Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
NAHUM
1 2 3
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 3
Nahu Kaz 3:1  Қан төгуге, өтірікке толы, ұрлық пен тонау толастамайтын қала — Ниневи қасіретке қалады!
Nahu Kaz 3:2  Қамшының сартылы, дөңгелектің тарсылы, жылқының дүбірі, соғыс күймелерінің дүрсілі естіліп тұрады.
Nahu Kaz 3:3  Атты әскер алға жүйткіп, семсерлер жарқылдап, найзалар жалт-жұлт етеді. Көп адам қырылып, сансыз өліктер үйіліп, жұрт өліктерге сүрінетін болады.
Nahu Kaz 3:4  Осының бәрі Ниневидің шексіз азғындығы мен опасыздығы үшін басына түседі. Сұлу да тартымды болып, сиқыршылықты әбден меңгерген бұл қала арам іс-әрекетімен халықтарды баурап алды да, көп әулеттерді сиқыршылығымен құлдыққа сатты.
Nahu Kaz 3:5  «Мен саған қарсымын, — деп ескертеді Әлемнің Иесі. — Сенің етегіңді бетіңе дейін түргіземін! Халықтар мен патшалықтарға сенің жалаңаш тәніңді ашып, абыройыңды төгемін.
Nahu Kaz 3:6  Сені кір-қоқыспен атқылап қорлаймын, кім екеніңді барша жұртқа паш етемін.
Nahu Kaz 3:7  Көргендердің барлығы сенен қашып: «Ниневи қирап қалды, енді кім оған көңіл айтпақ?» дейді. Оны жұбататын ешкім де табылмайды».
Nahu Kaz 3:8  Әлде сен Ніл өзенінің бойында орналасқан, айналасын су қоршаған Но-Аммон қаласынан артықсың ба? Өзен сол қаланың қорғанышы, қоршаған суы оның қамалы іспетті болған еді.
Nahu Kaz 3:9  Құш пен Мысыр оның шексіз қуаты, Пұт пен Либия оның қолдаушыларының қатарында болатын.
Nahu Kaz 3:10  Бірақ та оның халқы тұтқындалып, айдалып кетті; сәбилері әр көшенің қиылысында ұрылып өлтірілді. Жаулап алушылар абыройлы адамдарын жеребе тастап бөлісіп алып, барлық ұлықтарын кісендеп айдап әкетті.
Nahu Kaz 3:11  Ал енді, Ниневи, сен де (Жаратқан Иенің қаһарынан) мас болғандай тәлтіректеп жүресің! Сен де тығылып, жаудан бас сауғалайтын орын іздейтін боласың.
Nahu Kaz 3:12  Інжір ағашын ерте сілкігенде, піскен жемістері адамның аузына келіп түседі. Сенің барлық қамалдарың да дәл солай жау қолына түсетін болады.
Nahu Kaz 3:13  Өз жасақшыларыңа көз тасташы: олардың барлығы да әйел сияқты әлсіз болады. Еліңнің қақпалары жауларыңа айқара ашылады, себебі олардың ысырмаларын от жалмап қояды.
Nahu Kaz 3:14  Ниневи, қоршауға түсетін кезіңе дайындалып, су қорын жинап ал! Бекіністеріңді күшейт! Балшық илеп, әктас ерітіндісін дайындап, кірпіш қабырғаны жөнде!
Nahu Kaz 3:15  Алайда от сені жалмайды, семсер шауып түсіріп, шегіртке құртындай жоқ қылады. Шегірткедей көбейіп, соның құртындай молайып көр, бәрібір жау сені жоятын болады.
Nahu Kaz 3:16  Сенің саудагерлерің аспандағы жұлдыздардан да көбейіп кеткен, бірақ олар шегіртке құртындай елді тып-типыл қылып, ұшып кетеді.
Nahu Kaz 3:17  Нөкерлерің көк шегірткелер іспетті, лауазымды адамдарың шегіртке үйірлері сияқты. Салқын күндері олар шарбақтарға қонып отырады да, күн ысығанда ұшып кетеді. Қайда кеткендерін ешкім білмейді.
Nahu Kaz 3:18  Уа, Ассур патшасы, сенің бақташыларың мүлгіп отыр: сол даңқты әміршілерің демалып жатыр! Ал халқың таулардың арасына шашырап кеткен, оларды жинап әкелетін ешкім жоқ.
Nahu Kaz 3:19  Сенің күйреуің ешкім жаза алмайтын жара іспетті, өзің құлдыраған өлімші халдесің. Басыңа түскен апат туралы естіген әркім соны қол шапалақтап қабылдайды. Себебі сенің шегі жоқ қаталдығыңды өз басынан өткізбеген ешкім қалмады.