Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
I SAMUEL
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 17
I Sa Kaz 17:1  Біраз уақыттан кейін філістірлер өздерінің жасақтарын соғысқа жинады. Олар Яһуда руының жеріндегі Сохо қаласының маңайында бас қосып, Сохо мен Әзеканың арасындағы Епес-Даммимға қостарын тікті.
I Sa Kaz 17:2  Сонда Саул және Исраилдің ер адамдары Емен аңғарында жиналып, сап түзеп, шайқасқа дайындалды.
I Sa Kaz 17:3  Філістірлер бір төбенің, исраилдіктер екінші төбенің беткейінде тұрып, араларында аңғар жатты.
I Sa Kaz 17:4  Сонда філістірлер жағынан жекпе-жек шайқасқа бір жауынгер шықты. Ол Ғат қаласынан келген, есімі Ғолият, бойы алты жарым шынтақ болатын алып еді.
I Sa Kaz 17:5  Басына қоладан жасалған дулыға, үстіне қабыршақ тәрізді жасалған қола сауыт киіп алған екен. Сауыттың салмағы үш жарым пұт шамасында болатын.
I Sa Kaz 17:6  Алып аяқтарына қола тізеқап, ал арқасына қола найза таңыпты.
I Sa Kaz 17:7  Оның сүңгісінің ағаш сабы бақандай жуан, ал соның темір ұшының салмағы жарты пұттай болатын. Алыптың алдынан үлкен қалқанын көтерген нөкері жүріп отырды.
I Sa Kaz 17:8  Ғолият тұрып, Исраилдің сапта тұрған жасақшыларына дауыстап айқайлап: «Сендер неге сап түзеп тұрсыңдар? Мен філістірмін! Ал сендер Саулдың қызметшілері ғана емессіңдер ме? Ендеше араларыңнан біреуді таңдап алыңдар, ол қасыма келсін!
I Sa Kaz 17:9  Егер ол менімен шайқасып, көзімді құртса, онда біз сендердің құлдарыңа айналамыз. Ал егер мен оны жеңіп, өлтірсем, онда сендер бізге құл болып, қызмет етесіңдер! — деп жекпе-жекке шақырды.
I Sa Kaz 17:10  Сол філістір тағы да: — Мен бүкіл Исраил жасағының саптарын масқаралап тұрмын: менімен сайысқа түсетін бір адамды жіберіңдерші!» — деп айқай салды.
I Sa Kaz 17:11  Осыны естіген Саул мен Исраилдің күллі жасақшылары абыржып, қатты қорықты.
I Sa Kaz 17:12  Дәуіт (те мұны естіді. Ол) Яһуда руының Бетлехем қаласында тұратын ефраталық Есейдің ұлы болатын. Сегіз ұлы бар Есейдің өзі Саул патшалық құрған кезде жасы ұлғайып қартайған шақта еді.
I Sa Kaz 17:13  Оның үлкен үш ұлы Елияп, Әбінадап, Шаммах Саулға еріп соғысқа шыққан болатын.
I Sa Kaz 17:14  Дәуіт Есейдің кенже ұлы еді. Оның үш ағасы Саулдың жасағында жүргенде,
I Sa Kaz 17:15  Дәуіт Бетлехемде әкесінің қойларын бағып, Саулдың жасақ қосына барып-келіп жүретін.
I Sa Kaz 17:16  Әлгі філістір қырық күн бойы таңертең және кеш сайын алға шығып, өзін көрсетіп тұрды.
I Sa Kaz 17:17  Бірде Есей Дәуітті тағы да жұмсап: «Балам, мына жарты қап қуырылған бидай мен он таба нанды ал да, тездетіп әскердің қосындағы ағаларыңа апар.
I Sa Kaz 17:18  Мына он ірімшікті олардың мыңбасына бер. Ағаларыңның хал-жағдайлары мен мұқтаждарын біліп қайт.
I Sa Kaz 17:19  Олар қазір Исраилдің күллі ер азаматтарымен бірге Саулға еріп Емен аңғарында філістірлерге қарсы соғысып жатыр ғой!» — деп тапсырды.
I Sa Kaz 17:20  Дәуіт таңертең ертемен тұрып, қойларын бір күзетшіге қалдырды. Содан жүгін артып, әкесінің тапсыруымен жолға шықты. Дәуіт әскердің қосына келгенде, олар атой салып, ұрыс даласына шығып бара жатыр екен.
I Sa Kaz 17:21  Исраилдіктер мен філістірлердің әскерлері бір-біріне қарсы сап түзеді.
I Sa Kaz 17:22  Дәуіт әкелген азық-түлігін әскердің жарағын күзететін адамның қарауына тапсырып, сапта тұрған ағаларына жүгіріп барып, амандық сұрай бастады.
I Sa Kaz 17:23  Дәуіт олармен сөйлесіп тұрған кезде, жекпе-жек шайқасушы ғаттық філістір жауынгері Ғолият жау сапынан шықты да, бұрынғы сөздерін қайталап айқайлай бастады. Дәуіт те мұны естіп тұрды.
I Sa Kaz 17:24  Исраилдің күллі жасақшылары алыпты көре салысымен қатты қорқып, шегіне бастады.
I Sa Kaz 17:25  Олар өзара: «Мына адамды көріп тұрсыңдар ғой. Қап, әттеген-ай, ол Исраилді масқаралау үшін алға шығып жүр! Оны біреу өлтірсе, патшамыз соған зор байлық сыйлайды. Сондай-ақ, оған өз қызын беріп, бүкіл әулетін де алым-салықтан босатады!» — десті.
I Sa Kaz 17:26  Дәуіт қасында тұрғандарға:— Мына філістірдің көзін құртып, Исраилдің көріп отырған масқарасын тоқтатқан адамға не берілмек дедіңдер? Бұл құдайсыз філістір мәңгі тірі Құдайдың әскер саптарын масқаралайтындай кім еді, сонша?! — деді.
I Sa Kaz 17:27  Олар:— Оның көзін құртқанға мынадай жүлде сыйланбақ, — деп, манағы сөздерін қайталап айтып берді.
I Sa Kaz 17:28  Бірақ үлкен ағасы Елияп Дәуіттің сарбаздармен сөйлесіп жатқанын көріп, ашуы кернеп:— Несіне мұнда жетіп келдің? Ана азғантай қойды айдалада кіммен қалдырдың? Сенің өркөкіректігіңді әрі жүрегіңнің зұлымдығын білемін! Мұнда тек шайқасты көру үшін келдің ғой! — деп зекіді.
I Sa Kaz 17:29  Дәуіт:— Бір-екі ауыз сөз айтқаннан басқа мен соншама не істеп қойдым! — деп жауап берді.
I Sa Kaz 17:30  Содан ол ағасынан бұрылып кетіп, басқа адамға да сол сұрақты қойған еді. Оның да жауабы сондай болды.
I Sa Kaz 17:31  Естігендер Дәуіттің айтқандарын Саулға жеткізді. Патша оны өзіне шақыртып алғанда,
I Sa Kaz 17:32  Дәуіт:— Тақсыр, ешкім сол філістірден қорықпай-ақ қойсын. Алдыңыздағы қызметшіңіз барып, онымен шайқасуға дайын, — деді.
I Sa Kaz 17:33  Бірақ Саул:— Сен бұл філістірге қарсы жекпе-жекке шыға алмайсың! Әлі жассың, ал ол — бала кезінен-ақ соғысқа машықтанған жауынгер! — деп ескертті.
I Sa Kaz 17:34  Сонда Дәуіт оған былай деді:— Тақсыр, алдыңыздағы қызметшіңіз әкесінің қойларын бағып келеді. Кейде арыстан не аю қойға шауып, малдың біреуін ала қашатын кездері болды.
I Sa Kaz 17:35  Сонда оны қуып жетіп, соғып, малды аранынан тартып алатынмын. Егер өзіме бас салса, оның сабалақ жүнінен шап беріп, ұстап алып, ұрып өлтіретінмін.
I Sa Kaz 17:36  Қызметшіңіз арыстан мен аюдың көзін құртып келді. Енді мына құдайсыз філістір де солардың кебінін киетін болады. Себебі ол мәңгі тірі Құдайдың әскер саптарын масқаралап тұр! —
I Sa Kaz 17:37  Бұған ол: — Мені арыстан мен аюдың шеңгелінен құтқарып алған Жаратқан Ие мына філістірден де қорғайтын болады, — деп қосты. Саул мақұлдап:— Онда бар, Жаратқан Ие саған жар болсын! — деді.
I Sa Kaz 17:38  Патша Дәуітке өзінің сырт киімін, басына қола дулығасын, үстіне сауытын кигізді.
I Sa Kaz 17:39  Дәуіт патшаның семсерін де тағып алып, қару-жарағымен олай-бұлай жүріп көруге тырысқан еді. Бірақ ол үйренбегендіктен Саулға: «Мыналарды киіп жүре алмаймын. Бұған үйренген емеспін», — деп шешіп тастады.
I Sa Kaz 17:40  Дәуіт таяғын қолына алып, жылғаның түбінен бес жұмыр кесек тас теріп, дорбасының сырт қалтасына салып алды. Содан ол қолына сақпанын ұстап, філістірге қарай беттеді.
I Sa Kaz 17:41  Філістір де Дәуітке қарай жақындап келе жатты. Оның алдында нөкері үлкен қалқанын көтеріп жүрді.
I Sa Kaz 17:42  Філістір Дәуітке қарап, оның беті албыраған, сымбатты жас жігіт екенін көрді. Оны менсінбей:
I Sa Kaz 17:43  — Маған таяқпен шығатындай ит пе едім, сонша?! — деп айқайлады. Өзінің табынатын тәңірлерінің аттарымен қарғап-сілеп:
I Sa Kaz 17:44  — Кәне, маған жақындап көрші! Етіңді жыртқыш құс пен аңға жемтік қылып берейін! — деп шақырды.
I Sa Kaz 17:45  Дәуіт оған былай деп жауап қайырды:— Сен маған қарсы семсер, сүңгі, найзамен келесің. Ал мен саған Әлемнің Иесінің атымен, иә, өзің масқаралап отырған исраилдік әскери саптарының Құдайының атымен келе жатырмын!
I Sa Kaz 17:46  Бүгін Жаратқан Ие сені қолыма түсіреді. Сені өлтіріп, басыңды шауып тастаймын, әрі філістір әскерінің өліктерін жыртқыш құс пен аңға жемтік қылып беремін. Сонда бүкіл әлем Исраилде (шынайы) Құдайдың бар екенін білетін болады!
I Sa Kaz 17:47  Мұнда жиналғандардың бәрі де Жаратқан Иенің құтқару үшін семсер мен сүңгіні керек қылмайтынына көз жеткізетін болады! Себебі бұл соғысты Жаратқан Иенің Өзі жүргізіп, сендерді біздің қолымызға тапсырады!
I Sa Kaz 17:48  Сонда філістір алға жүріп, Дәуітке таман жақындап келді. Дәуіт оған қарсы, філістір сапына қарай жүгіріп барды да,
I Sa Kaz 17:49  дорбасынан бір тасты суырып алып, сақпанына салып, атып жіберді. Тас філістірдің маңдайына дәл тиіп, оны тесіп, кіріп кетті.
I Sa Kaz 17:50  Осылай Дәуіт філістірді тек сақпан және кесек таспен ғана жеңіп шықты. Қолында тіпті семсері болмаса да, оны ұрып өлтірді.
I Sa Kaz 17:51  Дәуіт құлап жатқан Ғолияттың қасына келіп, оның семсерін қынабынан суырып алып, басын шауып тастады. Сонда філістір жауынгерлері өздерінің батырының өлгенін көріп, қаша жөнелді.
I Sa Kaz 17:52  Исраил мен Яһуданың адамдары тұра көтеріліп, атойлап, оларды аңғардың кірер жағына және Әкронның қақпаларына дейін қуып тастады. Көптеген філістірлер Шағараимнан Ғат пен Әкронға дейінгі жолда жарақаттанып құлап, өліп жатты.
I Sa Kaz 17:53  Исраилдіктер філістірлерді қуып тастап, қайтып оралғанда олардың әскер қостарын олжалады.
I Sa Kaz 17:54  Дәуіт кейін Ғолияттың басын Иерусалимге алып барды, ал қару-жарағын өзінің шатырында сақтап қойды.
I Sa Kaz 17:55  Дәуіттің філістірге қарсы шыққанын бақылап тұрған Саул қолбасшысынан:— Әбенир, мына жас жігіт кімнің баласы? — деп сұраған болатын. Әбенир:— Патшам, нағыз шындықты айтайын: бұл туралы тіпті білмейді екенмін! — деп жауап бергенде,
I Sa Kaz 17:56  патша:— Онда сен кімнің баласы екенін сұрап біліп кел! — деп бұйырған еді.
I Sa Kaz 17:57  Осылай Дәуіт філістірді жеңіп, жасақ қосына қайтып келісімен Әбенир оны Саулдың алдына алып келді. Ол қолында філістірдің басын әлі де ұстап жүрді.
I Sa Kaz 17:58  Саул:— Жігітім, кімнің баласысың? — деп сұрады. Дәуіт:— Тақсыр, бетлехемдік қызметшіңіз Есейдің ұлымын, — деп жауап берді.