Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
I SAMUEL
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 15
I Sa Kaz 15:1  Бірде Самуил Саулға былай деді: «Маған баяғыда сені Өзінің халқы Исраилдің үстінен патша етіп тағайындауды Жаратқан Ие тапсырған болатын. Енді Оның айтқан сөздеріне құлақ сал!
I Sa Kaz 15:2  Әлемнің Иесі мынаны айтады: Кезінде Исраилдің үрім-бұтағы Мысырдан көшіп шығып келе жатқанда, Амалек тайпасы оларға қарсы соғысып, жолын бөгеген болатын. Қазір Мен Амалектің сонысын есіме түсіріп, жазаламақпын.
I Sa Kaz 15:3  Енді барып, амалектіктерді шап! Олардағылардың бәрін (Маған бағыштап) түгелімен қырып-жой! Еш аямастан еркектері мен әйелдерін, балалары мен нәрестелерін, ірі қара мен ұсақ малдарын, түйелері мен есектерін құрт!»
I Sa Kaz 15:4  Сонда Саул жасақшыларын жинап алып, Телаим деген жерде түгендеп шықты. Исраилдің басқа руларынан екі жүз мың жаяу сарбаз жиналыпты, ал Яһуда руынан келгендердің саны он мың болды.
I Sa Kaz 15:5  Саул аттанып, Амалектің қаласына жақындағанда бір терең сайдың ішіне тығылып, жауды аңдыды.
I Sa Kaz 15:6  Ал Кен тайпасына ол былай деп хабар жіберді: «Сіздерді де Амалекпен қоса құртып тастап жүрмеуім үшін олардың арасынан бөлініп, шығып кетіңіздер. Себебі Мысырдан көшіп шығып келе жатқан Исраилдің үрім-бұтағына мейірімділік көрсеткен едіңіздер». — Сонда кендіктер Амалек тайпасынан бөлініп шығып, кетіп қалды.
I Sa Kaz 15:7  Бұдан кейін Саул Амалекке шабуыл жасады. Олармен Хавиладан бастап, Мысырмен шекарадағы Шурға дейін соғысып,
I Sa Kaz 15:8  Амалек патшасы Агагты тірілей қолға түсіріп, халқының біреуін де қалдырмай қырып тастады.
I Sa Kaz 15:9  Алайда Саул мен оның сарбаздары Агагты және ұсақ малдар мен мүйізді ірі қаралардың ең жақсыларын: бордақы тайынша, тоқтыларды, жалпы, малдың қоңдыларын аяп, жойғылары келмеді. Олар тек пайдасыз, арық-тұрақтарын ғана (Жаратқан Иеге бағыштап) құртты.
I Sa Kaz 15:10  Сонда Жаратқан Ие Самуилге сөзін арнап:
I Sa Kaz 15:11  «Саулды патша етіп тағайындағанымнан қайтамын. Себебі ол Менен теріс айналып, бұйрықтарымды орындамады», — деді. Ал Самуил қатты ренжіп, түні бойы Жаратқан Иеге жалбарына сиынып шықты.
I Sa Kaz 15:12  Ертеңіне ол ерте тұрып, Саулмен кездесу үшін жолға шыққанда «Саул Кәрмел қаласына барып, сонда өзінің құрметіне ескерткіш орнатып, әрі қарай Ғылғалға кетті», — дегенді естіді.
I Sa Kaz 15:13  Самуил Саулға жолыққанда, ол амандасып:— Сізді Жаратқан Ие жарылқай берсін! Оның бұйрығын орындап шықтым, — деді.
I Sa Kaz 15:14  Самуил:— Менің құлағыма қойдың маңырауы мен сиырдың мөңіреуі шалынып тұр ғой. Бұл қалай? — деп сұрағанда,
I Sa Kaz 15:15  Саул:— Олар Амалектен әкелінгендер. Жасақшылар ұсақ малдар мен мүйізді ірі қаралардың ең қоңдыларын аяп, Құдайыңыз Жаратқан Иеге құрбандыққа шалу үшін сақтап қалыпты. Ал басқаларын біз жойып жібердік, — деп жауап қайырды.
I Sa Kaz 15:16  Сонда Самуил:— Кідіре тұр, Жаратқан Иенің осы түнде маған нені білдіргенін саған айтып берейін! — деді. Саул:— Айта көріңіз, — дегенде,
I Sa Kaz 15:17  Самуил оған:— Өзіңді кішімін деп санап жүргеніңде Исраил руларының басына айналмап па едің? Сені Исраилдің патшасы етіп тағайындаған Жаратқан Иенің Өзі.
I Sa Kaz 15:18  Ол саған: «Барып, осы зұлым Амалекті (Маған бағыштап) толығымен құрт! Олармен соғысып, біржола жойғанша тоқтама!» деп бұйырып, сені жорыққа аттандырған еді.
I Sa Kaz 15:19  Неліктен сен Жаратқан Иені тыңдамай, олжаға бас салдың? Неге Жаратқан Иенің алдында сұмдық іс жасадың? — деді.
I Sa Kaz 15:20  Алайда Саул:— Жаратқан Иенің тілін алдым ғой! Мен Жаратқан Иенің жіберген жағына барып, Амалек патшасы Агагты осында алып келдім, оның халқын түгелдей қырып-жойдым.
I Sa Kaz 15:21  Ал жасағым болса, олар қолға түскен олжаның түгел жойылып кетуге белгіленіп қойылған ұсақ малдары мен мүйізді ірі қараларының ең жақсыларын осы Ғылғалда Құдайыңыз Жаратқан Иеге құрбандыққа шалуға алып келді, — деп қарсылық білдірді.
I Sa Kaz 15:22  Бірақ Самуилдің жауабы мынау болды:— Жаратқан Иеге шын ұнайтын —Құрбандық пен басқа сый-тарту ма,Әлде Оған мойынсұнып, тілін алу ма?!Мойынсұну Оған артық сый-тарту атаулыдан,Еркіне бағыну қошқар майынан ұнамды Оған!
I Sa Kaz 15:23  Құдайға бағынбау — ауыр күнә, сәуегейлік секілді,Қасарысу — сұмдық іс, жалған тәңірге табыну іспетті!Сен Жаратқан Иенің сөзінен бас тарттың, енді Ол да сені патша етуден бас тартты.
I Sa Kaz 15:24  Сонда Саул:— Мен Жаратқан Иенің бұйрығын және сіздің айтқандарыңызды орындамай күнә жасадым. Жасағымнан сескеніп, солардың айтқандарын істедім.
I Sa Kaz 15:25  Ал енді, күнәмді кешіріп, менімен бірге қайтыңыз. Мен Жаратқан Иеге ғибадат етейін, — деп өтінді.
I Sa Kaz 15:26  Бірақ Самуил:— Сенімен бірге қайтпаймын. Себебі сен Жаратқан Иенің сөзінен бас тарттың. Содан Жаратқан Ие сені патша етуден бас тартты, — деп,
I Sa Kaz 15:27  кетпекші болып бұрылды. Сонда Саул оның ұзын шапанының етегіне шап ете жармасып, жыртып, бір бөлігін жұлып алды.
I Sa Kaz 15:28  Сонда Самуил:— Жаратқан Ие бүгін сенен патшалық билікті жұлып алып, замандастарыңның біреуіне берді! Сол адам сенен жақсы.
I Sa Kaz 15:29  Исраилдің ұлы Құдайы сөзіне адал, айтқанында тұрады. Ол ойын өзгерте беретін пенде сияқты емес, — деді. Саул:
I Sa Kaz 15:30  — Мен күнә жасадым. Алайда мені халқымның рубасыларының көзінше әрі бүкіл Исраилдің көзінше құрметтей көріңіз! Екеуіміз бірге оралайық. Сонда Құдайыңыз — Жаратқан Иеге ғибадат етемін, — деп жауап берді.
I Sa Kaz 15:31  Соңында Самуил онымен бірге кетіп, Саул Жаратқан Иеге ғибадат етті.
I Sa Kaz 15:32  Содан кейін Самуил: «Маған Амалек патшасы Агагты алып келіңдер!» — деп бұйырды. Агаг Самуилге кібіртіктеп жақындап:— Ажалдың ащылығынан құтылған шығармын, — деді.
I Sa Kaz 15:33  Ал Самуил оған:— Сен семсеріңмен аналарын балаларынан айырған едің. Ендеше сенің анаң да әйелдердің арасында баласыз қалсын! — деді. Содан Самуил Агагты Ғылғалда Құдайдың (құрбандық орнының) алдында шауып өлтірді.
I Sa Kaz 15:34  Мұнан кейін Самуил Рамаққа қайта оралды, ал Саул «Саулдың Гибеясы» деп аталған өз қаласындағы сарайына кетті.
I Sa Kaz 15:35  Бұдан былай Самуил өле-өлгенше Саулмен кездеспеді. Бірақ ол Саул үшін қайғырып оны жоқтап жүрді. Ал Жаратқан Ие Саулды Исраилдің патшасы етіп тағайындағанынан біржола бас тартқан еді.