Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
JOSHUA
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 17
Josh Kaz 17:1  Ал енді, Жүсіптің тұңғышы Манасадан тараған рудың жартысына үлестірілген жер мынау: Махыр әулеті батыл жауынгерлер болғандықтан, оларға (Иорданның шығыс жағындағы) Ғилақад пен Башан аймақтары иемденуге берілген еді.
Josh Kaz 17:2  Манасаның қалған ұрпақтарына (Иорданның батыс жағында) әулеттері бойынша мұралық жер үлестірілді. Манасаның еркек кіндікті ұрпақтарынан Әбиезер, Хелек, Асриел, Сихем, Хефер, Шемида әулеттері тарады.
Josh Kaz 17:3  Ал Манасаның шөпшегі, Махырдың шөбересі, Ғилақадтың немересі, Хефер ұлы Салопахадта ұл болмай, Махла, Ноға, Хоғла, Мылқа, Тирса атты қыздары ғана болды.
Josh Kaz 17:4  Бұлар діни қызметкер Елазардың, Нұн ұлы Ешуаның және елдің басқа да басқарушыларының алдына келіп: «Ағайындарымызға берілгендей, мұралық жер бізге де берілсін деп Жаратқан Ие Мұсаға бұйырған еді ғой», — деді. Осылайша Жаратқан Иенің бұйрығына сай, оларға мұралық жер әкелерінің еркек кіндікті туысқандары қатарлы берілді.
Josh Kaz 17:5  Сонымен Манаса руының жері Иордан өзенінің арғы шығыс жағындағы Ғилақад пен Башан аймақтарына қоса тағы Қанахан елінің ішіндегі он аймақтан да тұратын болды.
Josh Kaz 17:6  Себебі Манасаның сол бес немене қызы еркек кіндікті туысқандары секілді мұралық жерге ие болды. Ғилақад аймағы Манасаның басқа ұрпақтарының үлесіне тиген еді.
Josh Kaz 17:7  Манаса руының шекарасы Аширден Сихемнің шығысындағы Михметахқа дейінгі аралықты алып жатады. Содан соң шекара оңтүстікке, Ен-Таппуахтың тұрғындарына қарай бұрылады.
Josh Kaz 17:8  Таппуах аймағы Манаса руына, ал Манасаның шекарасындағы Таппуах қаласы Ефрем руына жатады.
Josh Kaz 17:9  Бұл жерден шекара Қанах жылғасына, сол жылғаның оңтүстік жағына қарай бұрылады. Мұндағы қалалар Манасаның қалаларының арасында орналасса да, Ефрем руына жатады. Содан Манаса руының шекарасы жылғаның солтүстік жағымен жүріп отырып, теңізге келіп тіреледі.
Josh Kaz 17:10  Оңтүстік жақтағы жер Ефремдікі, ал солтүстіктегісі Манасанікі. Манаса руының жерінің бір шеті теңізбен ұласып жатса, солтүстігінде Ашир, шығысында Исашар руларының жерлерімен шектеседі.
Josh Kaz 17:11  Ал Исашар мен Ашир руларының ішіндегі Бет-Шан, Ибелам, Дор, Ендор, Тағанах, Мегидо қалаларының тұрғындары және айналаларындағы елді мекендер Манаса руына жатуға тиіс. Осындағы Дор қаласының Нафот деген қосымша аты бар.
Josh Kaz 17:12  Бірақ манасалықтар бұл қалаларды қолға түсіре алмады, сондықтан оларда қанахандықтар әлі де тұрып келеді.
Josh Kaz 17:13  Исраилдіктер күшейіп алған кезде қанахандықтарды өздеріне міндетті жұмыс істеп, қызмет көрсетуге мәжбүрледі, бірақ оларды елден түгелдей қуып жібермеді.
Josh Kaz 17:14  Жүсіптен тараған екі рудың басшылары Ешуаға тіл қатып:— Сіз неге бізге елден бір ғана үлес, бір ғана мұралық жер беріп отырсыз? Жаратқан Ие жарылқап, біз үлкен ел болып отырмыз ғой, — деді.
Josh Kaz 17:15  Ешуа оларға:— Үлкен ел екенсіңдер, Ефремнің таулы аймағы сендерге тарлық қылады екен. Онда перездіктер мен рафалықтар тұрып жатқан орманды аймаққа көтеріліп барып, орманды кесіп, өздеріңе жер тазартып дайындап алыңдар, — деп жауап берді.
Josh Kaz 17:16  Ал Жүсіп руының адамдары:— Таулы аймақтың бізге жеткіліксіз екені рас, әрі төменгі жазықты, Бет-Шанды және Ізрел алқабын мекендейтін барлық қанахандықтардың темір соғыс күймелері бар емес пе? — деп жауап қайырды.
Josh Kaz 17:17  Сонда Ешуа Жүсіптің үрім-бұтағы — Ефрем мен Манаса руларына:— Сендер үлкен елсіңдер, күш-қуаттарың да мол. Сендерге тиер үлес тек біреу ғана болмайды,
Josh Kaz 17:18  таулы, орманды аймақ та сендерге беріледі. Оны кесіп, тазартып, ең шетіне дейін иемденіп аласыңдар. Қанахандықтардың темір соғыс күймелері және зор күш-қуаты болса да, сендер оларды елден қуып шығасыңдар, — деп жігерлендірді.