Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
JOSHUA
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 9
Josh Kaz 9:1  Иордан өзенінің батыс жағындағы патшалар осы оқиғалар жайлы естіді. Олар — таулы аймақта және батыстағы төменгі қыраттарда, Ұлы теңіздің жағасында әрі Ливанға дейін созылған жазықта тұрып жатқан хеттіктер, аморлықтар, қанахандықтар, перездіктер, хевтіктер және ебустіктердің патшалары болатын. Бұлар осындай хабар алғанда,
Josh Kaz 9:2  жиналып бірауыздан Ешуа мен Исраилге қарсы бірігіп соғысуға ұйғарды.
Josh Kaz 9:3  Алайда Гибеон қаласының тұрғындары Ешуаның Иерихон мен Ай қалаларына не істегені туралы естігенде,
Josh Kaz 9:4  қулыққа басты. Олар Ешуаға елшілерін жіберіп, солардың есектеріне алба-жұлба қаптар мен тозып, жамалған шарап местерін артты.
Josh Kaz 9:5  Адамдар аяқтарына тозған, жамау-жамау аяқкиім, үстеріне тозығы жеткен ескі киім киді. Азық-түлігі қатып, көгеріп кеткен нан болды.
Josh Kaz 9:6  Гибеондық елшілер исраилдіктердің Ғылғал маңындағы қонысына келіп, Ешуаға және басқа исраилдіктерге:— Біз бір алыстағы елден келіп отырмыз. Бізбен келісім жасасаңыздар екен, — деді.
Josh Kaz 9:7  Ал исраилдіктер сол хевтіктерге:— Қалайша сіздермен келісім жасай аламыз? Мүмкін, бізге жақын осы маңда тұратын шығарсыздар? — деп күдіктенді.
Josh Kaz 9:8  Олар Ешуаға:— Сіздің құлдарыңыз боламыз, — деп жауап берді. Ешуа олардан:— Өздеріңіз кімсіздер? Қайдан келіп отырсыздар? — деп сұрады.
Josh Kaz 9:9  Олар жауап қайтарып былай деді:— Алдыңыздағы құлдарыңыз өте қашықтағы бір елден Құдайыңыз Жаратқан Иенің ұлы атақ-даңқына бола келіп отыр. Өйткені біз Оның Мысыр елінде істеген барлық ғажап істері жайлы,
Josh Kaz 9:10  әрі Иорданның шығыс жағындағы аморлықтардың екі патшасына істегендерінің бәрі: Хешебон патшасы Сихонды да, Аштаротта тұрған Башан патшасы Огты да қалай жеңгені туралы нақты естідік.
Josh Kaz 9:11  Содан еліміздің рубасылары мен барлық тұрғындары бізге мына тапсырманы берді: Жолға азық-түлік сайлап алып, сапарға шығып, сол халықпен кездесіңдер! Олардан: «Сіздердің құлдарыңыз боламыз. Бізбен келісім жасасаңыздар екен!» деп өтініңдер.
Josh Kaz 9:12  Міне, нанымыз. Осы жаққа қарай жолға шыққан кезде ол әлі суып үлгірмеген, жылы болатын, ал енді көріп отырсыздар, қатып, көгеріп кетіпті.
Josh Kaz 9:13  Біз мына шарап құятын местерімізді толтырған кезде олар әлі жап-жаңа еді, ал енді, міне, жыртылайын деп тұр. Киім-кешегіміз бен аяқкиіміміз де ұзақ жолдан тозып кетті!
Josh Kaz 9:14  Исраилдіктер олардың жол азықтарынан алып көрді, алайда Жаратқан Иенің еркін сұрамады.
Josh Kaz 9:15  Содан Ешуа гибеондықтармен бейбітшілік келісімін жасап, оларды аман қалдыруға уәде беріп, қауымның жетекшілері де соны антпен бекітті.
Josh Kaz 9:16  Бірақ келісім жасағаннан үш күн өткеннен кейін исраилдіктер бұл адамдардың өздеріне жақын тұрып жатқан көршілері екенін біліп алды.
Josh Kaz 9:17  Исраилдіктер дереу жолға шығып, үшінші күні олардың қалаларына: Гибеон, Кефира, Бегерот және Кирият-Иғарымға жетті.
Josh Kaz 9:18  Исраилдіктер оларға шабуыл жасаған жоқ, себебі қауымның басшылары Исраилдің Құдайы Жаратқан Иенің атымен оларға (бейбітшілік жайлы) ант беріп қойған болатын.Халықтың бүкіл қауымы жетекшілеріне наразы болып, күңкілдеді.
Josh Kaz 9:19  Сол басшылары қауымға жауап беріп: «Біз Исраилдің Құдай Иесінің атымен ант еткенбіз, сондықтан оларға тиісе алмаймыз.
Josh Kaz 9:20  Енді былай істейік: оларды тірі қалдырайық, әйтпесе Жаратқан Ие оларға берген антымызды бұзғанымызға бола бізге қаһарын төгіп жүрер.
Josh Kaz 9:21  Олар тірі қалсын, бірақ бүкіл қауым үшін отын жарып, су таситын болсын!» — деп шешті. Осылайша қауымның жетекшілері берген сөздерінде тұрды.
Josh Kaz 9:22  Ешуа гибеондықтарды шақырып алып, оларға былай деді:— Іс жүзінде жақын маңымызда тұрып, неге «сіздерден өте қашықта тұрамыз» деп бізді алдадыңдар?!
Josh Kaz 9:23  Соған бола сендерді қарғыс атты! Бұдан былай басыбайлы қызметші болудан ешқашан құтылмайсыңдар. Құдайымның үйі үшін отын жарып, су таситын боласыңдар! —
Josh Kaz 9:24  Олар Ешуаға былай деп жауап берді:— Тақсыр, біз Құдайыңыз Жаратқан Иенің өз қызметшісі Мұсаға сіздерге бүкіл елді табыстауды және ондағы тұрғындардың барлығын алдарыңыздан құртып жоқ қылуды тапсырғанын анық біліп алдық. Сондықтан сіздерге бола өміріміз үшін қатты қауіптеніп, осылай істедік.
Josh Kaz 9:25  Енді, міне, біздің тағдырымыз сіздің қолыңызда. Сіз нені дұрыс та әділ деп тапсаңыз, соны істеңіз.
Josh Kaz 9:26  Сонда Ешуа исраилдіктердің гибеондықтарды өлтіруіне жол бермей, оларды құтқарып қалды.
Josh Kaz 9:27  Сол күні Ешуа оларды Исраил халқы үшін және Жаратқан Иенің таңдап алатын жерінде орнатылатын құрбандық үстелі үшін отын жарып, су тасушы қызметшілер етіп қойды. Бұл күні бүгінге дейін солай.