Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
JOSHUA
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 4
Josh Kaz 4:1  Бүкіл халық Иордан өзенінің арғы бетіне өтіп болғаннан кейін, Жаратқан Ие Ешуаға тіл қатып былай деді:
Josh Kaz 4:2  «Халық арасынан он екі адамды, әрбір рудан бір-бір адамнан шақырып алыңдар.
Josh Kaz 4:3  Оларға мынадай бұйрық беріңдер: Діни қызметкерлердің Иорданның ортасында қозғалмай тұрған жерінен он екі тас алыңдар. Оларды бүгін кеште халық түнейтін жерге дейін көтеріп апарып, сонда қойыңдар».
Josh Kaz 4:4  Сонда Ешуа исраилдіктердің он екі руынан бір-бірден өзі тағайындаған адамдарын шақырып алып,
Josh Kaz 4:5  оларға былай деп бұйырды: «Иордан өзенінің ортасына, Құдайларың Жаратқан Иенің Келісім сандығының алдына, барыңдар. Сол жерден әрқайсың Исраил руларының санына сай бір-бір тастан көтеріп, иықтарыңа салып алыңдар.
Josh Kaz 4:6  Бұл тастар араларыңда ескерткіш болсын. Болашақта бала-шағаларың: «Бұл тастар сіздер үшін нені білдіреді?» деп сұрағанда,
Josh Kaz 4:7  оларға: «Иордан өзенінің суы Жаратқан Иенің Келісім сандығының алдында кесілгендей қақ айырылды. Келісім сандығы Иорданды кесіп өткенде өзеннің суы ақпай тұра қалды. Сондықтан осы тастар Исраил халқы үшін мәңгілік ескерткіш болады» деп жауап беріңдер».
Josh Kaz 4:8  Исраилдіктер Ешуаның бұйрығын жүзеге асырды. Олар Жаратқан Ие Ешуаға айтқандай, Иордан өзенінің ортасынан Исраил руларының санына сәйкес етіп он екі тас алды. Оларды халықтың түнеуге тоқтаған жеріне көтеріп апарып, сол жерге қойды.
Josh Kaz 4:9  Сонымен Ешуа Келісім сандығын көтерген діни қызметкерлердің аяқтары Иорданның ортасында тұрған жерден алынған он екі тасты (ескерткіш ретінде) орнатып қойды. Сол тастар күні бүгінге дейін сол жерде.
Josh Kaz 4:10  Жаратқан Иенің Ешуа халыққа жеткізсін дегенінің барлығы Мұсаның Ешуаға бұйырғандарына сай толықтай жүзеге асып біткенше, Келісім сандығын көтеріп жүрген діни қызметкерлер Иорданның ортасында тұра берді. Халық өзеннен тездетіп өте шықты.
Josh Kaz 4:11  Бүкіл халық өтіп болған соң Жаратқан Иенің Келісім сандығы оны көтеріп жүрген діни қызметкерлермен бірге барша халықтың көз алдында өзеннен өте шықты.
Josh Kaz 4:12  Рубен мен Ғад руларының және Манаса руының жартысының қаруланған адамдары Мұсаның айтқан бұйрығына сай барлық басқа исраилдіктерден бұрын өтіп кеткен еді.
Josh Kaz 4:13  Барлығы, шамамен қырық мыңдай шайқасқа қаруланған адам, Жаратқан Иенің алдынан өзеннің арғы жағына, Иерихон жазығына саппен өтіп шықты.
Josh Kaz 4:14  Сол күні Жаратқан Ие бүкіл Исраилдің көз алдында Ешуаның мерейін мейлінше үстем қылды. Олар кезінде Мұсаны өмір бойы құрметтеп өткендей, енді Ешуаны да құрметтейтін болды.
Josh Kaz 4:16  «Келісім сандығын көтеріп жүрген діни қызметкерлерге Иордан өзенінен шықсын де!» — деп бұйырғанда,
Josh Kaz 4:17  Ешуа оларға: «Өзеннен бері шығыңдар!» — деген болатын.
Josh Kaz 4:18  Міне, ғажап, Жаратқан Иенің Келісім сандығын көтеріп жүрген діни қызметкерлер Иорданның ортасынан шығып, аяқтары қара жерге тиісімен, өзеннің суы өз орнына қайта келіп, бұрынғыдай арнасынан шығып тасып аға жөнелді.
Josh Kaz 4:19  Осылай халық бірінші айдың оныншы күні Иордан өзенін кесіп өтті. Олар Иерихон қаласының шығыс жағындағы Ғылғалда тоқтап, қостарын тікті.
Josh Kaz 4:20  Иорданнан алынған он екі тасты Ешуа Ғылғалда тұрғызып қойып,
Josh Kaz 4:21  исраилдіктерге былай деді: «Болашақта балаларың сендерден: «Мына тастардың мағынасы қандай?» деп сұраған кезде,
Josh Kaz 4:22  оларға мынаны түсіндіріп беріңдер: «Халқымыз Исраил осы жерде Иордан өзенін құрғақ жермен кесіп өтті».
Josh Kaz 4:23  Себебі Құдайларың Жаратқан Ие сендер Иордан өзенінен өткенше оның суын көздеріңнің алдында құрғатып қойды. Ол бұрын біз Қамысты теңізден өтіп болғанша оның суын да дәл солай құрғата тұрған еді.
Josh Kaz 4:24  Ол жер бетіндегі барлық халықтардың Жаратқан Иенің зор құдіретін білулері үшін және сендер Құдайларың Жаратқан Иені құрметтеулерің үшін осылай істеді».