Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
I SAMUEL
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 2
I Sa Kaz 2:1  Ханна былай деп сиынды:Жаратқанға шын жүректен шаттанамын,Иемнен мол күш пен абырой алғанмын,Дұшпандарыма жауап қата аламын,Мені құтқарғаныңа қатты қуанамын!
I Sa Kaz 2:2  Ешкім жоқ Жаратқан Иедей қасиетті,Жоқ Сенен өзге ешбір тәңір шынайы,Берік қорған да жоқ Құдайымыз сияқты!
I Sa Kaz 2:3  Пенделер, тағы да паңдана мақтанбаңдар,Ауыздарыңнан тәкаппар сөз шығармаңдар!Себебі Тәңір Ие бәрін біліп тұрады,Құдай істеріңе әділ үкім шығарады!
I Sa Kaz 2:4  Мықтының садақтары сындырылады,Ал әлсіз жан зор күшке ие болады.
I Sa Kaz 2:5  Тоқ болғандар енді нанға жалданады,Ал ашыққандар ішіп-жеп тойынады.Бала көтермеген жетеуін туады,Ал көп ұлды ана баладан қалады.
I Sa Kaz 2:6  Ием жанды алады әрі тірілтеді,Көрге түсіріп, одан алып та шығады.
I Sa Kaz 2:7  Жаратқан не кедей, не бай да етеді,Не төмендетіп, не жоғарылатады,
I Sa Kaz 2:8  Ол жарлыны күл-топырақтан көтереді,Мүсәпірді мүшкіл күйінен құтқарады,Әміршімен бірге төрге отырғызады,Сыйлы орынды оған мұралыққа береді.Себебі жердің негізі — Жаратқанның меншігі,Ол үстіне орнатқан бүкіл дүниені.
I Sa Kaz 2:9  Ием Өзіне бағышталғанды қорғап күзетеді,Ал зұлымдар қара түнекте өледі,Пенде өз күшімен жеңіске жетпейді.
I Sa Kaz 2:10  Жаратқан Ие қарсыластарын шайқалтады,Көктен күн күркіретіп қарсы шығады.Иеміз жер жүзіне үкім шығарады,Ол өз халқының патшасына күш сыйлайды,Тағайындаған сол басшысын қуаттайды.
I Sa Kaz 2:11  Осыдан кейін Елқанах үй ішімен Рамаққа қайта оралды. Ал баласы Самуил діни қызметкер Елидің қарамағында Жаратқан Иеге қызмет ететін болып Шилода қалды.
I Sa Kaz 2:12  Бірақ Елидің ұлдары арсыз болатын. Олар Жаратқан Иеге мойынсұнбайтын
I Sa Kaz 2:13  әрі діни қызметкер ретіндегі міндеттерін халықтың алдында жөндеп атқармайтын. Біреу Құдайға арнап құрбандық шалғанда, олар қазандағы ет піспей жатып бір қызметшісін арнайы үш тісті шанышқысымен жіберетін.
I Sa Kaz 2:14  Қызметші шанышқыны қазандағы әр түрлі етке сұғып, ілінгеннің барлығын діни қызметкердің үлесі деп алып кететін. Шилоға келген күллі исраилдіктерге де Елидің ұлдары осылай істейтін.
I Sa Kaz 2:15  Тіпті құрбандықтың Құдайға арналған майлы бөліктері ажыратылып, өртелмей жатып-ақ олардың қызметшісі келіп:— Діни қызметкерге қуыруға шикі ет кесіп бер, ол сенен піскен етті емес, тек шикі етті ғана алады, — дейтін.
I Sa Kaz 2:16  Егер әлгі адам:— Олар алдымен (Құдайға арналған) майлы бөліктерді өртеп ұсынсын, содан кейін қалағаныңызды — деп келіспей қалса, қызметші:— Жоқ, етті дереу бер, әйтпесе күшпен тартып аламын, — дейтін.
I Sa Kaz 2:17  Осылайша сол жігіттер Жаратқан Иеге арналған құрбандықтарды қорлағандықтан, Оның алдындағы күнәлары тым ауыр болатын.
I Sa Kaz 2:18  Ал Самуил Жаратқан Иенің алдында қызмет етіп, өзі өте жас болса да (діни қызметкердікіндей) бәтестен тігілген жеңсіз сырт киім киіп жүрді.
I Sa Kaz 2:19  Анасы оған жыл сайын жаңадан кішкене сырт көйлек тігіп, оны күйеуімен бірге сол жылғы құрбандықты шалу үшін Шилоға өрлеп барғанда ала келетін.
I Sa Kaz 2:20  Сонда Ели Елқанах пен Ханнаға батасын беріп: «Әйеліңнің Жаратқан Иеден сұрап алып, Оған бағыштаған баласының орнына Ол саған осы әйелден көп ұл-қыз сыйлай көрсін!» — дейтін. Бұдан кейін екеуі үйлеріне қайтатын.
I Sa Kaz 2:21  Содан Жаратқан Ие Ханнаны жарылқап, оны тағы үш ұл, екі қызға ана етті. Ал Самуил Жаратқан Иенің көз алдында есейіп өсіп жатты.
I Sa Kaz 2:22  Ели сол кезде жасы ұлғайып қартайған еді. Ол ұлдарының исраилдіктерге не істегендерін, олардың тіпті кездесу шатырының кіреберісінде қызмет атқаратын әйелдермен жасаған азғындықтары туралы да естіді.
I Sa Kaz 2:23  Оларға былай деп ескертті: «Неге сендер сондай сұмдық қылықтармен айналысып жүрсіңдер? Жұрттың бәрінен сендер туралы жаман сөздер естіп жүрмін.
I Sa Kaz 2:24  Балаларым, қойыңдар! Жаратқан Иенің халқының арасына тарап жатқан осы әңгіме жақсы әңгіме емес.
I Sa Kaz 2:25  Егер бір адам басқа біреудің алдында кінәлі болып қалса, онда Құдай тағайындаған билер екеуінің арасында жүріп, оның сөзін сөйлей алады. Ал егер ол Жаратқан Иенің Өзіне қарсы күнә жасаса, онда сол пенденің сөзін кім сөйлейді?»Әйтсе де ұлдары Елидің айтқанына құлақ аспады. Өйткені Жаратқан Ие оларды өлімге бұйырып қойған болатын.
I Sa Kaz 2:26  Ал жасөспірім Самуил Жаратқан Иеге де, адамдарға да ұнамдылығы арта түсіп, өсіп келе жатты.
I Sa Kaz 2:27  Бір күні Құдайдың жіберген адамы Елиге келіп, Оның хабарын жеткізіп былай деді: «Жаратқан Ие мынаны айтады: Сенің арғы атаң Һарон мен оның отбасы Мысырда перғауынның қол астында жүрген кезде-ақ Мен оларға Өзімнің кім екенімді аян еттім.
I Sa Kaz 2:28  Исраилдің барлық руларының ішінен арғы атаңды Менің діни қызметкерім болуға таңдап алдым. Оны Маған бағышталып шалынған құрбандықтарды арнайы үстелде өртеуге, хош иісті заттарды түтетуге және алдымда жеңсіз сырт киімді киіп жүруге тағайындадым. Сонда Мен арғы атаң Һароннан тараған сендерге исраилдіктердің Маған арнап өртейтін барлық құрбандықтарынан тиісті үлестерін белгілеп қойған жоқ па едім?
I Sa Kaz 2:29  Ал енді, Менің жер бетіндегі тұрағыма әкеліп ұсынуға өсиеттеген құрбандықтарым мен сый-тартуларыма сендер неге ашкөздікпен қарап, оларды қорлайсыңдар? Неге сен ұлдарыңды Менен артық көресің? Халқым Исраилдің Маған арнап шалған құрбандықтарының ең жақсы бөліктерін алып, тойып жеп, семіресіңдер!
I Sa Kaz 2:30  Сондықтан да Исраилдің Құдайы — Жаратқан Ие мынаны айтады: Бұрын Мен өзіңнің ұрпақтарыңды және әкеңнің басқа да үрім-бұтағын мәңгі бақи діни қызметкерлерім болуға бұйырған едім. Бірақ қазір Мен, Жаратқан Ие, былай деп шештім: Енді бұлай болмайды! Себебі Мені сыйлағандарды Мен де сыйлаймын, ал Мені менсінбегендер масқара болады.
I Sa Kaz 2:31  Біліп қой, болашақта Мен өзіңнің де, әкеңнің де ұрпақтарының жасын ұлғайтпай, жас кездерінде-ақ өлімге душар етемін.
I Sa Kaz 2:32  Жер бетіндегі тұрағымның қайғылы жағдайға ұшырауына куә боласың. Мен басқа исраилдіктерге игілік сыйлағанда, сендердің үй іштеріңде бірде-бір қария қалмайды.
I Sa Kaz 2:33  Егер Мен бір адамыңа құрбандық үстелімнің алдында қызмет етуге жол берсем, сол туралы да көздің жасын көл етіп, қатты қайғыратын боласыңдар. Ұрпақтарыңның бәрі де дүниеден ерте кетпек.
I Sa Kaz 2:34  Сенің ұлдарың Опни мен Пінехес екеуі бір-ақ күнде өледі. Бұл саған айтылғанның бәрінің түгелдей жүзеге асатынын білдіретін белгі болмақ.
I Sa Kaz 2:35  Содан кейін Мен қызметін адал орындайтын өзге бір діни қызметкерді белгілеймін. Ол Менің еркіме сай әрекет жасап, міндетін Өзім тағайындайтын патшаның алдында атқаратын болады. Мен оның әулетін діни қызметкерлерім болуға бекітемін.
I Sa Kaz 2:36  Ал өзіңнің ұрпақтарыңнан тірі қалған әркім соған барып, бір күміс теңге немесе бір кесек нан сұрап келіп: «Өтінемін, нанымды тауып жей алуым үшін маған діни қызметкер атқаратын кез келген жұмысты тапсыра көріңізші!» деп жалынатын болады».