Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
RUTH
1 2 3 4
Prev Up Next
Chapter 4
Ruth Kaz 4:1  Боғоз қала қақпасының қасындағы алаңға барып отырды. Қараса, өзі Рутқа айтқан туысқаны қасынан өтіп бара жатыр екен. Боғоз оған: «Туысқан, мұнда келіп, отыра тұр», — деді. Ол қасына келіп, жайғасқаннан кейін
Ruth Kaz 4:2  Боғоз қаланың он ақсақалын шақырып алып: «Қасымызға отырсаңыздар екен», — деп өтінді. Содан ақсақалдар да жайғасып отырды.
Ruth Kaz 4:3  Боғоз жаңағы туысқанына қарап былай деп сөз бастады:— Моаб елінен қайтып келген Нағима ағайынымыз Елімәлікке тиісті мұралық жер үлесін сатпақшы.
Ruth Kaz 4:4  Соны сенің құлағыңа салғым келеді. Халқымның ақсақалдарының және мына отырған жұрттың алдында саған ұсыныс жасаймын: соны сен сатып ал. Егер сол отбасының қамқоршысы болғың келсе, бола бер. Ал бас тартсаң, ашығын айт, мен білейін. Себебі қамқоршы бола алатын ең жақын туысқан сенсің, сенен кейінгі кезек менікі. — Туысы:— Жарайды, құнын төлеп, сатып алайын, — деді.
Ruth Kaz 4:5  Сонда Боғоз:— Егер сен Нағимадан жерді сатып алсаң, онда марқұмның моабтық жесір келіні Руттың әмеңгері болып соған үйленесің. Рут ұлды болғанда тұңғыш ұлы марқұмның ұрпағы деп есептелініп, мұралық жер үлесін сол иемденбек, — деді.
Ruth Kaz 4:6  Бұған туысы:— Олай болса, жерді сатып ала алмаймын. Бұл өзімнің мұралық үлесіме нұқсан келтірмек. Одан да сенің қамқоршы болып, жерді сатып алғаның жөн. Ал менің қолымнан келмейді, — деп жауап берді.
Ruth Kaz 4:7  Ежелгі заманда Исраилде мынадай дәстүр бар болатын: егер біреу туысқан қамқоршы ретіндегі борышын басқа біреуге аударса, онда ол бұл істі растау үшін бір аяқкиімін шешіп алып, сол адамға беруге тиісті еді.
Ruth Kaz 4:8  Сондықтан туысқаны «Жерді өзің сатып ал» дегеннен кейін Боғозға аяқкиімін шешіп берді.
Ruth Kaz 4:9  Сонымен Боғоз айналасындағы ақсақалдар мен барлық жұртқа қарап былай деді:— Бүгін сіздер менің Нағимадан Елімәліктің, Хилионның және Махлонның бүкіл меншігін сатып алғандығыма куәсіздер.
Ruth Kaz 4:10  Мен, сондай-ақ, марқұмның ұрпағын жалғастырып, соған барлық мұрасын қалдыру үшін Махлонның жесірі моабтық Рутты әйелдікке аламын. Осылай марқұмның аты өз әулеті мен қала шежіресінен өшуден аман сақталмақ. Сіздер бүгін соған куәсіздер.
Ruth Kaz 4:11  Ақсақалдар және қақпа алдындағы алаңда жиналған барлық адамдар:— Иә, куәміз, — деп растады. Олар Боғозды құттықтап: — Жаратқан Ие сенің үйіңе кіретін бұл әйелді Исраилдің үрім-бұтағын таратқан Рахила мен Лиядай ұрпақты ете көрсін! Сен Ефрата аймағында күшті болып, атың Бетлехемде жасасын!
Ruth Kaz 4:12  Тамар ата-тегіміз Яһудаға Тамар Паресті туып беріп, үлкен әулетті таратқандай, Жаратқан Ие осы жас әйелден сыйлайтын ұрпақтарың арқылы сені де үбірлі-шүбірлі қыла көрсін! — деп баталарын берді.
Ruth Kaz 4:13  Осылай Боғоз той жасап Рутқа үйленді. Жаратқан Иенің жарылқауымен Руттың аяғы ауырлап, ұл туды.
Ruth Kaz 4:14  Әйелдер Нағиманы құттықтап: «Жаратқан Ие мадақталсын! Енді Ол сені қамқорлайтын мұрагермен қамтамасыз етті. Баланың атағы Исраилге жайылсын!
Ruth Kaz 4:15  Ол өміріңді қуанышқа кенелтіп, қартайған шағыңда сүйенішің болады. Себебі оны туған — өзіңді жақсы көріп, соншама адал болып келген келінің. Осы келінің саған жеті ұлдан да артық!» — деді.
Ruth Kaz 4:16  Нағима нәрестені қолына алып, бауырына басып, бағып-қақты.
Ruth Kaz 4:17  Көрші әйелдер: «Бұл — Нағима үшін туылған ұл», — деп, оған Ғабит деген есім берді. Ғабит Есейдің әкесі, Дәуіттің атасы болды.
Ruth Kaz 4:18  Парес әулетінің тарау тегі мынау: Парестен Хесрон,
Ruth Kaz 4:19  Хесроннан Рам, Рамнан Әминадап,
Ruth Kaz 4:20  Әминадаптан Нағасон, Нағасоннан Салмон,
Ruth Kaz 4:21  Салмоннан Боғоз, Боғоздан Ғабит,
Ruth Kaz 4:22  Ғабиттен Есей, ал Есейден Дәуіт туды.