Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
I SAMUEL
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 31
I Sa Kaz 31:1  Осы екі арада філістірлер Исраилдің жасағына қарсы соғысып жатты. Исраилдіктер олардан қашып, көбі Гелбуе тауында қаза тапты.
I Sa Kaz 31:2  Філістірлер Саул мен оның ұлдарының соңына түсіп, ақыры ұлдары Жонатан, Әминадап, Мәлхисуаны өлтірді.
I Sa Kaz 31:3  Саулдың айналасындағы шайқас қатты күшейе түсті. Садақшылардың жебелері дәл тиіп, оны ауыр жарақаттады.
I Sa Kaz 31:4  Саул өзінің қару-жарақ тасушы нөкеріне: «Семсеріңді суырып, маған сұғып ал! Мына құдайсыздар келіп, маған білгендерін істеп масқара қылмасын!» — деп бұйырды. Бірақ нөкері қатты қорқып, бұны істеуден бас тартты. Сонда Саул өз семсерін суырып алып, оны өзіне қарай қаратып үстіне құлап түсті.
I Sa Kaz 31:5  Қару тасушы нөкері Саулдың мерт болғанын көргенде, ол да Саулдың қасында дәл солай өзін-өзі өлтірді.
I Sa Kaz 31:6  Осылайша сол күні Саул мен оның үш ұлы, қару тасушысы және барлық басқа нөкерлері қаза тапты.
I Sa Kaz 31:7  Ізрел аңғарының арғы бетін және Иордан өзенінің ар жағын мекендеген исраилдіктер сарбаздардың қашқанын, әрі Саулдың ұлдарымен қоса мерт болғанын білгенде, олар тұрып жатқан қалаларын тастап, қаша жөнелді. Ал філістірлер келіп, сол қалаларға қоныстанып алды.
I Sa Kaz 31:8  Келесі күні філістірлер қаза тапқандарды тонауға келгенде, Гелбуе тауында өліп жатқан Саул мен оның үш ұлының мәйіттеріне тап болды.
I Sa Kaz 31:9  Жасақшылар Саулдың басын шауып алып, қару-жарағын иемденді. Осы хабарды бүкіл філістір еліне, олардың табынатын жалған тәңір мүсіндерінің ғибадатханаларында және халық арасына тарату үшін шабармандарын жіберді.
I Sa Kaz 31:10  Філістірлер Саулдың қару-жарағын Астарта есімді жалған тәңірдің ғибадатханасына сақтап қойып, мәйітін Бет-Шан қамалының қабырғасына іліп қойды.
I Sa Kaz 31:11  Бірақ Ғилақадтағы Ябес қаласының тұрғындары філістірлердің Саулға істеген қорлығы туралы естіді.
I Sa Kaz 31:12  Қаланың мықты деген ер азаматтарының бәрі де жиналып, сапарға аттанды. Олар түні бойы жол жүріп, Бет-Шан қамалының қабырғасынан Саул мен оның үш ұлының мәйіттерін түсіріп алды. Оларды Ябеске әкеліп, сонда өртеп жіберді.
I Sa Kaz 31:13  Олар сүйектерін Ябесте бір жыңғыл ағашының түбіндегі қабірге қойып, жеті күн бойы ораза ұстап, мерт болғандарды жоқтады.