Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
ZECHARIAH
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 14
Zech Kaz 14:1  Біліп алыңдар, Жаратқан Иенің күні келе жатыр!Сол заманда сендерден алынған олжа өз көз алдарыңда бөлінетін болады.
Zech Kaz 14:2  Себебі Мен барлық халықтарды Иерусалимге қарсы соғысуға жинаймын. Қала олардың қолына түсіп, жау әскері ондағы үйлерді талан-таражға салып, әйелдерді зорлап масқаралайтын болады. Қала тұрғындарының жартысы жер аударылып әкетіліп, қалғандары қалада қалдырылады.
Zech Kaz 14:3  Сонда Жаратқан Ие ежелгі замандарда шайқасқандай, осы халықтарға қарсы шайқасады.
Zech Kaz 14:4  Сол күні Оның аяғы Иерусалимнің шығысындағы Зәйтүн тауында тұрады. Зәйтүн тауы шығыстан батысқа қарай қақ айырылып, екі ортада өте кең аңғар пайда болады. Таудың бір жартысы солтүстікке, екінші жартысы оңтүстікке қарай жылжиды.
Zech Kaz 14:5  Сендер Менің тауларымның аңғарымен қашып құтыласыңдар, себебі сол аңғар Аселге дейін созылатын болады. Сендер жұрт Яһуда патшасы Ұзияхтың заманында болған жер сілкінісінен қашқандай қашасыңдар. Сонда менің Құдайым — Жаратқан Ие Өзіне бағышталған барлық қасиетті нөкерлерін ертіп келеді.
Zech Kaz 14:6  Сол күннен бастап суық пен аяз атымен болмайды.
Zech Kaz 14:7  Сол күн ешқашан бітпейді, онда күндіз бен түннің айырмашылығы болмайды. Ол туралы тек Жаратқан Ие ғана біледі. Кешке әлі де жарық бола береді.
Zech Kaz 14:8  Сол күннен бастап Иерусалимнен тірі су ағып шығып, бір жартысы шығыстағы Өлі теңізге, екінші жартысы батыстағы Жерорта теңізіне ағып кететін болады. Ағысы қысы-жазы толастамайды.
Zech Kaz 14:9  Жаратқан Ие бүкіл жер бетінің Патшасы болады. Сол күні Жаратқан Ие бірден-бір Құдай болып, жалғыз Оның есімі ғана мадақталатын болады.
Zech Kaz 14:10  Яһуданың солтүстігіндегі Геба мен Иерусалимнің оңтүстігіндегі Риммонның арасындағы бүкіл жер тегіс жазыққа айналады. Ал Иерусалим көтеріліп, өз орнында қала береді: ол Бунямин қақпасынан Бірінші қақпаның жеріне және Бұрыш қақпасына дейін, әрі Хананел мұнарасынан патшаның жүзім сыққыштарына дейін созылады.
Zech Kaz 14:11  Халық Иерусалимге қоныстанып, қала енді қайтып қарғысқа ұшырап қиратылмайды. Осылай Иерусалимнің халқы аман-есен тұратын болады.
Zech Kaz 14:12  Ал Иерусалимге қарсы соғысуға аттанған халықтардың бәріне Жаратқан Ие індет жібереді: олар аяқтарымен жер басып жүрген кездерінде-ақ тәндері іріп-шіріп, көздері ұяларында, тілдері ауыздың ішінде шіріп кетеді.
Zech Kaz 14:13  Сол күні Жаратқан Ие оларды қатты абыржытып, араларында үрей туғызады. Олар қасында тұрғанды қолынан шап беріп ұстап алып, бір-біріне бас салатын болады.
Zech Kaz 14:14  Сонда Яһуда елінің барлық адамдары да Иерусалимде соғысады. Содан айналадағы күллі халықтардың байлықтары: алтын-күміс пен киім-кешектері молынан жиналып, оларға олжа болады.
Zech Kaz 14:15  Оның үстіне жаңағы індет сияқты пәле жаулардың жылқылары мен қашырларын, түйелері мен есектерін, әрі әскер қостарындағы барлық басқа малдарын да қырып тастайды.
Zech Kaz 14:16  Сонда Иерусалимге қарсы келген халықтардан тірі қалғандары енді жыл сайын Патшаға, Әлемнің Иесіне, ғибадат етіп, Күркелер мейрамын тойлауға келетін болады.
Zech Kaz 14:17  Ал алда-жалда жер бетіндегі әулеттердің біреуі Патшаға, Әлемнің Иесіне, ғибадат етуге Иерусалимге өрлеп бармай қалатын болса, онда сондайлардың жеріне жаңбыр да жаумайтын болады.
Zech Kaz 14:18  Егер Мысыр халқы жолға шығып Иерусалимге келмейтін болса, онда Жаратқан Ие Күркелер мейрамын тойлауға келмейтін халықтарға арнаған апаттарын соларға жібереді.
Zech Kaz 14:19  Егер Мысыр мен басқа да елдердің халықтары Күркелер мейрамын тойлауға Иерусалимге өрлеп барудан бас тартса, олар осылай жазаланбақ.
Zech Kaz 14:20  Сол күні жылқылардың қоңырауларында «Жаратқан Иеге бағышталған» деген жазу болады. Жаратқан Иенің киелі үйіндегі құрбандық етін пісіруге арналған қазандар құрбандық үстелінің алдындағы тостағандар сияқты Оған бағышталған киелі болады.
Zech Kaz 14:21  Құрбандық ұсынушы әркім келіп, шалған құрбандығының етін пісіре алуы үшін Иерусалим мен Яһудадағы кез келген тамақ пісіретін қазан Әлемнің Иесіне бағышталған киелі болады. Сол күннен бастап Әлемнің Иесінің киелі үйінде (Оған мойынсұнбайтын) бірде-бір қанахандық қалмайды.