Site uses cookies to provide basic functionality.

OK
II CHRONICLES
Prev Up Next Toggle notes
Chapter 31
II C Kaz 31:1  Мейрам біткеннен кейін оған қатысқан исраилдіктердің барлығы Яһуданың қалаларына барып, олардағы жалған тәңірлерге бағышталған тас мүсіндерді қиратып, Ашераға арналған ағаш бағаналарды шауып тастап, биіктеу жерлердегі табыну орындарын және құрбандық үстелдерін талқандады. Олар Яһуда мен Бунямин руларының жерлерінің бәрінде әрі Ефрем мен Манаса руларының жерлерінде сол табыну орындарын түгелімен жойып тастады. Бұдан кейін исраилдіктер өз қалалары мен үй-жайларына қайтты.
II C Kaz 31:2  Бұдан кейін Езекия діни қызметкерлер мен леуіліктердің атқаратын міндеттеріне сәйкес кезектерін белгіледі. Олар шалынып, түгелдей өртелетін құрбандықтар мен ризашылық құрбандықтарын ұсынып, Жаратқан Иенің жер бетіндегі тұрағының қақпаларының қасында қызмет етіп, шүкірлік айтып, мадақтау әндерін шырқауға тиіс болды.
II C Kaz 31:3  Патша күн сайын азанда және кешке шалынып, өртелетін құрбандықтар үшін, сондай-ақ демалыс күндері, әр айдың алғашқы күніндегі мейрамда және Жаратқан Иенің Таурат заңында белгіленген басқа да мейрамдарда шалынып, өртелетін арнайы құрбандықтар үшін де өзінің отарлары мен табындарынан мал бөліп қойды.
II C Kaz 31:4  Патша Иерусалимнің халқына сый-тартулардың діни қызметкерлер мен леуіліктерге тиісті бөліктерін әрдайым беріп тұруға жарлық шығарды. Осылай діни қызметкерлер мен леуіліктер бар ынтасын Жаратқан Иенің Таурат заңын үйретіп, орындауға арнайтын болды.
II C Kaz 31:5  Осы жарлық шыға салысымен, исраилдіктер астықтың, жүзім шырыны мен зәйтүн майының және балдың, жалпы, жердің барлық өнімдерінің алғашқы бөліктерін жомарттықпен алып келе бастады. Сонымен қатар олар қолдарында бардың оннан бір бөлігін де ағыл-тегіл мол етіп ұсынды.
II C Kaz 31:6  Яһудалықтар және Солтүстік Исраилден Яһуда еліне көшіп келіп, Яһуданың өзге қалаларында тұрып жатқандар мүйізді ірі қаралары мен ұсақ малдарының оннан бірін айдап әкелді, әрі өздерінің Құдайы Жаратқан Иеге арнап қойғандарының да оннан бір бөлігін ұсынып, үйіп-төгіп тастады.
II C Kaz 31:7  Олар сый-тартуларын әкелуді мамыр айында бастап, қыркүйекте бір-ақ аяқтады.
II C Kaz 31:8  Езекия патша мен оның әміршілері келіп, үйіліп-төгілген сый-тартуларды көргенде, Жаратқан Иеге шүкірлік етіп, Оның халқы Исраилге алғыс айтып, ақ бата берді.
II C Kaz 31:9  Езекия діни қызметкерлер мен леуіліктерден осы мол тартулар туралы сұрастырғанда,
II C Kaz 31:10  Садықтан тараған бас діни қызметкер Азариях былай деп жауап берді: «Халық Жаратқан Иенің киелі үйіне сый-тартуларын алып келе бастағалы біз жейтін тамақтан таршылық көрген жоқпыз, тіпті қор жинауға да жететін болды. Жаратқан Ие Өзінің халқын молынан жарылқағандықтан азық-түлік қоры ағыл-тегіл!» — деді.
II C Kaz 31:11  Сонда Езекия Жаратқан Иенің ғибадатханасында қойма бөлмелерін дайындауға бұйрық беріп, онысы дереу орындалды.
II C Kaz 31:12  Осы қоймаларға сый-тартулар, өнімнің оннан бір бөлігі және Жаратқан Иеге бағышталған басқа да сый-тартулар түгелдей апарылып қойылды. Леуілік Қонаниях қойма меңгерушісі, ал інісі Шимей орынбасары болып тағайындалды.
II C Kaz 31:13  Езекия патша мен Құдайдың киелі үйінің басқарушысы Азарияхтың тапсыруымен Қонаниях пен інісі Шимейдің қол астында Ехиел, Азазиях, Нахат, Асахил, Еримот, Жозабад, Елиел, Исмақиях, Махат және Бенаях бақылаушылар ретінде қызмет ете бастады.
II C Kaz 31:14  Ғибадатхананың шығыс қақпасының күзетшісі, леуілік Ымна ұлы Қоре, Құдайға арналған ерікті сый-тартуларды басқарушы болды. Ол Жаратқан Иеге ұсынылған тартуларды және Оған бағышталған өзге де арнаулы сый-тартуларды үлестіруге жауапты еді.
II C Kaz 31:15  Ғаден, Міниәмін, Ешуа, Шемаях, Әмариях пен Шеханиях оның қарауында болып, діни қызметкерлерге белгіленген қалалардағы леуіліктер мен діни қызметкерлерге тиесілі үлестерін топтары бойынша бөлуде Қореге адалдықпен көмектесіп жүрді. Оларды сол кісілердің жасына қарамай, үлкен-кішісіне тең етіп тарататын.
II C Kaz 31:16  Сонымен қатар олар ата-тек шежірелерінде тіркелген үш жастан асқан еркек кіндікті леуіліктер: Жаратқан Иенің киелі үйіне кіріп, өздерінің міндеті мен тобына сай ондағы күнделікті жұмыстарды атқаруға тиістілердің барлығы да — үлестерін алатын болды.
II C Kaz 31:17  Сондай-ақ, діни қызметкерлерге де олардың ата-тегі мен шежірелері бойынша, әрі жасы жиырмаға толған не одан асқан леуіліктерге де қызметтері мен топтарына сәйкес тиесілі бөліктері үлестірілді.
II C Kaz 31:18  Аты-жөндері шежірелерде тіркелген барлық леуіліктердің нәрестелері, әйелдері мен ұл-қыздарына да үлес тиетін болды. Бұл, леуіліктердің өздерін киелі үйде Құдайға қызмет етуге әрдайым адалдықпен бағыштап, тазару рәсімінен өтулері үшін істелді.
II C Kaz 31:19  Һароннан тараған діни қызметкерлердің бірқатары өздеріне белгіленген қалалардың айналасындағы ауылдық жерлерде және өзге қалаларда тұрып жатқан болатын. Үлестің тиісті бөлігін оларға тарату үшін кейбір адамдар есімдері аталып тағайындалды. Осылайша сол жерлердегі діни қызметкер отбасыларының барлық еркек кіндіктілері және аты-жөндері Леуі руының шежірелерінде тіркелгендердің бәрі өздеріне тиісті бөліктерді алып отырды.
II C Kaz 31:20  Езекия патшаның Яһуда елінде жасаған істері, міне, осындай. Оның іс-әрекеті өзінің сиынатын Құдайы Жаратқан Иенің алдында игілікті, әділ де адал болды.
II C Kaz 31:21  Құдайдың киелі үйіндегі қызмет болсын, Таурат заңы мен оның ережелеріне бағыну болсын, не істесе де, Езекия шын жүректен атқарып, Құдайға мойынсұнды. Осылайша ол табысқа кенелді.