Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
I SAMUEL
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 20
I Sa Kaz 20:1  Осы екі арада Дәуіт Рамақтағы Найоттан қашып кетіп, Жонатанға барып, оған:— Мен не істеп қойдым? Жазығым не? Әкең жанымды алатындай қандай күнәм бар? — деген сауалдар қойды.
I Sa Kaz 20:2  — Жоқ, өлтірілмейсің! Не үлкен, не кіші, қандай іс болмасын әкем маған айтпай істемейді. Мұндай жоспарын да менен жасырмаған болар еді. Қателесіп тұрсың! — деп жауап берді ол.
I Sa Kaz 20:3  Бірақ Дәуіт ант етіп былай деді:— Сенің маған оң көзбен қарап келгеніңді әкең жақсы біледі. Сол себепті ол: «Жонатанға бұны білдірмей-ақ қояйын, әйтпесе ренжіп жүрер» деп ойлайды. Алайда мәңгі тірі Жаратқан Иенің және сенің алдыңда шын айтамын: мені ажалдан ажыратып тұрған бір-ақ қадам. —
I Sa Kaz 20:4  Жонатан:— Менен қандай тілегің бар, соны екі етпеймін! — деді.
I Sa Kaz 20:5  Сонда Дәуіт оған мынадай өтініш жасады:— Ертең айдың бірінші күні екенін білесің. Менің патшамен бірге дастарқан басында отыруым керек еді. Маған рұқсат ет, далаға кетіп, бүрсігүні кешке дейін жасырына тұрайын.
I Sa Kaz 20:6  Егер әкең мені сұрай қалса, оған: «Дәуіттің қаласы Бетлехемде барлық жегжат-жұрағатының жылдық құрбандық мейрамы өткізілейін деп жатыр екен. Дәуіт соған тездетіп барып келуге менен қоймастан сұранып, сонда кетті» деп түсіндір.
I Sa Kaz 20:7  Патша: «Жарайды» десе, онда маған төнген еш қауіп жоқ. Ал егер қатты ашуланса, маған қарсы зұлымдық жасауға ұйғарды деп біле бер.
I Sa Kaz 20:8  Жаратқан Иенің алдында сертпен бекіткен достығымызды есіңе алып, алдыңдағы қызметшіңе әрдайым мейірімділік көрсете гөр. Егер қандай да кінәм болса, мені әкеңе ұстап бермей-ақ, өзің өлтіре сал!
I Sa Kaz 20:9  — Ондай ешқашан болмас! Әкемнің саған жамандық істеуге ұйғарғанын біліп қалсам, саған айтпас па едім? — деп жауап берді Жонатан.
I Sa Kaz 20:10  Дәуіт одан:— Егер әкеңнің берген жауабы қатал болса, маған сол туралы кім айтпақ? — деп сұрағанда,
I Sa Kaz 20:11  ол— Жүр, далаға кетейікші, — деп, екеуі солай істеді.
I Sa Kaz 20:12  Сол жерде Жонатан Дәуітке ант беріп былай деді:— Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие куә: мен ертең немесе бүрсігүні осы кезге дейін әкеммен сөйлесіп, саған деген көзқарасын біліп аламын. Егер ол жақсы болса, онда мен міндетті түрде біреуді жіберіп, саған хабарлаймын.
I Sa Kaz 20:13  Ал шынымен әкемнің саған жамандық істейтін ойы болса, мен соны саған айтып, қатерден арашалау үшін басқа жаққа жіберемін. Егер уәдемде тұрмасам, Жаратқан Ие мені жазалаған үстіне жазаласын! Жаратқан Ие әкеме жар болғандай, енді саған да жар бола көрсін!
I Sa Kaz 20:14  Көзім тірісінде маған Жаратқан Иенің тұрақты мейірімділік көрсеткені сияқты, сен де әрдайым мейірімділік көрсетіп, мені аман-есен қалдыра гөр.
I Sa Kaz 20:15  Егер өліп қалсам, отбасыма жасайтын қамқорлығыңды доғарма. Жаратқан Ие Дәуіттің жер бетіндегі барлық жауларының бірде-біреуін қалдырмай құртқан кезде де солай істей бер! —
I Sa Kaz 20:16  Сонымен Жонатан Дәуіттің әулетімен келісім жасап: — Жаратқан Ие Дәуіттің жауларын жауапқа тартып, жазаласын! — деп,
I Sa Kaz 20:17  Дәуітке деген сүйіспеншілігі туралы сертін қайтадан жаңартты. Себебі Жонатан досын жанындай жақсы көретін.
I Sa Kaz 20:18  Бұдан кейін ол былай деді:— Ертең айдың бірінші күніне арнап жиналамыз. Сонда орның бос болғандықтан сені сұрайтын болады.
I Sa Kaz 20:19  Бүрсігүні кешке таман абайлап төмен түсіп, бұрын жасырынған жеріңе тығылып, сонда жатқан Әзел тасының маңында күте тұр.
I Sa Kaz 20:20  Ал мен бір нысананы көздегендей болып, сол жаққа қарай үш рет садақ атамын.
I Sa Kaz 20:21  Содан: «Жебелерімді іздеп тауып кел!» деп, бір жас нөкерімді жіберемін. Егер оған: «Міне, жебелер өзіңнен бері жатыр, оларды осында алып кел!» десем, сен тасадан шығып, қасыма кел. Себебі шынымен саған ешқандай қауіп төніп тұрмағаны.
I Sa Kaz 20:22  Егер де сол жігітке: «Әне, жебелер сенің ар жағыңда жатыр» десем, онда Жаратқан Ие сені басқа жаққа жібергендіктен кетіп қаларсың.
I Sa Kaz 20:23  Ал өзара байласқан сөзімізге Жаратқан Ие мәңгі бақи куә болмақ.
I Sa Kaz 20:24  Сонымен Дәуіт қалаға кірмей, далада жасырынып қалды. Айдың бірінші күні патша арнайы астан дәм тату үшін дастарқан басына,
I Sa Kaz 20:25  өзінің төрдегі орнына жайғасты. Жонатан оның қарсысында, ал Әбенир жанында отырды. Дәуіттің орны бос тұрды.
I Sa Kaz 20:26  Саул: «Әрине, оған бір жағдай болып, тазару рәсімін орындай алмаған соң келмегені ғой!» деп ойлап, сол күні ештеңе демеді.
I Sa Kaz 20:27  Бірақ айдың екінші күні де Дәуіттің орны бос тұрғанда Саул Жонатаннан:— Есей ұлының кеше де, бүгін де асқа келмей қалуы неліктен? — деп сұрады.
I Sa Kaz 20:28  Жонатан мынадай жауап берді:— Дәуіт менен Бетлехемге баруға қоймастан сұранып:
I Sa Kaz 20:29  «Біздің қалада жегжат-жұрағаттарымыз құрбандық ас береді. Ағам маған соған келуің керек деген еді. Мейірімділік көрсетіп, мені ағайындарыма жібере гөр» деп өтінді. Сол себептен Дәуіт патша ағзамның дастарқанына келе алмай қалды. —
I Sa Kaz 20:30  Бірақ Саул Жонатанға қатты ашуланып:— Әй, азғын да қиқар ұл! Өзіңді масқара етіп, шешеңді де ұятқа қалдырып, ана Есей ұлымен достасып алғаныңды мен білмейді дейсің бе?
I Sa Kaz 20:31  Есейдің сол баласы жер басып жүргенде, өзің де, патшалығың да қауіпсіз болмайсыңдар! Ал енді, адам жіберіп, оны маған алып кел! Ол өлуге тиіс! — деп айқайлап жіберді.
I Sa Kaz 20:32  Жонатан:— Ол неліктен өлтіріледі? Жазығы не еді? — деп сұрады.
I Sa Kaz 20:33  Сонда Саул қолындағы сүңгісін оған қадамақ болып лақтырып жіберді. Бұдан әкесінің Дәуітті өлтіруге нақты бел буғанына Жонатанның көзі жетті.
I Sa Kaz 20:34  Ол қатты ашуланып, дастарқан басынан ұшып тұрып, кетіп қалды. Әкесінің Дәуітті масқаралағанына ренжіп, айдың екінші күнгі асынан ауыз тимеді.
I Sa Kaz 20:35  Ертеңгісін ертемен Жонатан Дәуітпен кездесу үшін даладағы келісілген жерге бір нөкер жігітін ертіп барды.
I Sa Kaz 20:36  Оған: «Мен қазір садақ атамын, сен жүгіріп барып, жебелерімді алып келетін бол!» — деді де, жүгіріп кеткен жас жігіттен әрірек барып түсетіндей етіп бір жебені атып жіберді.
I Sa Kaz 20:37  Нөкердің артынан: «Жебе сенің ар жағыңда жатыр,
I Sa Kaz 20:38  тұра берме, тез бол!» — деп дауыстады. Жас жігіт жебелерді жинап, қожасына алып келді.
I Sa Kaz 20:39  Айтылғандардың астарлы мәнісін ол ұқпағанмен, Жонатан мен Дәуітке бәрі анық еді.
I Sa Kaz 20:40  Жонатан нөкеріне садақ пен жебені табыстап, оған: «Бұларды қалаға алып кет», — деп бұйырды.
I Sa Kaz 20:41  Жігіт кетісімен Дәуіт тасаланып отырған алып тастың оңтүстік жағынан шығып, Жонатанның алдында үш рет жерге дейін иіліп тағзым етті. Олар бір-бірін беттерінен сүйіп, егіле жылады. Дәуіттің жылауы ерекше болды.
I Sa Kaz 20:42  Жонатан: «Аман-есен жүр! Екеуіміз Жаратқан Иенің атымен байласқан антымызды сенің де, менің де, кейінгі ұрпақтарымыздың да орындайтынына Оның Өзі кепіл болсын», — деп Дәуітпен қоштасты.
I Sa Kaz 20:43  Содан Дәуіт кетіп қалды, ал Жонатан қалаға қайтты.