыпты өтейтін құрбандық.
Levi Kaz 5:16  Адам Жаратқан Иенің сол арамданған киелі нәрселерінің құнын және оның үстіне сол құнның бестен бірін қосып, барлығын діни қызметкерге табыстасын. Осылайша діни қызметкер қошқарды әлгі адамның айыбын өтеуші құрбандық ретінде ұсынып, оны жасаған күнәсінің арамдығынан тазартады. Сонда адам Жаратқан Иенің кешіріміне ие болады.
Levi Kaz 5:17  Егер біреу Жаратқан Ие тыйым салған бір нәрсені істеп абайсызда күнә жасап қойған болса, ол бәрібір айыпты болып, кінәсінің жазасын тартады.
Levi Kaz 5:18  Адам діни қызметкерге айыбын өтейтін құрбандыққа отардан бір қошқар алып келсін. Қошқар еш мінсіз болып, құны киелі үйде қолданылатын ресми өлшем бойынша белгіленген күміс бағасына сәйкес келсін. Осылайша діни қызметкер адамды абайсызда жасаған күнәсінің арамдығынан тазартып, адам Жаратқан Иенің кешіріміне ие болады.
Levi Kaz 5:19  Бұл — айыпты өтейтін құрбандық, оны ұсынған адам Жаратқан Иенің алдында айыпты болып қалған еді.