Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
II CORINTHIANS
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 3
II C Kaz 3:1  Бұл тағы да өзімізді-өзіміз мақтағандай болып тұр ма? Яки кейбір басқалар сияқты сендерге немесе сендерден кепілдеме хаттарына мұқтажбыз ба?
II C Kaz 3:2  Жоқ, біздің «хатымыз» — өздеріңсіңдер: бәріне белгілі, бәрі де оқитын, жүрегімізге жазылған кепілдемеміз сендерсіңдер!
II C Kaz 3:3  Осы «хатты» біздің қызметіміз арқылы Мәсіхтің Өзінің жазып жібергендігі сендердің өмірлеріңнен анық көрініп тұр. Ол сиямен емес, мәңгі тірі Құдайдың Рухымен, тас тақтайшаларға емес, адамдардың жүректеріне жазылды.
II C Kaz 3:4  Біз Мәсіх арқылы сендер жайында Құдайға нық сенгендіктен осылай дейміз.
II C Kaz 3:5  Бұл қызметке өзіміз қабілеттіміз деп ойлайтындай еш негізіміз жоқ. Біздегі бар қабілеттілік өзімізден емес, Құдайдан.
II C Kaz 3:6  Ол бізді жазылған заңдарға емес, Киелі Рухына негізделген Жаңа Келісімге сай қызмет етуге қабілетті қылды. Жазылған заңдар рухани өлім әкеледі, ал Киелі Рух шынайы өмір сыйлайды.
II C Kaz 3:7  Рас, Таурат заңы тас тақтайшаларға ойып жазылған әріптермен берілген кезде Құдайдың нұрлы салтанаты көрінді. Сонда Мұса пайғамбардың бет әлпетіндегі нұрдың сәулесінің күшті болғаны сонша, исраилдіктер оған қарап тұра алмады. Дегенмен сол нұрдың сәулесі өткінші ғана еді. Ал енді, рухани өлім әкелетін Таурат заңына сай қызмет сондай салтанатпен көрінген болса,
II C Kaz 3:8  онда Киелі Рухтың қызметінің салтанаты содан бетер қаншама ұлы болуға тиіс!
II C Kaz 3:9  Яки адамдарды үкімдейтін қызмет сондай салтанатқа кенелгенде, ақтау мен әділдік әкелетін қызмет одан да зор салтанатқа кенелген болуға тиіс!
II C Kaz 3:10  Кезінде салтанатқа кенелген Көне Келісім, өзінен әлдеқайда салтанатты Жаңа Келісімнің келуіне байланысты бар салтанатынан айырылды.
II C Kaz 3:11  Себебі өткінші салтанат осыншама ұлы болғанда, мәңгілік салтанат одан бетер қаншама ұлы болмақ!
II C Kaz 3:12  Ендеше осындай үмітке ие болған біз зор батылдықпен қызмет етеміз.
II C Kaz 3:13  Өшіп бара жатқан өткінші салтанатқа исраилдіктер қадала қарамасын деп, бетін пердемен жапқан Мұса сияқты істемейміз де.
II C Kaz 3:14  Ал солардың саналары да зердесіз болды. Олар Көне Келісімді оқығанда, ой-саналары тіпті күні бүгінге дейін сондай «пердемен» жабулы тұрған іспетті. Осы «пердені» алып тастаушы — Мәсіх.
II C Kaz 3:15  Әлі күнге дейін олар Мұсаның жазбаларын оқығанда жүректері «пердемен» жабулы тұрғандай.
II C Kaz 3:16  Ал Иемізге бет бұрғанда «перде» алынып тасталады.
II C Kaz 3:17  Иеміз — Рух, Иеміздің Рухы бар жерде азаттық бар.
II C Kaz 3:18  Ал енді, бәріміз бетімізді бүркемей, ашық түрде Иеміздің салтанатты ұлылығына айнадан көргендей мұқият көз жібереміз. Осылайша Ол бізді Өзіне ұқсатып, өзгертіп келеді. Сол арқылы Оның салтанатты ұлылығы барған сайын бізден көбірек көрініс табады. Бұл Иемізден — Киелі Рухтан келеді.